Белгілі театр актрисасы ауыр дерттен көз жұмды

Фото: ашық дерекөзден

Өнер
98

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актрисасы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Бижамал Кемалова ұзақ созылған ауыр дерттен көз жұмды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Өнер иесі Сәкен театрына 1980 жылдардың басында келіп, жылдар бойы өнерсүйер қауымға адал қызмет етті. Ол жоғары кәсіби шеберлігімен, өзіндік актерлік өрнегімен және сахнаға деген адалдығымен қалың көрерменнің ықыласына бөленді. Бұдан бөлек, актриса Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының іргетасын қалауға атсалысқан ардагерлердің бірі болды.

Бижамал Далабайқызы театр сахнасында қазақ арулары мен қыз-келіншектерінің, аналар мен әжелердің сан қырлы бейнесін шебер сомдап, әр кейіпкерінің мінезін терең аша білді. Әріптестері оны театрдың мақтанышы әрі кейінгі буын актерлеріне бағыт-бағдар берген ақылшы ұстаз ретінде еске алды. Мәдениет саласындағы көпжылдық еңбегі бағаланып, ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, «Қазақстанның Мәдениет қайраткері» атағына ие болған еді.

Өнер майталманы сахнада көптеген жарқын образдарды сомдады. Атап айтқанда, «Досымның үйленуі» спектакліндегі Биғаным, «Қарагөздегі» Мөржан, «Ғашықтың тіліндегі» Сүйімқан, «Қайран жас дәурендегі» Воронкова, «Аққу сезімдегі» Ақдидар, «Мусье Жордандағы» Шахрабану, «Тәнге түскен раушангүлдегі» Мисс Йорк рөлдері оның шығармашылық қорына енді. Оның бұл бейнелері қазақ театр өнерінің тарихында мәңгі сақталады.  

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ

Тестілеу басталғалы 25 мыңнан астам адам магистратураға түсу үшін кешенді тест тапсырды. Ғылыми-педа...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада автосалон менеджері клиенттердің көлігін заңсыз иемденіп, сатып жіберген, деп хабарлайды Ma...