​ЫСЫРАПСЫЗ ЕҢБЕК ПЕН ЖАҢАШЫЛ КӨЗҚАРАС

Жаңалықтар
2251

Өсімдік шаруашылығы – ауыл шаруашылығы ішіндегі ең басты және маңызды салаға жатады. Бұл саланың негізгі міндеті – өсімдік шаруашылығына қатысты өнім түрлерін өндіру үшін мәдени өсімдіктерді өңдеу болып табылады. Жалпы адамзат жаралғалы өсімдік шаруашылығымен тығыз айналысып келе жатыр. Онсыз өмір сүру мүмкіндігі де жоқ. Азық-түліктің басым бөлігі осы өсімдік түрлерінен қалыптасады. 

Сонымен қатар осы сала болмаса мал шаруашылығы да дамымайды. Және бұл өндірістің көптеген салаларын шикізатпен қамтамасыз етеді. Атап айтқанда: тағамдық, аралас құрамды, фармацевтикалық, тоқымалық, парфюмерлік және тағы басқалары.

Өсімдік шаруашылығы құрамына егін, жүзім орман, шалғындық сияқты шаруашылықтармен қатар гүл және жеміс өсіру тәрізді кіші шаруашылықтар да енеді. 

Егіншілікке – бір жылдық жаздық және күздік дақылдар, сондай-ақ дәндік технологиялық – қант қызылшасы, зығыр, мақта және т.б. азықтық, қартоп жатады.

Көкөніс шаруашылығы – бақшалық дақылдар болып келеді: қарбыз, қауын, асқабақ. 

Жеміс өсірушілікке – шемішкелік, сүйектік, жаңғақ жемісті дақылдар, жидек, көшет шаруашылығы кіреді.

Соңғы кезге дейінгі осы саланы субсидиялау тәсілдері өзінің оңтайсыздығын танытты. Себебі, басым ауыл шаруашылығы дақылдары мен бақтары гектарлық негізде субсидияланып келді. Талдау нәтижесінде бұл әдістің тиімділігінің төмен екені анықталды. Бұл - ауыл шаруашылығы тауарларын өндірудегі агротехнология шараларының деңгейін, өнім түсімділігі мен сапасын арттыруға ықпалсыз болып шықты. Сонымен қатар ведомствоаралық комиссия егістердің көлемін тексерместен гектар бойынша субсидия бөле салатындығы және егістік алаңының көлемін жоғарылатып көрсететіні де  анықталды. 

Осы орайда Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік Бағдарламасы аясында төмендегідей іс-шаралар жүзеге асырылатын болады.

  1. Өсімдік шаруашылығын өркенді дамытумен қатар оның өндірістік шығындарын төмендету үшін қайта өңдеу мен өткізу инфрақұрылымдарын ескере отырып, жалпы өндіріс жолын өңірлік дәрежеде мамандандыру қолға алынады. Осыған байланысты кооперация негізінде өнімді сақтау, тасымалдау, қайта өңдеу мен өткізу инфрақұрылымдарын жасақтау, сондай-ақ минералды тыңайтқыш, пестицидтерді, жоғары репродукциялы тұқымдар өндіру мен оларды пайдалану жағына ынта туғызу көзделген. Бұл өз ретінде сапалы, жоғары өнім алуға мүмкіндік береді.
  2. Тұқым шаруашылығын қолдау мақсатында - оны техникалық және технологиялық жаңғырту кезіндегі инвестициялық шығындарын субсидиялау, сонымен қатар осы шаруашылыққа орай технологиялық платформа құру жүзеге асырылмақшы. Бұл - басым тәртіппен АӨК субъектілерінің техникасы мен жабдығын жаңартуға арналған арнайы жағдай болады.
  3. Егіс алаңдарын әртараптандыру, құрама жем және экспорттық сұранысқа ие өнімдерді өндіруге назар аударылады. Арпа, сұлы, астықтық жүгері осылардың қатарына кіреді.  
  4. Майлы дақылдарды өндіруші кәсіпорындары жұмысын жақсарту және оның экспорттық үлесін ұлғайту қарастырылады. Қайта өңдеуші кәсіпорындардың оны сатып алуы ынталандырылады. Бұл өнімдер қатарына:күнбағыс, рапс, зығыр, соя жатады.
  5. Жеміс-көкөніс және жүзім шаруашылығын дамыту мақсатында инвестициялық шығындар субсидияланады. Осының арқасында өсіріп-өндіру, маусымаралық кезеңде жылыжай кешендерін пайдалану, су үнемдегіш технологияларды қолдануға талай жеңілдіктер жасалады. Сондай-ақ «Апорт» сортты алма ағашы бақтарын баптап-өсіруге кеткен шығындар да өтеледі. Осы орайда кооперация негізінде өндіру, дайындау, сақтау, қайта өңдеу мен өткізу сияқты операциялардың толық циклінің инфрақұрылымы жасалады.
  6. Картоп шаруашылығы бойынша оның вируссыз тұқымдарын өсіруге көңіл бөлінеді. Картоп сақтау қоймалары жабдықталып, өнімнің сапасы мен молдығын арттыруға арналған іш-шаралар қарастылады.
  7. Қант қызылшасын өндіру мен қайта өңдеу бойынша қарқынды жобалар іске асырылады. Қайта өңдеуші кәсіпорындардың өнімді сатып алуына ынта туғызып, қант зауыттарының инвестициялық шығындарын субсидиялау көзделген.
  8. Күріш пен мақта шаруашылығына қатысты басты қолдау - су үнемдегіш технологияларды енгізуді жолға қою, лазерлі жоспарлағыштарды пайдалану арқасында жүзеге асырылады.   
  9. Мал шаруашылығын дамытуға зор әсері бар азық дайындауға шыққан шығындар және арнайы техникалар сатып алуға кеткен инвестициялық қаржыларды субсидиялау көзделеді. Осының арқасында азықтық дақылдар өндірісі ынталандырылады. 

Аталған іс-шаралар - бүгінгі таңдағы өз кезегі жеткен уақыт талабы. Біздің елдің әлеуеті - ішкі нарықты аузы-мұрнынан шыға қамтамасыз етіп қана қоймай, әлем елдерін де асыруға қауқарлы. Тек қана, жаңашыл көзқарас пен ысырапсыз еңбек қана қажет.

З. Самалбекұлы                           

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...