Актер, әнші Мұқағали Мырзамбетов Рүстем Әбдірашевтің "Қазақ хандығы. Алмас қылыш", Абай Қа...
Қос өнер ордасының ерен жобасы
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында және Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің 85 жылдығына орай, Алматы қаласында 29 наурыз күні Құрманғазы оркестрі және Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының бірлескен жобасы «Аманат» концерт-спектаклінің премьерасы аншлагпен өтті.
Бұрын-соңды болмаған бұл шара - Құрманғазы оркестрінің басқа концерттерінен өзгеше болды, өйткені атаулы жобаға театр актерлері де өз үлестерін қосып, кешті әсерлендіре түсті. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған тың жоба көрермендерге тек ғана оркестрдің орындауындағы танымал шығармаларды тыңдатып ғана қоймай, поэзия мен қойылым арқылы қазақ халқының тағдырына үңілуге мүмкіндік берді.
Қобыз атасы Қорқыт пен күй алыбы Құрманғазының туындыларынан бастау алған шара, есімдері тарихта қалған Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, айтқали Жайымов сынды композиторлардың шығармаларымен жалғасын тапты. Театр актерлері дана Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» және «Желсіз түнде жарық ай» өлеңдерін жеке және хор болып орындаса, Ерден Жақсыбеков пен Руслан Ахметов дана Абайдың рөлін сомдап шықты.
«Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының» актерлері Ақбота Қаймақбаева мен Сәния Ерзат «Саржайлау» мен «Ақ маңдайлымды» орындауда кәсіби әншіден кем түспеді. Сонымен қатар, театр актерлері белгілі композитор Әсет Бейсеуовтің «Назқоңыр», «Мұңайма» әндерінен акапелла айтса, Оркестр көрермен қауыммен бірлесе автордың өлеңдерінен попурри орындады. Концерт – спектакль Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен аяқталып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ән де, күй де, поэзия да, қойылым да бар бұл ерекше кеш тыңдарманды бір серпілтіп тастады.
Қос өнер ордасы – Құрманғазы оркестрі мен «Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театры» – тарихқа зер сала отырып, түрлі қиындықты басынан кешірсе де, өзінің тілін, салт-дәстүрін және мәдениетін сақтай білген қазақ халқы – өз халқына деген мақтаныш сезімін көрерменнің әрқайсысына сезіндіре білді.
- «Бүгінгі кеш өте әсерлі болды. Бұл жобаны мәдениетіміздегі жаңашылдық деп білеміз», - деп атап өтті кеш қонақтары.
Ерекше бағдарламалы концерт-спектакльдің дирижері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Құрманғазы оркестрінің бас дирижері - Абылай Тлепберген. Сценарий авторы – ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Жастар сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы - Ақзия Көлбаева. Қоюшы - режиссер – актер Данияр Базарқұлов. Қоюшы - суретші – Серікқан Омаров.
Атап өтетін жайт, шығармашылық кеш басталмас бұрын, көрермендер назарына ұлттық бұйымдар мен аспаптардан тұратын көрме ұсынылды.
Ардақ Зейнелова