Ұлттық кітапханада ЖИ және цифрлық трансформация талқыланды

дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
45

1 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана: цифрлық трансформация және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында екі күндік республикалық семинар-тренингтің алғашқы күні өтті, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын, сондай-ақ цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы бастамаларды іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Семинарға еліміздің 20 өңірінен онлайн және офлайн форматта 1506 маман қатысуда. Оның ішінде 1261 қатысушы онлайн, 245 маман офлайн форматта іс-шара жұмысына қосылды.

Кәсіби іс-шара кітапхана саласына жаңа технологияларды енгізу, халықаралық тәжірибені зерделеу және заманауи кітапханалық қызметтерді дамыту мәселелерін талқылауға бағытталған.

Семинардың алғашқы күні кітапхана ісіндегі халықаралық ынтымақтастық, ИФЛА-ның отандық кітапхана жүйесін дамытудағы рөлі, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, халықаралық стандарттарды енгізу және цифрлық технологияларды кітапхана қызметінде қолдану мәселелеріне арналды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы «ИФЛА және оның отандық кітапхана ісіне ықпалы» тақырыбында баяндама жасап, халықаралық кәсіби ұйыммен ынтымақтастықтың маңызына, әлемдік кітапхана қауымдастығындағы жаңа үрдістерге және олардың Қазақстан кітапханаларының дамуына ықпалына тоқталды.

Баяндама барысында жасанды интеллектінің кітапхана қызметіндегі орнына да назар аударылып, жаңа технологияларды кітапхана жұмысына енгізудің негізгі бағыттары мен мүмкіндіктері қарастырылды. Жасанды интеллектіні ақпараттық ресурстарды пайдалануды жеңілдету, пайдаланушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және кітапхана қорына қолжетімділікті кеңейту мақсатында қолдану мәселелері сөз болды.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханасының директоры Әсем Мұхтарқызы ИФЛА-ның кітапханалық трансформациядағы рөліне тоқталып, халықаралық тәжірибені жергілікті деңгейде қолдану бағыттарын таныстырды.

Ал Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың директоры Әлия Шуратқызы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесін көтеріп, оқырманның кітапқа қызығушылығын арттырудағы кітапханалардың міндеттері мен заманауи тәсілдеріне тоқталды.

Семинар барысында ИФЛА-ның жаңа стандарттары мен ұлттық стандарт мәселесі де талқыланды. Бұл бағытта халықаралық талаптарды ұлттық кітапхана жүйесінің ерекшеліктерімен сабақтастыру, қызмет көрсету сапасын арттыру және кәсіби стандарттарды жетілдіру мәселелері қарастырылды.

Іс-шараның маңызды бағыттарының бірі – жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кітапхана қызметіне енгізу.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ғылыми-әдістемелік қызметінің маманы Нұрлыхан Жұмахан кітапханалардың статистикалық және аналитикалық деректерін жүйелеуге мүмкіндік беретін LABA платформасын таныстырды. Сонымен қатар кітапхана деректерін заманауи цифрлық контентке айналдыруға бағытталған DILIGEN платформасының мүмкіндіктері көрсетілді.

Сондай-ақ семинарда қолжазбаларды цифрландырудың халықаралық үлгілері, цифрлық платформаларды қалыптастыру, электронды кітапханаларды дамыту және цифрландырудан кейінгі кезеңдегі кітапхана қорларымен жұмыс мәселелері қарастырылды.

Республикалық семинар-тренинг кітапхана саласының мамандарына халықаралық тәжірибені талқылауға, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың кәсіби қызметтегі мүмкіндіктерімен танысуға, сондай-ақ кітапханалардың жаңа даму бағыттары бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Семинар-тренинг жұмысы 2 қазанда жалғасады. Екінші күні кітапхана қызметін цифрландыру, жасанды интеллект құралдарын практикалық тұрғыда қолдану және заманауи кітапханалық технологияларды енгізу бағыттары бойынша тақырыптық сессиялар мен тәжірибелік жұмыстар өткізіледі.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында туристер арасында танымал табиғи орындардың бірінде аспалы шыны көпірдің құрылысы...

СПОРТ

Қазақстандық дзюдошы Ажар Асхат Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан 2...