«Туберкулез болуы мүмкін»: Ақтауда балабақша меңгерушісі қайтыс болған

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
116

Ақтаудағы балабақшалардың бірінде қызметкер әйелдің қайтыс болуынан кейін ата-аналар алаңдаушылық білдіріп, мекемені уақытша жабуды талап етті. Олардың айтуынша, марқұм туберкулездің ашық түрімен ауырған болуы мүмкін, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Lada.kz басылымына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, балабақша қызметкері өткен сәрсенбі күні қайтыс болған. Қайғылы жағдай мектепке дейінгі мекеменің аумағынан тыс жерде болған.

Әйелдің туберкулездің ашық түрімен ауырған болуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған соң, тәрбиеленушілердің ата-аналары балалардың денсаулығына алаңдап, балабақшада карантин жариялауды талап еткен.

Оқиғаға қатысты Маңғыстау облысының білім басқармасы түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, жағдай туралы Ұлттық сараптама орталығының өңірлік филиалына хабарланған. Қазіргі уақытта балабақша әкімшілігі тиісті мамандармен бірлесіп, қажетті санитариялық-профилактикалық шараларды жүргізіп жатыр.

«Мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің бірі қайтыс болғанын қайғыра хабарлаймыз. Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Алдын ала медициналық мәліметтер бойынша, оның өлімі туберкулезбен байланысты емес. Денсаулық жағдайына қатысты толық ақпарат тиісті медициналық мекеменің құзыретіне жатады», – деп мәлімдеді білім басқармасы.

Сондай-ақ ведомство балабақшаны карантинге жабу немесе жұмысын уақытша тоқтату туралы шешімді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары қабылдайтынын түсіндірді.

Қазіргі уақытта жағдай бақылауға алынған. Ал марқұмның туберкулездің ашық түрімен ауырғаны туралы ақпарат ресми түрде расталған жоқ.