Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апатында қаза тапқан Қазақстан азама...
Қысқы дөңгелекке ауыспаған 744 жүргізуші Ақмола облысында кері қайтарылды
Фото: ЖИ
Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар республикалық тасжолда көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Полицейлер жазғы дөңгелекпен жолға шыққан 744-тен астам жүргізушіні кері қайтарған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
8–9 қараша күндері Астана – Щучинск, Астана – Шідерті – Павлодар және Көкшетау – Атбасар бағыттарындағы тасжолдарда жазғы дөңгелекпен жүрген көліктердің қозғалысына тыйым салынды.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері рейдтік шаралар жүргізіп, қысқы дөңгелекке ауыспаған 744-тен астам жүргізушіні кері қайтарды. Сонымен қатар кейбір жол учаскелерінде көлік жылдамдығына шектеу енгізілді.
Полиция жүргізушілерге қысқы дөңгелекке уақытылы ауысып, алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамы мен тасжолдардың жағдайын тексеруге кеңес берді.
Қысқы дөңгелекті қай уақытта ауыстырған дұрыс?
Мамандар қысқы дөңгелекке ауысу үшін алғашқы қарды күтудің қажеті жоқ екенін ескертеді. Орташа тәуліктік ауа температурасы тұрақты түрде +7 градусқа төмендеген кезде қысқы шина орнатқан дұрыс. Себебі күн суытқанда жазғы дөңгелектің жолмен ілінісу қасиеті төмендеп, көліктің тежелуіне әсер етуі мүмкін.
Қазақстанда техникалық регламентке сәйкес, 1 желтоқсаннан 1 наурызға дейін көліктер қысқы дөңгелекпен жабдықталуы міндетті. Қысқы шиналар көліктің барлық дөңгелегіне орнатылуы керек. Алайда ауа райы ерте суытатын Ақмола облысы сияқты өңірлерде дөңгелекті заңда белгіленген мерзімді күтпей ауыстырған жөн.