Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов өзінің тағайындалуы және үкімет бюджетін орында...
Түркістан облысында нөсер жауыннан кейін ондаған үйді су басты
ашық дереккөз
Түркістан облысында нөсер жаңбырдың салдарын жою жұмыстары екінші тәулік қатарынан жүргізіліп жатыр. Бірнеше ауданда ондаған көше мен аула су астында қалды. Су тіпті үйлердің ішіне кірген, деп хабарлады MadeniPortal.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Төлеби және Қазығұрт аудандарында толассыз жауған жаңбыр салдарынан лай аралас күшті су ағындары жолындағының бәрін шайып кеткен. Жаңбырдан болған төтенше жағдай Қыдыр Мәмбетұлы ауылында орын алды. Онда су жан-жақтан лап қойған. Ағын су құрылыстарды қиратып, қоршауларды құлатып, тіпті газ құбырларын да жұлып әкеткен. Куәгерлердің айтуынша, судың деңгейі белге дейін жеткен.
Тұрғындардың есебінше, ауылда шамамен 14 үй мен басқа да нысандарды су басқан. Адамдар екінші күн қатарынан лайды тазалап әлек.
«Судың басқа үйлерге кіріп кетпеуі үшін жұмыстар жүргізілді. Үш тиегіш пен бір трактордың көмегімен жол жиегіндегі арықтар ретке келтіріліп, су каналға бұрылды. Кеше түнгі сағат бірге дейін мониторинг жұмыстары жүргізілді. Алты-жеті ішкі көшеде жолдарды қазып, яғни асфальтты бұзып арық жасадық. Иә, бұған әдейі баруға тура келді», – деді Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуов.
Алайда барлық күш-жігерге қарамастан, тек Қазығұрт ауданында ғана шамамен 85 аула мен үйді су басқан. Тағы төртеуі Төлеби ауданында тіркелді. Сондай-ақ жаңбыр суы Бәйдібек ауданындағы Ақбастау және Боралдай ауылдарында да жүргені белгілі болды. Табиғи апат келтірген шығын көлемі әлі есептеліп жатыр.