«Қылтима, желкөз, үнқағаз»: Тоқаев қазақша аудармаларды сынға алды

Ақорда

ЖАҢАЛЫҚТАР
14

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында кейбір сөздердің қазақ тіліне жасанды түрде аударылуына қатысты пікір білдірді. Президент тілге жаңа сөздер енгізуде шектен шықпау керектігін айтып, бұл мәселеге кәсіби мамандардың араласуы қажет екенін жеткізді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Президент қазақ тілінің өзге іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда тазалығын сақтап қалғанын атап өтті. Оның айтуынша, кейінгі жылдары бұрын сирек қолданылған немесе мүлде пайдаланылмаған көптеген қазақша сөз күнделікті қолданысқа енген.

Атап айтқанда, «тұжырымдама», «қағидат», «сыйақы», «шәкіртақы», «еңбек өтілі», «жанармай», «ғаламтор», «тікұшақ», «пайыз», «сынып» секілді сөздердің кең таралуын оң өзгеріс деп бағалады.

Алайда Мемлекет басшысы кейбір аудармалардың қаншалықты қажет екеніне күмән келтірді.

«Бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, «күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)» және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент дінге қатысты сөздердің қолданысына да тоқталды. Оның пікірінше, соңғы уақытта қазақ тіліндегі көне діни ұғымдардың орнына араб сөздерін жиі қолдану үрдісі байқалады.

«Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнын араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар», – деді ол.

Мемлекет басшысы бұл мәселелерді кәсіби тіл мамандары мен ғалымдар жан-жақты талқылауы керектігін айтты. Сондай-ақ тіл ғылымына қатысты баршаға қолжетімді әмбебап цифрлық жүйе әзірлеудің маңызын атап өтті.

Осы мақсатта Президент кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар және қоғам өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды.

«Бұл міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құрған жөн деп санаймын. Жұмыс тобының қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді дамыту, қазақ тілін үйренуге ниетті азаматтарға қолд...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында м...