«Қоштасқым келмейді»: махаббаттың шындығы мен өкініш драмасы

Фото автордан

ӨНЕР
215

Қазақтың біртуар ақыны Мұхтар Шаханов поэзиясында былай деп толғайды: 

«Үйленіп отау көтердің, мінекей, сен де, бала қаз,

Тірліктен, бірақ, жарқыным, үйленбей кеткен адам аз.

Сен түгіл қасқыр қасқырмен, маймыл мен маймыл жұптасқан,

Өз теңін тапқан соң ғана адымын олар нық басқан.

Ойың мен ісің — жаңғырық, кейде оған түйсік жетпейді,

Әйел ап, бала тудыру ақылды қажет етпейді.

Күнделік құмар сезімді өрілгені үшін отпенен,

Шатастырып алдық, құдай ау, біртуар махаббатпенен»

Расымен де, үйленіп артынша үй болып кету сіз бен біз өмір сүріп жатқан қоғамда үлкен мәселеге айналып отыр. Осы тұрғыда орыс драматургі Александр Володиннің әйгілі «С любимыми не расставайтесь» атты туындысы негізінде Астана қаласы әкімдігінің жас көрермендер театрында «Қоштасқым келмейді» қойылымы сахналанды. Бұл терең әсерлі спектакль көрерменге отбасы мен махаббат құндылықтары жайлы ой салады. Жеңіл де шынайы түрде ерлі-зайыптылар арасындағы ең жиі кездесетін қателіктердің ажырасуға, отбасылық жылулықтың сөніп, сезімнің үзілуіне әкелетінін көрсетеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемировтың жаңа қойылымы – басты кейіпкерлер Катя мен Митяның айырылысу тарихын толықтыратын өмірлік көріністер желісінен құралған. Бұл қойылымды режиссер Алматы қаласында М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында да сахналаған. «Еркебұлан Дайыров, Салтанат Бақаева, Данагүл Темірсұлтанова, Ажарлым Бақытжанова іспеттес бірқатар актерлер қойылым барысында ерекшелігімен есте қалар өте сәтті образ жасап, көрерменнің көзайымына айналған актерлік жұмыстар жасай білді»-дейді кино сыншысы Дана Әмірбекова. Екі театрда бір режиссердің жетекшілігімен қойылатын қойылымның ұқсас тұстары болып жатады. Алайда мықты суреткерлік қабылет пен ізденістің арқасында аталмыш пьеса Астана қаласының музыкалық жас көрермен театрында мүлде өзгеше көрініс тапқан. 

Алғашқы сахналарда махаббаттың бал күндерін бейнелейтін романтикалық әуендер мен көңілді би көріністері үстемдік етсе, уақыт өте келе өмір шындығы өз дегенін істейді. Сахнадағы ажырасу процесін басқа кейіпкерлер де бақылап отырады – олардың әрқайсысы өз тағдырын, өз қателігін көреді. Осылайша, спектакль әр көрерменнің жүрегіне жол тауып, сүйіспеншіліктің, түсіністіктің және кешірімнің қадірін ұғындырады. Басты рөлде Митяны «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Аян Өтепберген сомдаса оның жары Катяны актриса Арелана Амангелдиева кейіптейді. Шығармада бір бірін сүйіп қосылған екі жастың арасындағы күмән сезімі баяндалады. Күйеуінің әйеліне деген сенімсіздігі ортада үлкен ренішке әкеліп соғады. Митя — махаббатқа адал, бірақ өз сезімін ашық білдіре алмайтын жан. Ол кейде ұяң, кейде ашуланшаң, бірақ түбінде — жақсы адам. Өмірдің өзінен алынғандықтан актердің ойыны жасандылықтан аулақ, қарапайым, бірақ терең болуы қажет. Осы тұста актер Аян Өтепбергеннен осы бір мінезді байқауға болады. Бұл қойылымда пластикадан гөрі кейіпкер бойындағы психологиялық ішкі сезім тереңдігі басымырақ. Ол сахнада шапшаң қимылдап ашулануды да, баяу қимылдай жүріп ойлануды да көрсетуге барынша тырысты.

Катя — спектакльдің ең нәзік әрі ең күрделі бейнелерінің бірі. Ол арқылы автор әйел жүрегінің тереңдігін, сүйіспеншіліктің нәзіктігі мен өмірдің қаталдығын көрсетеді. Ол бір жағынан Митяға ренішін жасыра алмайды, екінші жағынан – оны әлі де жақсы көреді. Сол себепті оның бойында махаббат пен өкпе, үміт пен күйзеліс қатар өмір сүреді. Актриса осы кезекте әйелге сай нәзіктік пен сабырлықты үндестіре білді. Эмоционалдық сахналарда көз жасына ерік беріп қойылымға шынайлық қоса түсті. Дегенмен бас актерлердің арасында біз күткен үндестікті көре алмадық. Ойындары жекелеген тұрғыда әдемі көрініс тапқанмен бірлескенде нағыз ғашық адамдарды яғни махаббат линиясын бере алмады. Одан қарағанда өзге отбасылардың ойындары нанымды шығып жатты.

Козлов пен Козлова Мақпал Дүйсен және Оразалы Игілік осы қойылымның ең сәтті жұбы болды деп айтуға болады. Екі актер арасындағы партнерлік ойын пьесаның мәнін аша түскен. Репликаларды жай айту жеткіліксіз, әр сөз — жауап, әр көзқарас — сезім. Әр сөзде өткен жылдардың ізі, әр көзқараста — шаршаған, бірақ сөнбеген сүйіспеншілік сезілуі тиіс.Бұл жұп арқылы көрерменге: Махаббатты сақтап қалу үшін кейде кеш болмай тұрып ойлану керекдеген негізгі ой беріледі. Актриса болып қызмет ететін Казлова бойындағы күйгелек мінезді Мақбал Дүйсен шынайы жеткізе алды. Ал жұбайы Казлов ренжіп сөйлегенімен, оның ішінде жоғалған махаббаттың күйігі бар. Актер сол өкінішті көзқараспен, дауыстың дірілімен, кішкентай кідіріс арқылы-ақ жеткізе алады. Осы міндетті актер нанымды көрсете білді.

Қойылымның тағы бір ерекше жұбы деп Керилашвилилерді айтсақ болады. Әзілге құрылған мизансцена көрермен көңілінен шықты. Онымен қоса орысша тілді акцент келтіре отырып жағымды әсер қалдырды. Давид Керилашвили рөлінде Мақсат Қабдеш фактурасы кейіпкері грузин азаматына жақсы үйлескен. Әр сахна отбасы арасындағы проблемаларды қозғайды, бұл жағдайда екі жастың арасына үлкендердің араласуы түркі болды. Алайда дәл сол ана кейпінде өнер көрсеткен Нұрай Рысбекова репликасында жасандылық басым болды. Онымен қоса қызы Лариса Айдана Болат пен ойыны кезінде өз қатарласымен ойнағандай күйге еңгізді. Осы тұста режиссер таңдалған актермен жұмыс әлі де жасау қажеттігі көрінеді.

Сотқа келген кезекті отбасы Никулиндар. Бір қарағанда, бәрі ресми, суық процедура сияқты. Бірақ сахнадағы атмосфера – жан күйзелісі мен өкінішке толы. Бұл жұп – Катя мен Митяға ұқсас, бірақ сәл үлкендеу, өмірді көбірек көрген адамдар. Никулина жұбайына қамқорлық жасап, оны әлі де болса райынан қайтаруға тырысады, алайда Никулин өз айтқанынан қайтпай өзге әйелді ұнатқанын жайып салады. Қойылымдағы дәл осы жұп арқылы сахнада эмоция айқаймен емес, үнсіздік пен көзқарас арқылы көп дүние жеткізуді мақсат тұтқан. Актриса Жансұлу Төлеген Никулина болмысында көп кездесе бермейтін қатаңдықты беруге тырысты онысы ақталды да. Себебі соңғы сәтте бұл мықты әйел болып көрінген кейіпкер артында нәзік жанның жасырынғанын эмоциясының көмегімен алып шықты. Дәл осы жұп арқылы қойылымның драмалық мәні ашыла түседі, көрермен де осы сахнада көз жасына ерік беріп жатты. Никулин Асхат Мұсағалиев болса бірбеткей мінезінен тайқыған жоқ. Дауыс көтеріп әйеліне деген сезімнің жоқтығына өзін әбден сендірген.

 Бұдан өзге де жас отбасылардың сот алдындағы процессіне куә болдық.

Олар Биляев, Миронов, Шумилова жұптары. Шумиловтарда да, Беляевтерде де ерлі-зайыптылар бір-біріне үйреніп кеткен, бірақ сезімді сақтап қалу үшін еңбектенуді қойған. Олар махаббатты өмір бойы өздігінен сақталады деп ойлаған, бірақ тұрмыс, шаршау, бейқамдық олардың арасын алыстатады. Сахнада бұл жаптарды кейіптеген актерлер (А. Жетешова, Г. Әбдісадық, С.Дәулетхан және басқалары) өз мақсатын анық жеткізе алды. Режиссердің импровизацияға рұқсат беруі кейіпкерлерге шынайылық қосып көрермен көңілінен шықты.

Асхат Маемировтың бұл еңбегі шарттылыққа құрылған тәжірибелік қойылым болып табылады. Сахна безендірілуі барынша қарапайым — темір төсек бірақ ол екіге бөлініп кейіпкерлердің тағдырларының ажырағандығын білдірген символикалық шешім болған. Онымен қоса бірнеше шабадан және актерлерге арналған орындықтан тұрады. Режиссердің ерекшелігі шамамен отызға жуық актерді бірде сот процесінің қатысушылары етсе кей сәтте көрермен бейнесінде сахнаға шығарып, оларды көріністің ажырамас бір бөлігіне айналдыруы.

Қойылымда қолданылатын костюмдердің біркелкілігі мен ұзын, салбыраған жеңдер — кейіпкерлердің ішкі драмасын сыртқы пішін арқылы жеткізетін басты көркемдік құрал. Әйелдер де, ер адамдар да бір стильдегі ұзын, қимылын тежейтін костюмдер киеді. Бұл шешім олардың қоғамдағы немесе тағдыр алдындағы бірдей күйін — еркіндігі шектеулі, жеке даралығынан айырылған «біртұтас масса» екенін айқындайды. Осы ойды дәлелдейтін көркем мысалдардың бірі — Пьеро образы. Пьероның дәстүрлі ұзын, кең, салбыраған жеңдері оның үнемі мұңға батып жүретін бейнесін, әлсіздігін, сезімдерінің еркін сыртқа шыға алмайтындығын білдіреді. Бұл кейіпкердің қимылдары да баяу, икемсіз, қолдары салбырап тұрады — дәл сол ұзын жеңдер оның жан қыспағын сыртқы пішінде көрсететіндей. Пьероның «ұзын қолдары» оның өз тағдырына әсер ете алмайтын, шарасыз, эмоцияға толы тұйық күйін айқын бейнелейді. Осылайша, қойылымдағы костюм шешімі Пьероның бейнесімен үндесіп, кейіпкерлердің рухани жағдайын көрерменге тереңірек сезіндіреді.

Асхат Маемиров сахналаған «Қоштасқым келмейді» қойылымы терең ойға жетелейтін мазмұнымен, сахналық шешімдердің шарттылығымен ерекшеленгенімен, кейбір техникалық және көркемдік тұрғыдан әлсіз тұстар байқалды. Алдымен көзге түсетін мәселе – бэнд киімдерінің біркелкі болмауы нақтырақ айтатын болсақ фудболка джинсый қойылым мәнін толық ашуға үлес қоспауы. Сонымен қатар, сахнадағы шаң басқан төсек пен ескі реквизиттер қойылымның көркемдік сапасын төмендетіп жібергендей. Мұндай детальдар шартты театр эстетикасына сай келуі мүмкін, алайда олар ұқыпсыздықтың нәтижесі секілді қабылданды.

Актерлердің шаршаңқы ойыны да көзге түсті. Кей сәттерде олардың эмоциялық қарқыны төмендеп, сахнадағы әрекет механикалық сипат алып кетті. Бұл көрермен мен кейіпкер арасындағы байланысқа кедергі келтірді. Жалпы алғанда, режиссердің идеясы мен сахналық шешімдері ерекше болғанымен, костюм, реквизит және актерлік дайындықтағы осындай ұсақ кемшіліктер қойылымның тұтастығына сызат түсірді. Дегенмен, «Қоштасқым келмейді» — қазіргі қазақ театрының ізденісін, жаңа бағытқа ұмтылысын көрсететін еңбек ретінде назар аударуға тұрарлық.

 «Қоштасқым келмейді» спектаклінде қолданылған әндер кейіпкерлердің сезімін тереңірек ашып, оқиғаның мәнін күшейтеді. Т.Мұхамеджановтың «Қимай сені барамын» және Ш.Өмірәлиевтің «Қоштасқым менің келмейді»әндері — айырылысу мен сағыныштың нәзік сәттерін суреттейді. Ал халық әні «Қызыл гүлім-ай» қойылымға ұлттық бояу беріп, қазақы махаббаттың сырлы әлемін айқындайды. Жалпы алғанда, қойылымдағы әрбір ән режиссерлік шешіммен үйлесіп, сахнадағы оқиғалардың эмоциялық тереңдігін арттырған. Әндер тек музыкалық фон емес, кейіпкерлердің жан айқайын жеткізетін көркем құралға айналған. «Отбасында береке болса, ырыс өзінен келеді» дейді қазақ даналығы. Александр Володиннің осыдан жарты ғасыр бұрын жазылған пьесасы дәл осы береке мен түсіністіктің, ерлі-зайыптылар арасындағы рухани үйлесімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Өкінішке қарай, шығармада көтерілген мәселелер бүгін де өз маңызын жойған жоқ, керісінше заман ағымымен бірге тереңдеп бара жатқандай. Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстан неке бұзу көрсеткіші бойынша әлем елдерінің алғашқы ондығына кіреді. Бұл – қоғамдағы отбасылық құндылықтардың әлсіреп бара жатқандығының нақты дәлелі. Сондықтан, кейбір сахналық кемшіліктеріне қарамастан, мұндай өзекті тақырыптың қазақ театрында көтерілуі — құптарлық әрі маңызды қадам.

Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің театртану мамандығының 2 курс студенті Заманиянова Арайлым

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының ла...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада қоғамдық көлік пен шағын автобус соқтығысып, бір адам көз жұмды, деп хабарлайды MadeniPorta...