Әлия Бөпежанова. «САТЫБАЛДЫ СОҚПАҒЫ»

Фото автордікі

Өнер
766

Жазушы Өтеш Қырғызбаевтың деректі хикаяты туралы бірер сөз

Негізінен оқуға, көруге, жазу-сызуға байланған өміріңде оқыған әрбір кітабың, көрген әр спектаклің мен фильмің әрқилы сезім, сан түрлі ойға жетелейтіні бар. «Сатыбалды соқпағы» деректі хикаятының  («Runa» баспасы, 2023) жарық көретінінен, сонсоң  жарық көргенінен хабардар болсам да оқудың  орайы жуырда ғана келген. Жинақтың  әрбір бетінде қадірлі аға Сәке – Сатыбалды Нарымбетовтің болмысымен қайта қауышқандай, сөйлескендей, ой бөліскендей; нақты жеке адамға және бүткіл адамзатқа деген үлкен махаббатын қайта сезінгендей боласыз. Көңілді бір жарқын мұң билейді...

 «Время разбрасывать камни и время собирать камни» - Экклезиаст кітабынан. «Сатыбалды соқпағы» - осы бір пәлсапалық тұжырымның қарапайым һәм айшықты бір мазмұнындай. Көрнекті кинорежиссер, жазушы, ұстаз Нарымбетовтің қарапайым да заманауи қазақы болмысын ашатын хикаяттың соңғы бетін жапқанда Сатыбалды ағаның өзін де көп толғандырған «... адам өмірге келеді-кетеді, соңында нендей із қалдырады?» сауалға белгілі бір деңгейде жауап алғандай боласыз.  «Сатыбалды аға қандай бақытты!»  Осы бақыттың бір құрамдасы – Өтеш Қырғызбаевтай рухани інісі, шәкірті бар екені.

«Ес білгелі Сатыбалды Нарымбетовтің соңынан ерген рухани жақын інісі ретінде қуанышы мен ренішіне ортақтасып келе жатқандықтан ағамыздың бар өмірі көз алдымда өтті десе болады» дейтін жинақ авторы кейіпкерінің адами болмысын, шығармашылық лабораториясын әр қырынан зерделетеді. Нарымбет молданың немересі Сатыбалдының Созақтан бастау алған өмір жолының әлем кеңістігіне шыққан өнер жолына қалай ұласқанын, тұлғалық деңгейге көтерілгенін  әдемі жүлгелейді. Бұл тұста Өтештің журналистік зерттеушілік мол тәжірибесі, қоғамның келбетін, адамның жанын нәзік танитын суреткерлік түйсігі, ішкі бір зиялылығы «көмекке келеді». Ол тіпті Сатыбалды ұстазының өмір-өнер жолының көркем шежіресін жазып шыққандай. (Көркем һәм деректі прозаның  шебері Өтеш Қырғызбаевты кеңірек аядан алар болсақ, Созақтың шежірешісі десе артық емес. Оның – көрнекті жазушылар Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, күйші-композитор Сүгір, қобызшы Жаппас Қаламбаев, сондай-ақ жазушы-ғалым Ісләм Жарылғапов туралы жазған кітаптары, сондай-ақ тарихымыздың ақтаңдақ бетіне жататын Созақ көтерілісі туралы  «Созақ қасіреті» романы және өзге де шығармалары көзқарақты қауымнан жоғары бағасын алған.)

«Сатыбалды соқпағы» - келесі бір орайдан алғанда, қазақ өнерінің үлкен тұлғасы Нарымбетовтің кең рухани ортасы - аға буын А.Әшімов, Д. Тұрантегі, дос, мұраттас-әріптестері С.Елубай, Б.Қалымбетов, Е.Тұрсынов, кейінгі бірнеше буын Р.Әбдіраш, Ә.Бейшенәлиев, Д.Саламат, А.Есмағамбетова, Ә.Бағдәулет, М.Асан;  өмірінің соңғы кезеңін бірге өткізген жары, созақтық атақты күйшілер Жүзбаевтар әулетінен шыққан Бақыт Әлімханқызы, інілері Ораз, Базарбай, тағы да басқалардың көңіл көзімен де сомдалған жинақтық бейнесі,  өнербаяны. «Созақтан шыққан  Гамлет», «Көзімнің қарасы», «Омпа», «Қызжылаған», «Мұстафа Шоқай», «Аманат» фильмдерінің контексті туралы жан-жақты танымдар, яғни үшінші проекция, сонымен қатар осы жолдар авторының және Қ.Смәділқызының режиссермен жан дүниесін, тұлғалық ауқымын аша түсетін сұхбаттары да енгізілген «Сатыбалды соқпағы» жанға нұр себеді. Шағын пікіріміздің соңында бүгінде біздермен көркем туындыларымен сұхбаттастыққа түсіп, өзіміз, өткеніміз бен өмір кешулі қоғамымыз туралы ойға шақыратын кейіпкері Нарымбетовке өмір салты да, өнер ұстанымы да ұқсас автор Қырғызбаевқа деген үлкен ырзашылығымызды білдіріп, шығармашылық табыстар тілейміз.

Алматы

07.04.2024

 

 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...