Ғаламтор кеңістігінде бірқатар отандық жұлдыздардың 11 сынып оқушыларына арналған кітаптардың мұқаба...
Динара Мыңжасарқызы. Тұрсыновтың жазушыларды «жартылай өлікке» теңегіні қалай?
Қасиетті қарашаңырақ Жазушылар одағына 75 жыл толып жатқанда, әдебиет саласы тұрғысында «әу» деп қалмаған жан болмады. Қазақ әдебиетінің кешегі мен бүгінгі бет-алысына көз жүгіртіп, ақ қағаз бен қаламды серік еткен қаламгер қауымның бетпе-бет келіп отырған ортақ мәселесі хақында пікір айтпау мүмкін емес те шығар. Бірақ, «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» демекші, қазаққа, қазақ әдебиетіне, оны жасап отырған қазақ жазушыларын жоққа шығарып, қара күйе жағатындардың қатары көбеймесе, азаяр емес.
Еліміздегі телеарналар Жазушылар одағының мерейтойы туралы бірінен соң бірі ақпарат беріп жатты. Кейбірі бүгінгі таңда жастардың кітап оқуға деген ынтасының төмендеп кеткендігін айтып жатса, ендігі бірі бұған кітабын аз ғана тиражбен тыраштанып, шығарып жүрген жазушыларды кінәламақ болды. Ал, Алматы телеарнасының орыс тіліндегі жаңалықтар көрсетілімі бұл сұрақтың жауабын жазушы, драматург, режиссер Ермек Тұрсыновтан білгісі келіп, тікелей эфирдегі студиясына шақырыпты. Қазіргі қазақ жазушыларының басындағы мұң-зарды қазақ тілінде жазатын қаламгерден емес, өзін қазақтан біршама алшақ ұстайтын Ермек Тұрсыновтан суыртпақтап сұрағанына таңқалдық. Бәлкім, оның айтатын сөзі, ұстанатын пікірі бар шығар. Бірақ та, қазақ жазушыларының шығармасын «менсінбейтін», тіпті, шығарма санатына жатқызбайтын қаламгердің сөзінен тіксініп қалдық.
Тікелей эфирдегі жүргізушінің «Қазіргі заманғы жазушылардың шығармасы туралы не ойдасыз?» деген сұрағына Ермек Тұрсынов: «Бүгінде жазушы жартылай өлік сияқты. Тіпті, оларды қоғамда жоқ десек те болатын шығар» деп шорт кесіп жауап қатпасы бар ма? Бұл сонда Ермек мырзаның «менен басқа жазушы жоқ» дегенді меңзегені ме, қалай? Әлде, Жазушылар одағына тіркелген 700-ге жуық жазушыны қарақұрымға да теңемегіні ме?
Әрине, қазіргідей нарық заманында жазушылар да шама-шарқы келгенше кітабын шығарып, тіршілік кешіп жүр. Бұрын 50 мың данамен жарық көретін кітаптың тиражы 3, 2 мыңға түсіп кеткен. Мардымсыз. Бұл тіпті, ауылдағы ағайынға жетпейді де. Қоғамда кітап оқитындардың қатары азайып кетсе де, сөз маржанын терген қазақ жазушыларының еңбектерін жібермей шолып, оқып отыратындар да жоқ емес. Әйтсе де, кітапты жата-жастанып оқитын кітапсүйер қауымның сиреп кеткенін мойындаймыз. Бірақ, бұл жазушылардың қол қусырып, жақсы дүние жазбай жүргендігін білдірмесе керек-ті. Әр жазушының өз кейіпкері болса, әр кейіпкерді сүйіп оқитын оқырманы бар. Қазақтың құдіретті сөз өнері тұрғанда, қазақ жазушыларының шығармалары өз оқырманын адаспай табатынына сенімдіміз. Алайда, Ермек мырзаның жазушыларды «жартылай өлікке» теңеуін қалай түсінуге болады? Бұл келемеждеу ме, әлде өзі су ішіп отырған құдығына түкіру ме? Сірә, Ермек Тұрсыновтың мына сөзіне қарағанда, ол өзін қазақ жазушыларының қатарына жатқызбайтын сияқты.
Жүргізуші тағы бірде: «Неге сіздің кітабыңыз («Мамлюкті» айтқан болар. - Д.М) кітап дүкендерінің сөресінен тез сатылып кетті?» дегенде, өзінен мықты жазушы жоқтығына масаттанған Ермек мырза шығарманың 6 жыл бойында жазылғанын және тақырыбы мен мазмұнның дәл ойлап табылғанына екпін түсірді. Қысқасы, ол сұхбат барысында бүгінгі таңда қаламды қару еткен жазушылардың бірде-бір шығармасымен таныс еместігін, әрбірден соң оқуға лайықты автордың жоқ екендігін айтып, дәлелдегендей болды. Ол тіпті, көзі тірі, мүйізі қарағайдай жазушыларымыз Шерхан Мұртазаны, Дулат Исабековты, Тынымбай Нұрмағамбетовты, Қабдеш Жұмаділовты, Смағұл Елубайды, кейінгі толқыннан Жүсіпбек Қорғасбекті, Нұрғали Оразды, тағы басқа толып жатқан қаламгерлерді қаперіне де алмады.
Бәлкім, Ермек Тұрсыновқа «Бүгінгі жазушылардың нарықтық кезеңмен тұспа-тұс өмір сүріп жатқанын» көзі қарақты көрермен тәптіштеп айтпағанда, ол жоғарыдағы аузынан шыққан пікірден бұлтартпас та еді. Тек осыдан кейін ғана: «Қазір жазушыларға ренжуге болмайды. Олар нарық заманымен ілесіп, әрекет етіп жүр» деп өз сөзін өзі жуып шайғаны қызық болды. «Айтылған сөз - атылған оқ». Ермек Тұрсыновтың орыс тілінде берген сұхбатынан кейін көрерменнің ойында «Қазақ жазушылары «жартылай өлік». Олар ештеңе тындырып жүрген жоқ. Тіпті, Қазақстанда жазушы бар ма, жоқ па?» деген ұғым қалыптасуы бек мүмкін. Алайда, аты дардай режиссер-драматург әрі жазушы Ермек Тұрсыновтың мына сөзінен соң «Көрмес, түйені де көрмес» демеске амалымыз жоқ
Динара Мыңжасарқызы