Португалия құрамасы мен Ливерпуль клубының орталық шабуылшысы Диогу Жота жол апатынан көз жұмды, деп...
Тоқаев ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, білім саласындағы басты міндеттерді атады
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне байланысты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерді мерекесімен құттықтап, Мұғалім күні бүкіл қоғамды біріктіретін, нағыз халықтық сипаты бар, қастерлі де қадірлі мерекеге айналғанын атап өтті.
Ұстаз – әр адамның өмірінен ерекше орын алатын тұлға. Бұған ешкімнің де таласы жоқ деп ойлаймын, бұл – бәрімізге ортақ пікір. Ұстазды ұлықтау өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын аса маңызды қасиет саналады. Ұлт ойшылы Абай адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан. Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов те «Ұстаз – ұлы есім» деп қадір тұтқан. Мұғалімдер қауымына зор құрметпен қарау, олардың ұлт болашағы үшін атқарып жатқан табанды еңбегіне алғыс айту – баршамызға ортақ парыз. Әсіресе, қазіргідей ақпараттар ағыны күшейіп, озық технология қарқынды дамыған заманда мұғалімнің рөлі әлдеқайда арта түскені ақиқат, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде ұстаздарды жан-жақты қолдау жұмысына айрықша мән беретінін жеткізді.
Баршаңызға мәлім, біз «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдадық. Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Елімізде бірнеше мұғалім ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. 5 қазан күні Ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді. Біз жыл сайын бір қоғам болып осы мейрамды кең көлемде атап өтіп жүрміз. Биыл да мереке күндері барлық аймақта әкімдер мұғалімдер қауымын марапаттап, оларға ерекше құрмет көрсетіп жатыр. Ұстаздарды дәл осылай жалпыұлттық деңгейде ұлықтау ісі жалғасын табады. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-маңызы айрықша міндет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, жас ұрпақ дамыған мемлекетте, қауіпсіз ортада, өркениетті қоғамда өмір сүруі керек.
Қазір Қазақстанда 4 миллионнан астам оқушы бар, яғни, еліміздің әрбір бесінші азаматы мектепте білім алып жатыр.
Осы мақсатпен біз баршаға бірдей мүмкіндік беретін, Әділетті, Күшті, Таза және Озық Қазақстанды құру ісін қолға алдық, ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Халқымыздың темірқазығы, елімізді тарихи өрлеу дәуіріне бастаған негізгі құжат – Конституцияны қабылдадық. Конституцияда тұңғыш рет оқу-ағарту жүйесін дамытуға ықпал ететін нақты нормалар көрініс тапты. Атап айтқанда, адам капиталын, білім-ғылымды және инновацияны дамыту мемлекеттің міндеті, стратегиялық бағыты ретінде бекітілді. Түптеп келгенде, бұл – заман талабы, – деді Мемлекет басшысы.