Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының «Сарыарқа» фолькло...
Жауынгердің рухы, халықтың үміті болған ән мен күй — өшпес мұра
Фото: anatili.qazgazeta.kz
Қазақ халқының тарихы мен тұрмысынан сыр шертетін қасиетті өнер — музыка саласы. Адамның тұрмыс-тіршілігінен бастап, жан болмысына дейін терең суреттей алатын өнердің шежіресі тереңде жатыр. Қазақ әндері мен күйлері елмен бірге жанасып, халықпен бірге өсіп-өніп келеді. Ел тарихын бүкпесіз баяндайтын әуендер халық жүрегінен орын алып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. Қай кезеңде болмасын сол кездің тұрмысынан сыр шертетін, оны баяндайтын әуезді әндер мен күйлер туып отырды. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарындағы боздақтарынан айырылған халықтың зарлы шерін суреттейтін әндер мен күйлер халық жүрегінен орын алды. MADENIPORTAL.KZ тілшісі соғыс жылдарындағы әндердің өміршеңдігі туралы сыр шертеді.
Ұлы Отан соғысы адамдардың жанарынан жылуды, көздерінен нұрды, жүздерінен күлкіні алып кетті. Кілең қарттар мен әйелдер, жұмысқа жарамсыз ерлер қалған ауыл-аймақтың еңсесі түсті. Елдің аспанын шет-шетінен келген қара қағаздар күңірентті. Сондай жанға жағымсыз, жүрекке ауыр мезеттерде қазақ даласын ән мен күй ғана жандандырды. Жігерлі әндер түскен еңсені көтерді. Халыққа рух сыйлады. Соғыста жүрген сарбаздар да ән сөздерінен қанаттанып, күй әуезінен әсерленді. Осы орайда MADENIPORTAL.KZ тілшісі музыкатанушы Балнұр Сардарбекпен сұхбаттасты.
Екіншідүниежүзілік соғыс кезінде халықтың көңілінен шыққан, елдің еңсесін көтерген әндерге тоқталып өтсеңіз?
“Екінші дүниежүзілік соғыс кезі айтылса есіме “Ах, Самара-городок”, “Катюша”, “Летят журавли” сынды орыс тіліндегі әндер келеді. Ол кезде де қазақ тілінде шығарылған әндер болды. Бірақ соғыс жылдарынан кейін көбіне орыс тіліндегі осы әндер танымалдылыққа ие болды. Соғыс әндері дегенде ойыма бірінші осы әндер келді. Алайда қазақ сахнасында да соғыс кезіндегі әндер шырқалып жатты. Ал соғыстан кейінгі жылдары шығарылған Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовтың “Бейбіт күн тілегі” атты әні бар, Алтынбек Қоразбаевтың өмір бойы балаларын соғыстан күткен ауылдасы жайлы "Қара кемпір" әні, Сейдолла Бәйтерековтың “Әлия” әні ел арасында кеңінен тарады”.
Соғысқа байланысты жазылған әндердің ерекшелігі мен өміршеңдігі неде деп ойлайсыз?
"Соғыс жылдары болсын, одан кейін соғыс туралы шығарылған әндер болсын, қазіргі әндерге қарағанда позитивті болып келеді. Мұңды деген әннің өзінде зар жоқ. Бұл жердегі негізгі мақсат композитордың позитивті көзқарасты ұстануында шығар. Халық онсызда жапа шегіп жатқан уақытта, мұңды әндер жараны тырнайды деп ойлаған болар. Сондықтан барынша жігер сыйлайтын әндер көбірек. Мысалы 9 мамырда 20 ән орындалса оның 15-і позитивті әндер. Ол кездегі әндер халықтың жүрегіне тыныштық орнату үшін шығарылған. Ал әндердің өміршеңдігіне келер болсақ, КСРО кезінде халықтар ұлтқа бөлінбеді. Керісінше барлық ұлттың бір ғана жауы — немістер болды. Барлығын біріктірген де осы жағдай. Сол себепті ол кездегі әндер өміршең. Әрі соғысқа қатысқан, соғыс кезінде туылған, соғысқа қатысқандардың көзін көрген адамдардың ұзақ жасауы да ән мен күйдің осы күнге жетуіне өз септігін тигізді деп ойлаймын".
Соғыс жылдарын суреттейтін, шынайы оқиғаға негізделген әндерді айтып өтсеңіз?
"Алтынбек Қоразбаевтың “Қара кемпір” әні соғыстан оралмаған баласын өмір бойы күткен ана туралы шырқалады. Сондай ауыр ән. Көзіңе жас алып тыңдайсың. Тағы “Жас қазақ” деген әнді көбі біле бермейді. Рамазан Елебаев майдандағы жақын досы Төлеген Тоқтаровқа «Жас қазақ» деген ән арнаған. Сейдолла Бәйтерековтың “Әлия” әні — соғысқа қатысқан батыр қыз туралы. Кейін Қасым Аманжоловтың “Дариға сол қыз” әні —өзінің ғашығына арнап шығарған ән”.
Соғыс жылдарында "елім" деген әншілер қандай ерліктер жасады?
“Соғыс кезінде төбеден оқ ұшып жатқан уақытта әдемі көйлегін киіп, майданға шығып, әнімен сарбаздарды қолдаған бірден-бір әнші, ол — Роза Бағланова. Ол сарбаздардың алдында барынша жігерлі әндерді айтуға тырысқан. Роза Бағланова жараны түртіп, қазаны қазып мұңды әндер айтса тыңдаушыларға өте ауыр тиер еді деп ойлаймын. Ол кезде өнер —қолдаушы, қорғаушы болды".
Ұлы Отан соғысы - талай ақынның шабытын шыңдады. 100-ге жақындаған Жамбыл Жабаев "Ленинградтық өренім" атты өлеңін шығарды. Оны майдан ортасында өліммен қарама-қарсы тұрған 19 жасар қазақ қызы, Халық Қаhарманы Роза Бағланова әнге қосты. Сонымен қатар Рашид Мұсабаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Люция Төлешова, Суат Әбусейітовтердің орындауындағы соғыс әндері жүректерге үміт сыйлады. Жоғарыда аталған, Төлеген Тоқтаровқа ән шығарған Рамазан Елебаев соғысқа арнап “28 панфиловшылар”, “23-ші полк маршы” сынды әндер жазды. Ол әндер жауынгерлердің рухын көтеретін. Сонымен бірге «Ананың тәубесі» деген әнді де жазды, сөзі — Иса Байзақовтікі.
КҮЙМЕН ТЕРБЕЛГЕН КҮҢГІРТ АСПАН
Екінші дүниежүзілік соғыс әншілерден бөлек, күйшілердің де жүрегіне жара салды. Сұм соғыс жылдарындағы күйлер қос ішекті домбыраны күңірентті. Оқиғалар сөзсіз әуезді әуенмен елге айдан анық түсінікті болды. Белгілі күйші, өнер зерттеушісі Мұрат Әбуғазыдан соғыс жылдарында шыққан күйлер туралы сұрап білдік.
"Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде күйшілер соғысқа байланысты күйлерді орындады. Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа ту тіккенде, Дина Нүрпейісова “Жеңіс” деген күй шығарады. Одан бөлек Дина апамыздың “Ана бұйрығы” деген күйі бар. Сонымен қатар, “Майдандағы ұлыма” деген де күйі бар. Соғыс кезінде Динаның бір баласы соғысқа кетіп хат-хабар үзіледі. Ол із-түзсіз жоғалып кеткен", - дейді күйші.
Мұрат Әбуғазының айтуынша, маңғыстаулық күйші, композитор Мұрат Өскенбаевтың да “Жеңіс” деген күйі бар екен. Бұл күй 1945 жылы шыққан. Автор күйді жеңіске ие болғандардың құрметіне шығарыпты.
"Сол кезде соғысқа қатысқан Төлеген Момбековтың “Інілеріме” деген күйі бар. Бұл күй майданда жүрген сарбаздарға арнап шығарылған. Тараз өңірінде Тұраш Әбеуов деген күйші де соғысқа қатысқан. Сондықтан күйшінің көп күйі соғыс тақырыбына арналады. “Лениншіл комсомол” деген күйі бар. "Лениншіл комсомол” сөзі танкке жазылған. Өзі соғыста танк айдаған азамат. Бұл күйді майдандас достарына арнап шығарған", - деді ол.
Күйшіден белгілі бір оқиғаға негізделген шығарманы да сұрадық.
"Мағауия Хамзиннің “Белгісіз солдат” деген күйінің тарихы тереңде. Мағауия Хамзин Балқаш жақта іс сапармен жүреді. Байқаса, күнде бір қария жердегі адамның ізіне қарап, кейін үстінен жауап қояды. Бір күні Мағауия Хамзин бұл не үшін екенін сұраған екен. Қария соғыстан оралмай қалған баласының ізін көзінің қарашығындай сақтайтынын айтқан. Қария күнде келіп баласының табанының ізін көріп тұрады екен. Бұл оқиғаға тебіренген Мағауия Хамзин “Белгісіз солдат” күйін шығарған”, - дейді күйші.
СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНАН КЕЙІНГІ ПАТРИОТТЫҚ ӘНДЕР
Біз жоғарыда атап өткен Шәмші мен Жұмекеннің “Бейбіт күн тілегі” әні соғыстан кейінгі қазақ даласына өң берді. Соғыстың бітуі талай көңілге қуаныш сыйлап, қараңғы қазақ даласы әуезді әндермен әрленді. Лирикалық әндер туа бастады. Ең бастысы бүгінгі әнұранымыз, талай жанға жігер сыйлайтын “Менің Қазақстаным” өмірге келді. Осы орайда “Шәмші Қалдаяқов атындағы ақпараттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру”дирекциясының бас директоры, журналист - Бекзат-Саттархан Қалдыбекұлымен тілдесуді жөн көрдік.
"Жаугершілік замандарда батыр бабаларымыз ән мен күйді өнер ғана емес, халықтың рухани қорғаны, жауынгердің рухын оятып, ерекше күш-қуат беретін құрал ретінде пайдалана білген. Дауылпаз, домбыра, қобыз тәрізді аспаптар арқылы соғыс кезінде жігерлендіріп, жеңіске деген құлшынысты арттыратын болған. Ұлы Отан соғысы тұсында да радиолардан рухты әндерді жиі беріп отырған. Бірақ мен бүгін қазіргі таңда барша қазаққа жігер беретін Әнұранымыз “Менің Қазақстаным” әнінің шығу тарихы жайлы айтқым келіп отыр. 1956 жылы Кеңес Одағы тапсырмасымен Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны қызу жүріп жатқан кезде, кейбір аймақтар орысша атауға ие бола бастайды. Солтүстік өңірдегі 3 облысты “Целинный край” етіп бөліп алмақшы болғанда, ақын Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқов Қазақстанның тұтастығы мен ұлттық намысын қорғау мақсатында “Менің Қазақстаным” атты рухты ән жазып шығарады. Бұл әнді ең алғаш рет Қазақстанның халық әртісі - Жамал Омарова орындап, радиолар арқылы халық арасында кеңінен танылып, алаңдаған халыққа жұбаныш болады. Осылайша, Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов жерді, елді қарумен ғана емес, әнмен де қорғауға болатындығын дәлелдейді. Ол кезде Шәмші Қалдаяқов 26 жаста, ал Жұмекен Нәжімеденов небәрі 21 жаста еді. Бір қызығы, 1956 жылы жарыққа шыққан “Менің Қазақстаным” әні араға 50 жыл салып, 2006 жылы Қазақстанның Әнұраны атанады. Қазіргі таңда, әр қазаққа ұлттық рухты сезіндіретін Әнұранның шығу тарихы осындай…”, - деді Бекзат-Саттархан Қалдыбекұлы.
Ел жүрегіне жамау болған, көңіліне нұр сепкен қазақтың әні мен күйі ғасырдан ғасырға жалғасқан құнды мұра. Олар өзінің өзектілігімен, өміршеңдігімен құнды. MADENIPORTAL.KZ ұжымы қазақ даласында рухты әуендер шырқалып, аспанымыз ашық, тыныштығымыз мәңгі болуын тілейді.