Ақын, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Қазақ әдебиетін дамыту тұжырымдамасын жасау ба...
Ынтымақты үйге қайға жоламайды
Фото: Ашық дереккөз
Күні кеше ғана еліміз кеңінен Республика күнін атап өтті. Бұл – егемендігімізді айғақтайтын, мемлекеттігімізді насихаттайтын ұлтымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі. Оның Қазақстан халқын біріктіруші, сан түрлі этностық топтарды топтастырушы , тағдырдың тәлкегімен қазақ жеріне келіп, тұрақтап қалған барша ел азаматтарының ортақ мерекесі.
Ұлтты ұйыстыратын тағы бір қадірлі мереке – жыл сайын 1 мамырда аталып өтетін Қазақстан халқының бірлігі күні осыдан ширек ғасыр бұрын, нақтырақ айтсақ, 1995 жылы пайда болған.
Биыл атаулы күні елордада ҚХА-ның «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбында ХХХІІІ сессиясы өтті. Онда ҚР Президенті Қ-Ж. Тоқаев сөз сөйлеп, барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтап өтті.
– Қазақта «Алпыс күн тасыған дария, алты күнде қайтады» деген сөз бар. Көп ұзамай қарғын су кетіп, жұрт күнделікті өмірге оралады. «Әр қиындықтың қайыры бар» дейді халқымыз. Біріншіден, тасқын кезінде ел бірлігі нығая түсті. Арқадағы ағайынға, Жайықтағы жұртқа бүкіл Қазақстан халқы көмектесуге ұмтылды. Апат аймағында тұратын адамдар барша отандасымыздың шынайы жанашырлығын сезінді. Екіншіден, елдің жағдайын жақсарту үшін ешкім қиындықтың келуін күтіп отырмайтыны анық. Дегенмен мұндай апаттар біраз шаруаны шұғыл қолға алуға себепкер болады. Тасқын аяқталған соң, кейбір ауылдар тың жерге қоныстанып, жаңадан бой көтереді. Жол салынады, су тартылады. Ауылдарымыз мүлде жаңа келбетке ие болады. Жалпы, әлемдегі үлкен дағдарыстардың қарқынды дамуға жол ашатыны белгілі. Қазіргі алапат тасқын да, түптеп келгенде, елімізге оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Сын сағатта жұдырықтай жұмылған жұртымыз осы қалпында Өрлеу, Жаңғыру кезеңіне қадам басады. Бәрі де жақсы болады, – деді Мемлекет басшысы.
«Жұт – жеті ағайынды» дейді қазақ. Төтеннен келген топан су республиканың көптеген өңірлеріне зардабын тигізіп, бірталай елді мекендерді шайып кетті. Адам-мал шығыны да болды, үлкен материалдық қиындықтарға ұшыратты. Әйтсе де бұл бір жағынан еліміздің бірлігіне де сынақ болды. «Ынтымағы жарасқан үйге қайғы жоламайды» дейді бабаларымыз, табиғи апатқа ел халқы үлкен-кішісіне қарамай түгелдей қарсы тұрды, әркім қолдан келген көмектерін көрсетіп жатты. Рас, басы Қазақстанда, бөксесі ресейде қалған кейбір керітартпалардың ел басына түскен ауыр сынаққа кекесінен қарап, кекете күлгендері де болды. Бірақ олар аз әрі халықтың тек жиіркенішін тудырған міскіндердің әрекеті жалпақ жұртшылықты алаң қылмады. «Тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір» жүзге тарта этностан құралған Қазақстан халқы бұл сынақтан да абыроймен өтті. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген, сөйтіп ел бірлігінің арқасында респблика жұртшылығы тағы бір апаттан аман қалды.
Топан суға қарсы республиканың 11 өңірінде жаңадан 20 бөген бой көтерді, қолданыстағы 15-і жамалып-жасқалып, жөндеу өтті.
«Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» демекші, еліміздің ынтымағы нығыз болса, Қазақ мемлекеті өмірде болып жатуы ықтимал әлі де талай-талай сын-сынақтардан аман өтеріне кәміл сенеміз.
Д. Асау