«Заң алдында бәрі тең»: Мәдениет және ақпарат министрі БАҚ өкілдері мен блогерлерге үндеу жасады

gov.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
111

Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлау науқаны кезеңінде журналистер, блогерлер мен белсенділердің қызметіне қатысты бірқатар маңызды мәселеге түсініктеме берді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Ол журналистер мен блогерлердің, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге қатысты құқықтарының заңмен қорғалатынын атап өтті. «Масс-медиа туралы» заңға сәйкес, журналистер кәсіби қызметі аясында фото, аудио және бейнежазба жасап, ақпарат тарата алады.

"Сайлауалды науқан кезінде журналистердің, белсенділер мен блогерлердің қызметіне қатысты түрлі сауалдар туындап отыр. Осыған байланысты бірқатар мәселеге арнайы тоқталып, түсінік беруді жөн көрдім. Ең алдымен, журналистер мен блогерлердің заң шеңберінде өз қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқығы бар екенін атап өткім келеді. Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» Заңына сәйкес журналистер кәсіби қызметі барысында фотоға, аудиоға және бейнеге түсіруге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқылы. Бұл ретте журналистер де, блогерлер де адамның келісімінсіз мынадай үш жағдайда түсірілім жүргізе алады:
- егер адам ойын-сауық, мәдени-бұқаралық, мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға, спорттық-бұқаралық іс-шараларға, бейбіт жиналыстарға немесе өзге де көпшілік іс-шараларға қатысса не сол жерде болса;
- егер таратылатын ақпараттағы адамның бейнесі оның қызметтік және (немесе) қоғамдық қызметіне қатысты болса, сондай-ақ ол өз бейнесін ашық қолжетімді дереккөзде өзі жариялаған жағдайда; 
- егер адамның бейнесін пайдалану қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында қажет болса", - деп жазды министр.

Балаеваның айтуынша, бейнеленген адамның келісімінсіз журналистер мен блогерлер түсірілімді бірнеше жағдайда жүргізе алады. Атап айтқанда, адам мәдени, спорттық, әлеуметтік маңызы бар, бейбіт және өзге де жария іс-шараларға қатысқан кезде; таралған ақпарат оның қызметтік немесе қоғамдық қызметіне қатысты болған жағдайда немесе адамның өзі суретін ашық қолжетімділікке жариялаған кезде; сондай-ақ түсірілім қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында жүргізілген кезде рұқсат етіледі.

Министр әлеуметтік желілерде БАҚ өкілдерінің, белсенділер мен блогерлердің аккаунттары жаппай бұғатталып жатыр деген ақпаратқа да тоқталды. Оның сөзінше, Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, соның ішінде БАҚ пен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет сөз және пікір білдіру еркіндігін шектеуге мүдделі емес.

«Журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметін негізсіз шектеу немесе сөз бостандығына нұқсан келтіру ретінде қабылдануы мүмкін әрекеттер нақты журналистер мен блогерлерге ғана емес, мемлекеттік органдарға да зиян келтіреді. Әсіресе бұл мәселелер сайлау науқаны кезінде маңызды. Мемлекет сөз бостандығын және журналистер мен блогерлердің заңды қызметін қамтамасыз етуге әрі қорғауға міндетті», – деді Аида Балаева.

Министр сонымен қатар сөз бостандығы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікпен қатар жүруі керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, әр азамат өз құқықтарымен бірге қоғам мен мемлекет алдындағы міндеттерін де түсінуі қажет. Әлеуметтік мәртебе, қызмет, танымалдық немесе жазылушылар саны ешкімді заң талаптарынан босатпайды.

Балаева журналистер мен блогерлерге ақпарат таратпас бұрын оның шынайылығын міндетті түрде тексеруге шақырды. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктеріне заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.

Сонымен бірге министр заңсыз контент пен заңды пікір білдіруді, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталасты нақты ажырату маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, құқыққа қайшы контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге себеп болмауы тиіс.

«Сөз бостандығы мен жауапкершілік бір-біріне қайшы келмейді. Керісінше, олардың тепе-теңдігі азаматтардың құқықтары қорғалатын, заң баршаға ортақ және қоғамдық диалог фактілерге, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделген кемелді демократиялық қоғам қалыптастырады», – деді Аида Балаева.

Министр БАҚ өкілдері мен блогерлерді ақпарат тарату кезінде жауапкершілік танытып, дереккөздерді тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заң талаптарын бұзбауға шақырды.