Жақында бостандыққа шыққан актер Асқар Жұмабек желіде жаңа фотолар жариялап, елдің қызу талқысын туд...
Тоқаев: «Қазақ тілін үйренгісі келетіндерге жағдай жасау – азаматтық парызымыз»
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді дамыту, қазақ тілін үйренуге ниетті азаматтарға қолдау көрсету және заманауи оқыту әдістерін енгізу мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы қазақ тілінің ел бірлігін нығайтудағы маңызын атап өтіп, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге қосып жүрген үлесіне ерекше назар аударды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Президент қазақ тілін Қазақстан халқын біріктіретін маңызды құндылық ретінде атады. Сондай-ақ мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің еңбегін ерекше бағалау керектігін айтты. Олардың қатарында қазақ тілін үйрететін мамандар мен әлеуметтік желіде мемлекеттік тілді насихаттап жүрген азаматтар бар.
«Қазақ тілі ұлт бірлігінің мызғымас тұғыры саналады. Осы орайда, мен мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлттардың өкілдерін айрықша атап өткім келеді. Олардың арасында қазақ тілін үйретумен айналысатын білікті мамандар бар.
Әлеуметтік желі арқылы тілімізді дәріптеп жүрген азаматтар да аз емес. Мұндай адамдар тіліміздің дамуына үн қосып, оның жарқын келешегін нақты іспен жасап жатыр. Солардың еңбегін біз сыйластықпен, ризашылықпен қабылдауымыз керек».
Мемлекет басшысы соңғы жылдары мемлекеттік тілді меңгеруге қызығушылық танытып жүрген адамдардың қатары артып келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, тіл үйренуге ниетті азаматтарға қолайлы мүмкіндік жасау – қоғамның ортақ міндеті.
«Жалпы, соңғы жылдары мемлекеттік тілді меңгергісі келетін адамдардың қатары көбейіп жатыр. Оларға барынша жағдай жасау – біздің азаматтық парызымыз».
Президент қазақ тілін меңгеру үдерісін жеңілдету үшін заманауи әдістемелерді әзірлеу қажеттігін атап өтті. Әсіресе цифрлық оқу құралдарына басымдық беру маңызды.
Бұл – қазақ тілін тек дәстүрлі сабақ арқылы емес, мобильді қосымшалар, онлайн платформалар және басқа да технологиялық мүмкіндіктер арқылы үйренуге жағдай жасау деген сөз. Мұндай құралдар тіл үйренушілерге уақыт пен орынды өздері таңдауға мүмкіндік береді.
«Қазақ тілін тез әрі оңай үйренуге мүмкіндік беретін озық әдістемелер, соның ішінде цифрлық оқу құралдарын әзірлеу қажет».
Мемлекет басшысы қазақ тілін оқыту мәселесін дамыту үшін тіл мамандары мен ақпараттық технология саласының өкілдері бірлесе жұмыс істеуі керектігін айтты.
«Жалпы, бұл мәселе қоғамда жиі айтылып жүр. Осы жұмысқа тіл мамандарын, ақпараттық технология саласының өкілдерін жұмылдырған жөн».
Мемлекеттік тілді білетін азамат Қазақстанның рухани құндылықтарымен жақынырақ танысып, елдің мәдени мұрасын жақсырақ түсіне алады. Осы арқылы тілдің қоғамдағы біріктіруші рөлі де арта түседі.
«Қазақ тілін білетін адам қазақ халқын, жалпы Қазақстанды танып-біледі. Тілді меңгерген әрбір азамат еліміздің тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінеді».