Үйінен қашып кеткен: 2 айдан кейін табылған 17 жастағы қыздың отбасы айыппұл төлеп, есепке қойылады

Фото: ЖИ

ЖАҢАЛЫҚТАР
138

Алматы облысында үйінен қашып кетіп, екі айға жуық уақыттан кейін Қарағандыдан табылған 17 жастағы Ясмина Шертаеваның отбасы бақылауға алынбақ, деп хабарлайды MadeniPortal.kz КТК-ға сілтеме жасап. 

21 қыркүйекте отбасының үйіне құқық қорғаушылар, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен психологтардан құралған арнайы комиссия барды. Мамандар жасөспірімнің үйден кетуіне не себеп болғанын және оның қазіргі жағдайын анықтауға тырысқан.

Комиссия мүшелері Ясминамен жеке сөйлескен. Жасөспірім үйден кетуінің себебін өз бетінше өмір сүргім келді деп түсіндірген.

"Мен айттым ғой, бөлек, өз алдыма өмір сүргім келді", – деген ол.

Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосовтың сөзінше, бұдан былай қыздың өзі де, отбасы да тұрақты бақылауда болады. 

Оның айтуынша, жағдай комиссия отырысында жан-жақты қаралады. Егер мамандар қажет деп тапса, жасөспірімді кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастыру мәселесі де қарастырылуы мүмкін.

Айта кетейік, Ясмина 21 шілдеге қараған түні өзімен бірге жинаған ақшасын алып, заттарын буып-түйіп кеткен. Арада екі айға жуық уақыт өткен соң жасөспірім Қарағанды қаласынан табылды.

Кейінірек Ясмина жұмыс туралы хабарландыру арқылы жеке балабақшаға бала күтуші болып орналасқаны белгілі болды. Сонымен бірге пәтер жалдап, өз бетінше тұрып жүрген. 

Оқиғадан кейін отбасы тиісті органдардың есебіне қойылмақ. Қазір бала құқықтарын қорғау саласының мамандары Ясминаның алдағы оқуын қалай жалғастыратынын қарастырып жатыр.

Алматы облысының Бала құқықтарын қорғау басқармасының бас маманы Мадияр Шараповтың айтуынша, мамандар ең алдымен жасөспірімнің жағдайын көзбен көріп, оның қауіпсіз екеніне көз жеткізу үшін келген. Енді комиссия қыздың оқуын әрі қарай белгілі бір мамандық бойынша жалғастыру мәселесін талқылайды.

Сондай-ақ жасөспіріммен алдағы уақытта психологтар жұмыс істейді. Мамандар оның үйден кетуіне әсер еткен себептерді тереңірек анықтап, отбасындағы жағдайды да бақылауда ұстамақ. Ал Ясминаның анасы арнайы комиссияның келуіне аса риза болмаған. Ол журналистерге қызының жүзін көрсетпеуді сұраған. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Халық кеңесінің құрамы бекітілді, деп хабарлайды MadeniPo...

Шоу-бизнес

Танымал актер әрі режиссер Нұртас Адамбай «Келінка Сабина» фильмін түсіруге не түрткі бо...