Оңтүстік Кореяның Кванджмен қаласындағы метро құрылысы кезінде туннель құлап, екі жұмысшы жоғалып ке...
Түрікменстанда президент кортежі үшін жол жабылып, жүкті әйел көз жұмды
Сурет авторы: azathabar.com
Түрікменстанның Лебап уәлаятында президент Сердар Бердімұхамедовтің сапары кезінде жолдардың жабылуы жүкті әйелдің өліміне себеп болды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Бұл жөнінде Азатлык радиосының Түрікмен қызметі аймақтағы полиция және денсаулық сақтау саласындағы сенімді дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Дереккөздердің айтуынша, әйел Түрікменабат қаласында ауруханаға жете алмай, жолда қайтыс болған.
Медициналық қызметкердің айтуынша, әйелді күйеуі өз көлігімен алып шыққан, себебі жедел жәрдем жолға шығуға рұқсат ала алмаған.
"Күйеуі әйелін өз көлігімен алып келе жатқан. Алайда жолда қауіпсіздік қызметі оларды өткізбей қойған. Әйел уақтылы медициналық көмек ала алмады, нәтижесінде өз өмірінен және іштегі баласынан айырылды", – дейді дәрігер.
Бұл оқиға 15 қазан күні болған. Сол күні президент Бердімұхамедов Түрікменабаттағы Ниязов атындағы химия зауытында минералды тыңайтқыштар өндіретін жаңа кешеннің іргетасын қалау рәсіміне қатысқан.
Президент сапары кезінде қаладағы негізгі көшелер мен жолдар толықтай жабылған. Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем көліктері де аурухана аумағынан шыға алмаған.
"Сол күні Түрікменабаттағы барлық дерлік жол жабылды. Қауіпсіздік қызметі біздің ауруханадан жедел жәрдем көліктерін шығармады. Сол күні шақыртқан тұрғындардың ешқайсысына жедел көмек көрсетілмеді", – дейді «Эне мыхры» орталығының қызметкері.
Полиция дереккөзі оқиғаның куәсі болғанын айтып, күйеудің жолды жапқан күш құрылымдарына жалбарынып, тізерлеп көлікті өткізуге өтінгенін, бірақ оған рұқсат берілмегенін жеткізді.
"Ол тізерлеп жалынып, көзіне жас алған. Бірақ полицейлер көлікті өткізбеді. «Тар көшелер арқылы аудандық ауруханаға барыңдар» деп жауап берген. Әйелі жолда көз жұмды. Ауруханаға жеткенде дәрігерлер «тым кеш» екенін айтты", – дейді ол.
Келесі күні қауіпсіздік қызметінің өкілі қайтыс болған әйелдің күйеуімен кездесіп, оқиға туралы ешкімге айтпауға қатаң ескерту жасаған.
"Қауіпсіздік қызметі ер адамның үйін күзетіп отыр. Ол әділдік іздеп, президентке шағымданатынын және бұл оқиғаны БАҚ пен БҰҰ-ға жеткізетінін айтқан. Бірақ оған «балаларыңның болашағын ойла» деп қоқан-лоқы көрсетілген", – дейді полиция қызметкері.
Азатлык тілшісінің Лебап уәлаятының билік органдарынан, соның ішінде полиция мен денсаулық сақтау басқармасынан ресми түсініктеме алу әрекеті сәтсіз аяқталған.
Айта кетейік, Түрікменстанда жоғары лауазымды тұлғалардың аймақтарға сапары кезінде жолдар мен көшелер бірнеше сағатқа жабылып, тұрғындар қозғалысы шектеледі. Бұл жағдайлар ел халқының тұрмысын қиындатып, медициналық көмекке дер кезінде қол жеткізуді тежеп келеді.