Алматыда шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан 65 қазақстандыққа айыппұл салынды, деп хабарлайды maden...
Ұят-ай... Торайғырға жараспай тұр!
Соңғы жылдары жер-жерде елжанды азаматтардың өз туып-өскен мекеніне деген құрметін, қамқор көңілін аңғарып жүрміз. Олай болуына Елбасымыздың «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» бағдарламасының «Туған жерге тағзым» идеясы қозғау салғаны сөзсіз. Осы бағдарлама аясында әсіресе ауылдардың кіре берісіне стела орнату белең алды.
«Театр киім ілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол сияқты, елді мекеннің кіре берісіне орнатылатын стела атаулы, былайша айтсақ, тұғырбелгі – сол ауылды өткен-кеткен жұртқа таныстырушы. Ауылдың қысқаша сипатын, келбетін бір көрініспен жеткізуші. Әрине, оны әркім шама-шарқынша орнатады, белгілі бір кесімді өлшемі жоқ. Бірақ орнатудың жөні осы екен деп бір-екі қаданы шаншып жүре беруге тағы болмайды.
Стела тақырыбын қозғауымызға Торайғыр ауылының кіре берісіне орнатылған белгі түрткі болып отыр. Баянауыл мен Павлодардың арасындағы күре жолдан Торайғырға бұрылар тұста кеңес заманынан қалған бір аялдама бар. Сол жерде бұрын реңі қашқан бір белгі бар еді. Тұсынан өткен сайын «осының ұсқыны қашан кірер екен» деген ойға қалатын едік. Енді, міне, ескі стела орнына алынып, жаңасы қойылыпты. Бірақ оны орнатарда ауыл басшылығы тұрғындармен ақылдаспағанға ұқсайды. Әдетте ауыл басшылары конкурс жариялап немесе өзі қалаған жобаны көпшілікпен келісіп жатады. Мұндай мақсат үшін қазір ватсап әлеуметтік желісі бар, сол жерде отырып-ақ халықтан ұсыныс қабылдауға болады. Бірақ әкім Арғын Абраров хабарландыру жасамаған, ақылдаспаған. Нәтижесінде қос қадаға қаңылтырдан жапсырылған дөңгелек тұғырбелгі пайда болды. Торайғырдай туризммен аты дүркіреп тұрған ауыл үшін пошымы олқы-ақ, мұндай белгілер әдетте он шақты үйі бар уақ-түйек бөлімше, шағын ауылдарға лайық.
Иә, ауылдың дәл кіре берісінде «Торайғыр ауылы» деген жазуы бар еңселі арка бар. Ол тұрғанда үлкен стеланың қажеті қанша дейтіндер табылар. Бірақ Торайғыр – жаз шықса кісі арылмайтын жер, атағы жер жарады. Ол жерде туған алаштың ардақты ақыны Сұлтанмахмұттың бір өзінің есімі неге тұрады? Баянға немесе Керекуге бет алған, Торайғырға бұрылмайтын жолаушы стеланың жанына аялдап, «Е-е-е-е, бұл мынадай ауыл екен ғой» деп танысып, суретке түсер еді. Ал мына стеланың жанына суретке түсіп те жарытпайсың. Қаңылтырға салынған таулардың суреті де тым қарабайыр. Әулиебұлақтың үстіндегі аспанға шаншылардай болып тұрған тік шың айқын бейнеленбеген.
Салыстыра айтсақ, былтыр Баянауыл ауданының Жаңатілек ауылында да стела жаңарды. Жаңа тұғырбелгі ауыл мектебінің 1967 жылы туған, мектепті 1984 жылы бітірген түлектерінің қаражатына салынған. Белгінің биіктігі – 5 метр, ені – 3 метр. Әріптерінің биіктігі – 40 сантиметр. Тұғырбелгіге 400 мың теңге қаражат жұмсалыпты. Белгі азаматтардың жеке қаражатына салынғанымен, ауылдың инстаграм парақшасында алдын ала хабарландыру жасалып, азаматтардан эскиздер қабылданып, таңдау жасалатыны ескертілген.
Таңдай қақтыратын тағы бір стела таяу жылдары Егіндібұлақ ауылында ашылған. Егіндібұлақ – Торайғырмен салыстырғанда тіпті де шағын ауыл. Бірақ стеласының аумағы ат шаптырым. Биіктігі де керемет. Шағын ауыл – Көкдоңбақ та стела орнатуда Торайғырдан озыпты.
Қазір ватсап желісінде де, инстаграм желісінде де әр ауылдың парақшасы бар. Сол жерде хабарландыру жасалса, Торайғырдан стела жүгін көтере алатын бір сынып шықпаса да, күллі ауыл болып қаражат жинаса да болады емес пе. Ұзын сөздің қысқасы, әрдайым ұйымшылдықпен танылып жүрген жаңатілектіктер бұл жолы тағы да озды. Егіндібұлақ тіпті ерледі. Ал аталарының да, көлдері мен тауларының да атағы жер жарған Торайғырдың стеласының түрі осы... Әсілі, ауылдың абыройы үшін орнынан алып, көп болып қаражат жиып, қайта орнатқан жөн-ау...
Алпамыс Арғын,
Павлодар облысы Баянауыл ауданы