Болат Әбділманов: Алтын ғасырды жасаған бірегей тұлға - Асанәлі Әшімов

Фото: bugin.kz

Өнер
412

ҚР Халық әртісі Болат Әбділманов қазақ сахнасы мен кино өнерінің аңыз тұлғасы, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімовты еске алып, оның өнердегі орны мен адамдық болмысы туралы терең толғамын білдірді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

«Қазақ өнерінің шыңы, қазақ өнерінің төлқұжаты десек, қазақ деген ұлт барда, оның өнері барда, кім бірінші тұрады дегенде, әрине, Асекең тұрады», – дейді Болат Әбділманов. 

Оның айтуынша, Асанәлі Әшімовтің бүкіл ғұмыры Ұлттық Әуезов театрымен тығыз байланысты. Театрға бала болып келіп, балалықтан ағалыққа, ағалықтан даналыққа, даналықтан абыз ақсақалдыққа жеткен Асекең – тұтас бір дәуірдің символы.

Әуезов театры тарихындағы 30 жылдық алтын кезең Асанәлі Әшімов сынды алыптардың есімімен сабақтас. Сол жылдары қазақ театр өнері биік деңгейге көтеріліп, ұлттық сахна жаңа сапалық белеске шықты. «Ол алтын ғасырды жасаған тұлғалардың бірі ғана емес, бірегейі», – деп атап өтті Халық әртісі.

Ұзақ жылдар бойы театрдың көркемдік жетекшісі болған Асанәлі Әшімов ұжымның шығармашылық бағытын айқындап, репертуар саясатына үлкен ықпал етті. Қандай спектакльдер қойылуы керек, театрдың бағыт-бағдары қандай болуы тиіс – осының барлығы Асекеңнің көреген ақылымен жүзеге асты. Соның арқасында театр бүгінге дейін өз биігінен түспей келеді.

Болат Әбділманов Асанәлі Әшімовті тек ұлы актер емес, азаматтық тұлғасы биік, мемлекет деңгейінде ойлай алатын кемеңгер ретінде де ерекше құрметпен еске алды.

«Өмірде қанша сүрінді, қанша қайта тұрды. Соның бәрін қайыспай көтере білді. Өнер – қиын жол. Сол жолда шын жүйріктер, тарландар ғана алдыңғы орынға шығады. Асекең өнердегі інілеріне, кейінгі буынға әрдайым үлгі болды», – деді ол.

Асанәлі Әшімов – қазақ өнерінің тарихында мәңгілікке аты қалған, рухани биігі мен адамдық болмысы ұлт жадында сақталатын ұлы тұлға. 

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда медициналық диагностика мен емдеудің заманауи технологияларын енгізу арқылы балаларды ше...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Атырауда 9 қаңтарда жоғалып кеткен 59 жастағы Талғат Назаровты іздеу жұмыстары ресми түрде аяқталды,...