«ЖИ оқушының орнына ойламауы тиіс»: Асхат Аймағамбетов білім берудегі жасанды интеллект туралы айтты

әлеуметтік желіден

ЖАҢАЛЫҚТАР
181

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов Білім күніне орай әлеуметтік желіде жазба жариялап, жасанды интеллект дәуіріндегі мектеп пен мұғалімнің рөлі туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, технология дамыған сайын ұстаздың маңызы төмендемейді, керісінше арта түседі, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Аймағамбетов бүгін қолына «Әліппе» ұстаған бірінші сынып оқушылары мен мектеп бітіруге жақындаған 11-сынып оқушыларын көргенін айтып, олардың арасындағы 11 жыл ішінде әлемнің айтарлықтай өзгеретінін атап өтті.

Оның сөзінше, қазіргі технологиялар қажетті ақпаратты санаулы секундта тауып, жасанды интеллект түрлі тапсырманы жылдам орындауға мүмкіндік береді. Алайда баланың дұрыс сұрақ қоюы, ақпаратты саралауы, өз бетінше ойлауы және қабылдаған шешіміне жауапкершілікпен қарауы бір сәтте қалыптаспайды.

«Бірақ дұрыс сұрақ қою, ақпаратты сүзу, өз бетіңше ойлау, армандау, шешім қабылдау және оған жауап беру бір секундта үйренілмейді. Осының бәрін үйрететін – мектеп. Баланың бойына сіңіретін – ұстаз. Сондықтан ЖИ дәуірінде ұстаз бен мектептің маңызы азаймайды. Керісінше, бұрынғыдан да арта түседі», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Депутат жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізу кезінде қауіпсіздік пен этика мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін де айтты. Оның пікірінше, ЖИ мұғалімді алмастыратын емес, оның мүмкіндігін кеңейтетін құрал болуы керек.

«Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне этикалық тұрғыдан дұрыс, қауіпсіз әрі тиімді енгізуіміз қажет. ЖИ мұғалімнің мүмкіндігін күшейтіп, жұмысын жеңілдетуі керек. Ал оқушының орнына ойламай, оның ойлауын тереңдетуге тиіс», – деді ол.

Сөз соңында Асхат Аймағамбетов ұстаздарды, оқушылар мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қостанайдағы колледждердің бірінде жаңа оқу жылының басталуына арналған іс-шара кезінде «Матуш...

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ

Еліміздегі кейбір мектептерде оқушыларға құлақ ашық болу керек, шаш үлгісінің қатаң талапқа сай және...