Тоқаев: Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс

Фото: Ақорда

ЖАҢАЛЫҚТАР
67

Қазақстан президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс. Бұл туралы Республика күніне орай ұйымдастырылған жиында Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Оның айтуынша, елдегі реформалар азаматтардың мүддесі мен сұранысына сай жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президент өз сөзінде реформалардың негізгі мақсаты барша азаматқа тең мүмкіндік ұсынатын Әділетті Қазақстан құру екенін атап өтті.

«Біз ауқымды жаңғыру кезеңіне қадам бастық. Мақсатымыз – баршаға тең мүмкіндік ұсынатын, өркендеу жолындағы Әділетті Қазақстанның іргесін қалау», – деді мемлекет басшысы. 

Тоқаев жақындағы халыққа Жолдауында Парламентті реформалау бастамасын жариялағанын еске салды. Оның айтуынша, бұл шешім саяси үдерістердің ашықтығын көрсетеді.

«Бұл бастаманы алдын ала жариялауымның өзі еліміздегі саяси үдерістердің ашық жүріп жатқанын көрсетеді. Биліктің заң шығарушы тармағын өзгерту соңғы жылдары жүзеге асырылған жан-жақты жаңғырудың қисынды жалғасы болмақ», – деді Президент.

Ол ұсынылған өзгерістер Парламенттің құзыреті мен беделін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Конституцияға енгізілетін өзгерістер тек Парламентке ғана емес, Президент пен Үкіметтің өкілеттіктеріне де қатысты болатынын айтты.

«Түзетулердің жалпы көлемін және 2022 жылғы конституциялық реформа аясында жүзеге асқан бастамаларды ескерсек, мұны жаңа Конституция қабылдауға барабар іс деуге болады», – деді Тоқаев. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда президенттік басқару жүйесі стратегиялық маңызын сақтайтынын қадап айтты.

«Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс. Бұл қазіргідей алмағайып заманда еліміздің сенімді келешегіне кепіл болады», – деді ол.

Президент парламенттік жүйенің қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету тұрғысынан тиімділігіне күмән келтірді.

«Парламенттік жүйе қауіпсіздік пен тәртіп, тұрақтылық пен даму тұрғысынан өз міндетін толық атқара алмай отыр», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев кейбір саяси пікірлерге сын айтты.

«Кейбір сарапшылар мен саясаткерсымақтардың ұшқары тұжырымдарына көзсіз еріп, мемлекеттілігімізге қатер төндіруге еш хақымыз жоқ», – деді ол. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда медициналық диагностика мен емдеудің заманауи технологияларын енгізу арқылы балаларды ше...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Атырауда 9 қаңтарда жоғалып кеткен 59 жастағы Талғат Назаровты іздеу жұмыстары ресми түрде аяқталды,...