Жартыжылдық қорытындысы: экологияны қадағалау, қоршаған ортаны қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау

Фото: primeminister.kz

Жаңалықтар
348

2024 жылдың алты айында Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі гидрометеорология қызметін жаңғыртуға және 2 млрд ағаш отырғызуға бағытталған бірқатар негізгі жобаны жүзеге асырды.

Еліміздің күрт континенттік климаты жағдайында климатқа болжамдардың дәлдігін арттыру және қоршаған ортаны қорғау үшін жаңа шаралар әзірленіп, енгізілуде. ҚР ЭТРМ қызметінің бірінші жартыжылдықтағы нәтижелері туралы – PrimeMinister.kz. сайты редакциясының шолуынан оқи аласыздар.

Экологияны қадағалау және гидрометеорология қызметін дамыту

Биылғы бірінші жартыжылдықта Экология министрлігі 489 экологиялық тексеру жүргізді. 1331 экология заңнамасын бұзушылық анықталып, 860 ұйғарым жасалды. Нәтижесінде 40 млрд теңгеден астам сомаға 1022 әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде 13,3 млрд теңгеге 884 айыппұл өндірілді.

Әкімдіктермен және жұртшылықпен бірлесіп өңірлердің экология проблемаларын кешенді түрде шешу бойынша 532 іс-шараны қамтитын 18 жол картасы әзірленді, оның ішінде 164-ін биыл іске асыру жоспарлануда. 

Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы жыл басынан бері қол жетімді ең жақсы техниканың үш анықтамалығын жасап жатыр.

Ауа райы болжамдары мен гидрология деректерінің дәлдігін қамтамасыз ету үшін қосымша 114 метеорология стансасын, 167 агрометеорология бекетін, 139 гидрология бекетін және 143 экология бекетін ашу қажет.

Осыған байланысты Экология министрлігі Қазақстанның Ұлттық гидрометеорология қызметін дамытудың және жаңғыртудың 2025-2030 жылдарға арналған бағдарламасын әзірледі. Сондай-ақ биыл «Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде ашу жоспарланып отырған гидрология бекеттерінің тізбесі қайта қаралды.

2030 жылға дейін мониторингпен қамтылмаған еліміздегі жазық аумақтағы өзендердің су тасқыны қаупі бар учаскелерінде 42 жаңа гидрология бекетін салу жоспарлануда. Бұл бекеттер Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Қарағанды облыстарында, Ұлытау өңірінде, сондай-ақ Қытаймен және Ресеймен трансшекаралық өзендерде орналасатын болады. 

Климатқа қатысты саясат және стратегиялы мақсаттар 

Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күреске бейілділігін растай отырып, өзінің экологияға қатысты міндеттемелерін белсенді түрде нығайтуды жалғастыруда. 

Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік Конвенция және Париж келісімі бойынша міндеттемелерді орындау шеңберінде Қазақстан парникті газдар қалдықтарын 2030 жылға қарай 1990 жылғы деңгейден 15%-ға қысқартуға ниетті.

Дубайда өткен COP-28 конференциясында Қазақстан метан бойынша Жаһандық міндеттемеге қосылып, мұнай-газ, көмір және ауыл шаруашылығы секторларындағы жеті жобаны әзірлеу және өзектендіру үшін шамамен $2 млн тартты. Сондай-ақ осы салалардағы Метан қалдықтарын азайту жөніндегі ұлттық бағдарлама әзірленуде.

Қазақстанның Орман кодексіне түзетулер жобасы орман қоры мен бос жерлерде көміртекті офсет жобаларын іске асыруды көздейді. Аталған жобалар жаңадан орман отырғызуға және тозған жерлерді қалпына келтіруге бағытталған, бұл 2 млрд ағаш отырғызу мақсатына жетуге көмектеседі.

2024 жыл ШЫҰ-дағы Экология жылы болып жарияланды. Биылғы мамыр айында Астанада ШЫҰ шеңберінде қоршаған ортаны қорғау бойынша бесінші кеңес өтті, онда алты негізгі құжат бекітілді.

Өнеркәсіптік және коммуналдық қалдықтар

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында өнеркәсіптегі қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 20%-ды, ал коммуналдық қалдықтар үлесі – 22,5%-ды құрады. Президенттің тапсырмасы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) қайта өңдеуге арналған зауыттар салу бойынша 232 млрд теңгеге 94 жоба мақұлданды, оның ішінде 136 млрд теңгеден астам сомаға 22 жоба алдын ала мақұлданды. Бұл шаралар қайта өңдеу көлемін жылына 1,2 млн тоннаға арттырады деп күтілуде.

Елімізде 3 016 полигон бар, оның 21%-ы талаптарға сәйкес келеді. Жағдайды жақсарту үшін қолданыстағы ТҚҚ полигондарына қойылатын талаптарды оңайлату тетігі бекітілді, заңдастыруға жататын полигондарға қойылатын критерийлер мен ең төменгі талаптар белгіленді.

Қоқыс шығарушы ұйымдарды GPS-трекерлер жүйесіне қосу бойынша жұмыс жалғасуда, бұл қоқыс шығаруға мониторинг жасау мен қадағалауды жақсартуға ықпал етеді. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ғарыштық мониторинг аймағы рұқсат етілмеген полигондарды анықтау және жою үшін жеті елді мекенге кеңейтілді. «Е-құрылыс» ақпараттық жүйесінде құрылыс қалдықтарын қадағалау тетігі енгізілді, бұл құрылыс қалдықтарын тиімді басқаруға және оларды заңсыз орналастырудың алдын алуға мүмкіндік береді.

Орман мелиорациясы бойынша ауқымды жұмыс

Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыс әкімдіктері Экология министрлігімен бірлесіп кешенді жоспар әзірледі. 2021 жылдан 2023 жылға дейін Қазақстанда 840 миллионға жуық ағаш пен бұталар отырғызылды, бұл жоспарланған көлемнің 83%-ын құрайды.

Арал теңізі өңіріндегі экология жағдайын жақсарту шеңберінде теңіздің құрғаған табанында орман мелиорациясы бойынша жұмыс жалғасуда. 2025 жылға дейін 1 млн гектардан астам аумақта жұмыс жүргізу көзделген, ал 2024 жылға 275 мың гектарға жұмыс жоспарланып отыр.

Сонымен қатар елді мекендер аумағында 15 млн түп ағаш отырғызу жұмысы жүргізілуде, 2021-2025 жылдар аралығында жыл сайын 3 млн ағаш отырғызу жоспарланған.

Президенттің бастамасымен осы жылдың наурыз айынан бастап «Таза Қазақстан» акциясы басталды, оның ішінде аумақтарды тазалау, жасыл желектерді отырғызу және стихиялық қоқыстарды жою бойынша акциялар бар. Акцияға 800 мыңнан астам адам қатысып, 165 мың тоннаға жуық қоқыс жиналды. 326 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды.

«Бүкілқазақстандық орман отырғызу күні» акциясы аясында 203 мыңға жуық тал егілді.

2023-2027 жылдарға республиканың орман шаруашылығын материалдық-техникалық қамтамасыз етуге 68 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл тұрғыда 303 бірлік арнайы техника және 655 бірлік қосымша өртке қарсы жабдық сатып алынды.

Қоршаған ортаны қорғау және биоалуантүрлілік саласындағы жаңа заңнамалық бастамалар мен жобалар

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстанның экология мәдениетін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Тұжырымдаманы іске асыру бойынша іс-қимыл жоспарының жобасы әзірленді, құжат Ашық НҚА порталында орналастырылды.

Парламент Мәжілісінің депутаттарымен бірлесіп аңшылық шаруашылығы саласындағы заңнамалық базаны жақсартуға бағытталған заң жобасы әзірленді. Заң аң-құс өсіруді ынталандыруды, шетелдік туризмді дамытуды және жануарлар дүниесін қорғау тетіктерін нығайтуды көздейді.

Орман өртін сөндіру стансалары қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру мақсатында Қазақстан Үкіметінің қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, олар денсаулығы мен өміріне төнер қауіп-қатерге байланысты жұмысына лауазымдық жалақының 100% мөлшерінде қосымша ақы белгілейді.

Министрлік БҰҰДБ-мен бірлесіп биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы ұлттық басымдықтар мен міндеттерді қайта қарау бойынша жұмыс жүргізуде. 2025-2035 жылдарға арналған биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану тұжырымдамасының жобасы әзірленуде.

Биыл Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне мемлекеттік экология сараптамасын жүргізу мерзімін қысқартуды, қоғамдық тыңдаулар рәсімін жетілдіруді және құрылыс-монтаждау жұмыстарына және пайдалануға экология рұқсатын жеке алуды қоса алғанда, өзгерістер енгізілді.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Прага хайуанаттар бағы арасындағы меморандум аясында 2024 жылғы 4 маусымда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватына 7 Пржевальский жылқысы (Керқұлан, Кертағы) қайта жерсіндірілді. 2029 жылға дейін барлығы 40 жабайы жануарды әкелу жоспарлануда.

«Қазақстан Республикасында жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасын» іске асыру жалғасуда. 2018-2023 жылдар аралығында Іле-Балқаш МТР-ға 205 Бұхар бұғысы мен 60 құлан әкелінді. Қазіргі уақытта жабайы жануарлардың санын көбейту бойынша биотехникалық іс-шаралар жүргізілуде. 

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...