Ұлытау облысы халық табысы бойынша елде екінші орынға шықты

Фото: ЖИ

ЖАҢАЛЫҚТАР
70

Өңір тұрғындарының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы айына 353 мың теңгегежетті. Бұл – елдегі орташа көрсеткіштен шамамен 40%-ға жоғары. Осы көрсеткіш бойынша Ұлытау облысы Қазақстанның барлық өңірлері арасында екінші, ал облыстар арасында бірінші орында тұр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Ұлттық статистика бюросы 2026 жылдың I тоқсанындағы халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы бойынша деректерді жариялады. Мәліметке сәйкес, Ұлытау облысы жан басына шаққандағы табыс деңгейі бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің қатарына енді.

Қаңтар–наурыз айларында өңір тұрғындарының орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы айына 353 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Ұлытау облысы Қазақстанның барлық өңірлері арасында екінші орынға ие болды. Бірінші орында Алматы қаласы, мұнда жан басына шаққандағы табыс 408,2 мың теңгеге жетті. Сондай-ақ өңір 352,8 мың теңге көрсеткішімен Астана қаласынан сәл жоғары нәтиже көрсетті.

Ал еліміздің облыстары арасында Ұлытау бірінші орында тұр. Одан кейінгі орындарда Атырау облысы323,7 мың теңге, Маңғыстау облысы288,9 мың теңге және Павлодар облысы284 мың теңге орналасқан.

Жалпы Қазақстан бойынша халықтың жан басына шаққандағы орташа ақшалай табысы 252,6 мың теңгені құрады. Осылайша, Ұлытау облысының көрсеткіші республикалық орташа деңгейден 100 мың теңгеден астамға, яғни шамамен 40%-ға жоғары.

Айта кету керек, жан басына шаққандағы ақшалай табыс орташа жалақы деңгейіне қарағанда әлдеқайда ауқымды ұғым болып табылады. Бұл көрсеткішке тек еңбек ақысы ғана емес, сонымен қатар зейнетақы, жәрдемақы, кәсіпкерлік қызметтен, мүліктен түсетін кіріс және өзге де ақшалай түсімдер кіреді. Жалпы табыс сомасы өңірдегі барлық тұрғындар санына, оның ішінде балалар, зейнеткерлер және жұмыс істемейтін азаматтарды қоса есептегенде бөлінеді.

Ұлытау облысының жоғары көрсеткіші өңір экономикасының құрылымымен тығыз байланысты. Атап айтқанда, аймақтағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі – «Қазақмыс» компаниялар тобы. Кәсіпорындардың тұрақты жұмысы, өндірістік және инвестициялық жобалардың іске асырылуы, сондай-ақ білікті мамандарға сұраныстың жоғары болуы халық табысының өсуіне және Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен облыстың өзге де елді мекендеріндегі іскерлік белсенділіктің артуына ықпал етуде.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Абай облысында бір тәулік ішінде екі бүлдіршін терезеден құлап кетті. Қайғылы жағдайлардың бірі өлім...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматыдағы дәрігерлер бесінші қабаттың терезесінен құлаған төрт жасар баланы аман алып қалып, оның а...