Күйші Секен Тұрысбек домбырасын ұрлатып алғанын айтты

Фото: ашық дереккөзден

Жаңалықтар
129

Белгілі күйші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық артисі, «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» секілді танымал күйлердің авторы Секен Тұрысбек «Түркістан»газетіне берген сұхбатында белгілі шебер Борис Романенко жасаған домбырасын әлдекімнің ұрлап кеткенін, ол адамды шамамен білетінін айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz malim.kz тілшісіне сілтеме жасап. 

1992 жылы Республика сарайында айтыс бо­лып жатты. Жүрсін Ерманов айтыстың арас­ында күй тартып бер деп шақырған. Соған барғанда домбыраны футлярына салып, сыртқа темекі тартып келуге шықтым. Қай­тып кеп, күй тартуға шықпақ боп фу­тляр­ды ашсам – домбыра жоқ! Сосын Жүр­сінге хабарласып, мені шығармай-ақ қойың­дар, домбырамды жоғалтып отырмын дедім. Бәрі жабыла іздегенмен табылмады. Алған адам қашып үлгерген. Оны әкеткен адамды шамамен білемін, бірақ ұстап алмаған соң сен алдың деп айта алмайсың. Жұрттың көбі де содан көреді. Қазір де бар, өзі композитор жігіт, ән жазады. Мені көрсе қашқақтап жү­ре­ді. Ырымдап алған шығар деп ойлаймын, дейді күйші.

Күйші, сондай-ақ, Желтоқсан тоқиғасы кезінде үстінен арыз жағандар туралы да сырын ақтарды.

– Кеш түсіп, алаңда жүргендердің қарасы азая бастаған кезде әскерилер халыққа лап қой­ды ғой. Содан қашқан жұртпен бірге Лер­монтов драма театрының жанына жеттім. Менің алдымда екі-үш қазақ қашып бара жат­қан екен. Мен де солардың ізімен жү­гір­дім. Ізімде үш-төрт солдат келе жатыр. Ме­нен қалар емес. Басымда бөрік, бетімді шарфпен жауып алғам, әлдеқандай жағдай бол­са түрімді танып қоймасын деп. Содан Абылай хан мен Құрманғазы көшесінің қиылысына жеткенімде соңымнан ергендер алыс­тап қалды. Мініп кетейін десең бірде-бір такси тоқтамайды, ол кезде таксистердің көбі өзге ұлт өкілдері ғой. Содан жүріп отырып, Сейфуллин мен Белинский көшесінің қиылысатын тұстың күнбатысындағы Сельская көшесі, 23-үйде тұратын Таласбек Әсемқұловқа жетіп жығылдым.

Менің алаңға барғанымды білген музейдің директоры, музейдің партия ұйымының хатшысы (қазір атын жұрт білетін М. деген ән­ші әйел), сосын комсомол комитетінің жетекшісі, қылқобызшы жігіт – үшеуі үстімнен арыз жазыпты: алаңға барған, онымен қоймай музей қызметкерлерін алаңға шығуға үгіттеген деп. Содан маған «үш әріптен» бір орыс жігіт келді.

Әлгі үшеуі тұр, «ал енді жауабыңды бер» деп. Содан музейдің екінші қабатына көтеріліп, кішкене бір бөлмеге барып, маған не үшін келгенін айтып, жаңағы үшеуінің арызын көрсетті. Арыздың астында аттары тұр. Менен алаңға бардың ба деп сұрады. Барғанымды, көргенімді – бәрін айтып бердім. Ол мені тыңдап болды да, «ен­ді тыныш жүріңіз, әлгі үшеуіне үстіңізден арыз жазғанын білетініңізді сездіріп, қабақ шытпаңыз. Түк болмағандай жұмысыңызды істеп жүре беріңіз. Егер араларыңызда конфликт болып, олар тағы арыз жазатын болса мен сізді ана жаққа шақырамын» деп тапсырды. Оқиғаның бұлай жайбарақат бітуіне қоғам және мемлекет қайраткері Екейбай Қашағановтың жұбайы Мархаба Керімқұлқызының әсері болғанын кейін білдім. Ол кісі Халық аспаптары музейін басқарған еді. Күйеуі үш әріптің бастығымен таныс болуы керек, мені беделін салып қорғап қалған. О кезде Екейбай ағаның қайтыс болғанына бір жыл болған. Желтоқсан кезінде «үш әріп» алаңға шыққандардың тізімін жасаған ғой. Сол жаққа хабарласқан Мархаба апай тізім­де менің бар-жоғымды сұратқанда атым тұрғанын біліп, маған араша түскен. Сөйтіп, қудалаудан аман қалдым. Бірақ бірге істеген адамдардың қиянаты жүректе қалды. Сатқындар қай кезде де табылады екен, дейді күйші.