ЖЕРДІ ИІТКЕН ИГІ МАҚСАТ

Жаңалықтар
2114

 

Еліміздегі басымдыққа ие аграрлық сала күннен күнге қадамын кең тастап, қарыштап келе жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Осы орайда отандық агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қалай жүріп жатыр деген сауал да өзекті екені даусыз. Сонымен, биылғы жылдың еншісіндегі істерге шолу жасап өткенді жөн көрдік. 

Жуырда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеевтің «2018 жылғы егін жинау жұмыстарының барысы туралы» мәселе бойынша жасаған баяндамасын негізге алып, сонымен қатар, осы салада қомақты орын алатын Солтүстік Қазақстан облысындағы егін орағы жайын да тілге тиек еткіміз келді. 

Осыған дейінгі облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларынан алдын ала алынған деректерге сүйенсек: дәнді дақылдар ағымдағы жылы 15,0 млн. гектар алқаптан орылатын сыңайлы. Ал жалпы республика бойынша дәнді дақылдар 20,0 млн. тонна жиналуы тиіс деп көзделген. Сондай-ақ  2,3 млн. тонна майлы тұқымдар өндіру көлемі де болжаныпты.

Бидай республика бойынша – 11,1 млн. гектарға егілетін болса, салыстырмалы түрде Солтүстік Қазақстан облысы соның 4/1 бөлігін құрап, яғни 3 млн. гектарға сіңірілген. Жалпы алғанда еліміз бойынша 20,0 млн. тонна дәнді дақылды қамбалау жоспарланса, соның  6 млн тоннаға жуығын осы солтүстік өңірінің үлесіне тиесілі болып тұр. 

Облыс бойынша бүгінгі таңдағы гектар түсімі әзірге орта есеппен 17 центнерден айналуда. Бұл – жағымды көрсеткіш. Солтүстіктің ырысы Ресей, Иран, Қытай секілді сырт елдерге экспортталмақ. 

Майлы тұқымдарға келсек: жалпы жиналатын алқабы 2,8 млн. гектарды құрайды. Солтүстік аграрийлері алдағы уақытта майлы дақылдарды өсіруді даңғыл жолға қоймақшы. Ауыл шаруашылығы алқаптарын әртараптандыру қажеттілігіне сәйкес, алдағы жылы майлы дақылдарды 1 млн. гектар алқапқа егуді жоспарлап отыр. Нарықтық талапқа орай өнімнің бұл түріне сұраныс ұлғаюда. 

Қорыта келгенде, астықтың экспорттық әлеуетін 9,0 млн. тоннаға арттырып, майлы дақылдардың экспортын – 1,0 млн. тоннаға жеткізу межеленген. Сонымен қатар, бұл мақсат - құрамажем және май шығаратын кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуге де мүмкіндік беретіні күмәнсіз.

Аталмыш бағдарлама аясында осы өркенді істерді жүзеге асыру үшін дәйекті шаралар да дер кезінде атқарылып жатқаны аңғарылады. Осы таңда жалпы шаруалар меншігінде 14 мыңнан астам өнімділігі жоғары егін жинайтын комбайндар бар екен. Биыл солтүстік өңірдегі орақ науқанына сегіз мың комбайн жұмылдырылыпты.

Сондай-ақ, оларды арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін ел қазынасынан 10 млн 200 мың теңгеден астам қаржы бөлінген. 

Ал жалпы республика бойынша астық жинау жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынына деген шаруалардың сұранысы 394 мың тоннаны құрапты. Осы айдың орта шеніндегі ақпарат бойынша егін орағын жүргізуге 268 мың тонна дизель отыны (68%) жөнелтіген.

Қыркүйек айындағы шаруаларға жеткізіп беру бағасын қоса есептегенде, дизельдің бір литрі 165 теңгені құрап, (жанар-жағармай бекетінде литрі 191 теңге) нарықтық бағадан 14%-ға арзан түскен сыңайлы.

Осы жылғы көктемгі егіс пен орақ жұмыстарын қаржыландыруға КазАгро холдингінен бюджеттік кредит тарапынан 60,0 млрд. теңге бөлініпті. Бұл - 1985 агроөнеркәсіптік кешен субъектісін қамтып, 3,2 млн. гектардан астам алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге мүмкіндік берді деген сөз.

Қолданыстағы егін жинаушы комбайндардың күндік өнімділігі 800,0 мың гектар маңында  болып, ауа райынан қолайсыздық туындамаса – науқанды қазан айының алғашқы онкүндігінде тәмамдауға мүмкіндік бар тәрізді.

Сары алтынды жинап, қамбаға салумен қатар, оны сақтау да күрделі еңбекті талап етеді. Республика аумағында жалпы сыйымдылығы 13,6 млн. тоннаны құрайтын 196 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорыны қызмет етеді. Өкінішке қарай, жауын-шашынның кесірінен элеваторларға құйылып жатқан астықтың ылғалдылығы жоғары. Сонымен дәнді және майлы дақылдарды қайта кептіруге мәжбүр болып, қосымша дизель отынын сатып  алуға тура келетін сияқты. Базистік ылғалдылық 13,5%-ға тең болса, қоймаға түскен астықтың жартысынан астамы 20%-дан жоғары ылғалдықты көрсетуде.

Осыған орай, қазан-қараша айлары тұсына астықты кептіру үшін 6 облыстан 85 мың тонна дизель отынына тағы қосымша сұраныс түсіпті. Ысырапқа жол бермеу үшін құзырлы мемлекеттік мекемелер тиісті шараларды қарастырып жатқан көрінеді.  

Бұл шағын шолуда ауыл шаруашылығы саласындағы өркенді істердің көрікті келбетімен таныстыруды көздеген едік. Білікті маманы, білімді ғалымы, жерін сүйген шаруагер жұртымен ғана ел көркейер, Отанымыз гүлденер. Қамбамыз «сары алтынға» толып, «қара алтынға» ғана қарайламай, алтын тұғыр – ауылдың төсін аялайық, ағайын.  

З. Самалбекұлы


Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...