Бүгін Ақордада ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен Қазақстан Республи...
Жамбыл облысында Серік Томановты еске алу кеші өтті
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Өлкелік туризм – кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» жобасы аясында «Ұлбике ақын» атындағы Талас аудандық мәдениет үйінде ауыл-аймақ тұрғындары арасында шын жазуды, шындықты жазуды серт еткен, тілі түймелі, сөзі күймелі тағдырмен тайталасқан жырлардың авторы Серік Томановтың шығармашылығын насихаттау, жырларын паш ету мақсатында «Арылмас мұңым бар менің...» еске алу кешін ұйымдастырды.
Еске алу кешіне Талас ауданы әкімінің орынбасары Роман Әлімханұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Талас аудандық мәслихатының аппарат басшысы, ақын Сабырғали Рысбаев, ауданның құрметті ардагері Байұзақ Көлбайұлы, ақынның жары Бибігүл Томанова, зиялы қауым өкілдері, ақынның замандастары, сыныптастары мен қаламдас әріптестері, шәкірттері қатысты.
Серік Томановтың шығармашылығына арналған рухани кеште бойындағы тамаша талантын жұртына арнаған, өлеңдеріне даланың дархан мінезі, өмірдің әртүрлі құбылыстарынан бастап, ғаламның тұтас тылсымдарына дейін көрініс тапқан тау тұлғалы талант иесі туралы әдемі естеліктер айтылып, жары Бибігүл апайымыз артында қалған қос құлынының басқа салада қызмет етсе де, шығармашылықтан алыс емес екендігін жеткізді. Одан әрі кітапхана қызметкерлері ақынның әсерлі, жүрек тебірентер жауһар жырларын жатқа оқыса, аудандық мәдениет үйінің әншілері Серік Томановтың сөзіне жазылған «Құс қанат ғұмыр», «Аққулар», «Аузынан айдың түскен қыз», «Сезімді қайтем тулаған», «Қызыл көйлек киген қыз» әндерін нақышына келтіріп орындады.
Бұдан кейін уақытында Серік Томановтың қасында бірге жүрген рухани інісі, белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы естелік бейнежолдау жолдап, артынан ерген шәкірті Азамат Есалы қатысып, ақыннан алған өнегелі, өрелі өнері туралы айтты.