Жалпақсайдағы трагедия: қауіпті иттер баланы ауыр жарақаттады

Ашық дереккөздерден

ЖАҢАЛЫҚТАР
302

Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Жалпақсай ауылында шошынарлық оқиға болды. 30 маусым күні түстен кейін ауыл шетінде ойнап жүрген он жасар балаға бірнеше ит шабуыл жасаған. Қазір бала Қаскелең ауруханасында жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ.

Оқиға ауыл жастары жиі жиналатын футбол алаңында болған. Куәгерлердің айтуынша, балалар ойнап жүрген сәтте, алаңға жақын орналасқан оңалту орталығының ауласынан үш ірі төбелескіш ит жыртық қоршау арқылы сыртқа шығып кеткен. Иттердің кенеттен балаға бас салып, ауыр жарақат салғанын көзімен көргендер бірден көмекке ұмтылыпты. Ауыл азаматтарының бірі шабуылдаған иттердің бірін пышақпен жаралап, баланы ажалдан арашалап қалған.

Куәгерлер бұл оқиғаның кездейсоқ еместігін алға тартады. Айтуларынша, иттердің орналасқан аумағы – корейлік оңалту орталығына тиесілі жер. Осы орталықта қауіпті тұқымдағы иттер заңсыз ұсталып келген деген күдік бар. Тұрғындар бұл мәселе туралы тиісті органдарға бірнеше рет ескерткенімен, еш нәтиже болмағанын алға тартуда.

«Бұл қоршаудың қауіпті екенін қанша жылдан бері айтып келеміз. Ешкім тыңдамады. Қазір бір баланың тағдыры қыл үстінде тұр», – дейді ауыл белсенділерінің бірі.

Ең сорақысы, бұл орталықтың дәл іргесінде балабақша орналасқан. Тұрғындар балалардың қауіпсіздігіне алаңдаулы. Олар жергілікті биліктен нақты шара қабылдауды талап етіп отыр.

«Бала ауыр жағдайда жатыр, құлағынан айырылған. Ал иттердің иесі жауапкершіліктен жалтарып, тіпті баланы құтқарған азаматты сотқа беремін деп қорқытып отыр. Бұл барып тұрған әділетсіздік», – дейді ауыл тұрғындары.

Оқиға бойынша Алматы облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 345-бабы аясында іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалып, куәгерлерден жауап алынуда.

Жалпақсай жұрты бұл жағдайдың жай ғана оқыс оқиға ретінде жабылып қалмауын қалайды. Олар ауыл балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нақты шешімдер қабылдануын талап етуде.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Танымал журналист Руслан Өтепбай Алматыда иттер талаған Максим есімді баланың жағдайы туралы айтты,...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Biz Birgemiz Qazaqstan қорының басшысы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның ісі Астана қ...