Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовті...
Бүгін сахнада – болашақ жұлдыздар
"Астана Опера" театры
1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні әсіресе жас әртістер мен олардың ата-аналары үшін тебіреніске толы болмақ, өйткені бұл күні «Астана Опера» балалар театр студиясы К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында өз көрермендеріне ұмытылмас сыйлық - «Балалар театрға шақырады» жыл сайынғы концертін тарту етеді. Бұл туралы "Астана Опера" театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, madeniportal.kz хабарлайды.
Бұл танымал концерт жыл сайын өзінің жарқын әрі әдемі өнер көрсетуімен балаларды да, ересектерді де қызықтыра отырып, нағыз дарын мен шабыт мерекесіне айналады. Театр студиясының кішкентай әртістері тәжірибелі оқытушыларының жетекшілігімен вокалдан және биден шеберліктерін ұштап, осы оқиғаға жыл бойы дайындалады.
Осы ретте балалар балет студиясының жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалия Бөрібаева балалар шығармашылығын ұнататын әрі бағалайтын жандарды қуанту үшін шәкірттерінің өнер көрсетуге зор жауапкершілікпен келгенін айтты.
- Концертке көптеген балалардың ықыласпен қатысатынын көру бір ғанибет. Егер балет бағдарламасы жайлы айтатын болсақ, біз он жарқын нөмір дайындадық. Сонымен, студияда бұрыннан тәлім алып жүрген қыздар екі вариациядан билейді, ал қалғандары бір вариациядан таныстырып, П.И.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінен «Қызыл телпек» миниатюрасына және «Полонез» тамаша композицияларына қатысады. Сондай-ақ Л.М.Готшалктың музыкасына «Тарантелла» финалдық нөмірі жайлы да атап өтуіміз қажет, – деді Ғалия Бөрібаева алда болатын концерт бағдарламасының егжей-тегжейі жайлы айта отырып.
– Балалар – сарқылмас дарынның қайнар көзі, алайда оларды көп нәрсеге үйретіп, бағыт-бағдар беріп отыру қажет. Біздің сабақтарымыздың барысында олар ритмді сезеді, музыканы естуді үйренеді, өздерінің актерлік қабілеттерін ашады және өздеріне деген сенімділік пайда болады. Олардың өнер көрсетуге дайындығы өзін-өзі бағалау деңгейіне байланысты екенін атап өту маңызды. Менің міндетім – олардың әрбіреуіне өзінің ішкі әлемін ашуға, өздеріне деген сенімділіктерін оятуға және көрермендердің алдындағы қорқыныштарын жеңуге көмектесу. Әлбетте, ата-ананың махаббаты үлкен рөл атқарады, өйткені балалар ата-анасымен кез келген кедергіден өте алады және өздерінің аңсаған армандарын жүзеге асырады, – деп пікірін қосты Ғалия Бөрібаева.
Жас бишілер мерекелік концертте балалар хор студиясының тәрбиеленушілерімен бірге өнер көрсететінін атап өтуіміз қажет. Барлық қатысушылар үшін «Астана Операның» тігін цехы көздің жауын алар түрлі-түсті костюмдер жасап шығарды.
– Бұл концертте көрермендерді, ең әуелі, балалар шығармашылығы күтеді. Көпшілік кішкентай балғындардың қалай әртіске айналғанына немесе әртіс болайын деп жатқанына куә болады. Біз И.С.Бах пен Ш.Гуноның «Аве Мариясын», Д.Перголезидің «Stabat Mater» туындысынан 2 нөмірді, П.Чайковскийдің «Неаполитандық әнін», Р.Роджерстің «The Sound of Music» әнін, сондай-ақ Т.Мұхамеджановтың «Заман-ай», Е.Брусиловскийдің «Шолпан», А.Жұбановтың «Ақ көгершін» сынды қазақ музыка туындыларын, «Қараторғай», «Япурай» халық әндерін дайындаудамыз. Бағдарлама соңында біз С.Еркімбековтің жақсылық пен бейбітшілік жайлы «Добрая мечта» әнін ұсынамыз, – деп атап өтті «Астана Опера» балалар хор студиясының жетекшісі Алтынғаным Ахметова. Сонымен қатар ол жаздың балалардың демалып, күш жинауды қалайтын ең сүйікті жыл мезгілі екенін айтып, барлық балаларға тамаша демалыс, жарқын әсерлер тіледі.
– Біздің кішкентай әртістеріміз таяу уақытқа жоспарланған бірқатар опералық спектакльдерге дайындалуда. Бұл балалар хор студиясының қатысушыларынан қосымша күш пен уақытты талап етсе де, олардың әрбіреуі осынау іске жанын салуда. Олар үшін бұл жұмыс қана емес, сонымен қатар өздерінің шығармашылық әлеуеттерін ашуға мүмкіндік. Өйткені өнердің мәні осында, яғни күш пен еңбекті көрермендердің жүрек қылын қозғайтын қайталанбас көрініске айналдыру қабілетінде. Бұдан бөлек, мен қазіргі заманауи гаджеттер әлемінде балалардың оларды бір уақыт қоя тұрып, өздері үшін және көрермен үшін ерекше әрі көңілді, ізгі әрі пайдалы іс жасай алатынына өте қуаныштымын, - деп қорытындылады Алтынғаным Ахметова.
Еске сала кетейік, «Астана Операның» балалар студиясы 2013 жылы құрылған. Хор және балет студиясының тәрбиеленушілері театр репертуарындағы спектакльдер мен концерттерге үнемі қатысып тұрады. Ал 2022 жылдан бастап «Астана Операда» тағы бір бағыт – театрлық қолөнер студиясы қосылды. Концерттен бұрын көрермендер осы студияға барып жүрген жас қолөнершілер мен суретшілердің жұмыстарының көрмесін тамашалай алатынын айта кетуіміз керек, көрме театр фойесінде өтеді. Жас әртістердің шығармашылық жолы қалай қалыптасатыны беймәлім, алайда олардың қазір өнер әлемімен қарым-қатынас жасап жатқаны оларды анағұрлым білімді, тәрбиелі әрі жауапты ететіні сөзсіз.
Концерттің басталуы 15.00-де.