11 адам қаза тауып, тағы 27 адам жарақат алған: Туристік автобус эвакуатормен соқтығысты

Фото: Anadolu

PESTEL
152

Түркияның Измир - Ыстамбұл тасжолында туристік автобус эвакуатормен соқтығысып, салдарынан 11 адам қаза тауып, 27 адам жарақат алды, олардың бірінің жағдайы ауыр. Апатқа қатысы бар екі жүргізуші мен автобус иесі ұсталды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz түріктің NTV арнасына сілтеме жасап. 

Ахисар Бас прокуратурасы тергеу амалдарын бастады, іске үш прокурор тартылған. Автобус жүргізушісі, иесі және қосалқы жүргізуші, сондай-ақ эвакуатор жүргізушісі қамауға алынды. 

Автобус Бурсадан шығып, Памуккале (Денизли) термалды қайнарларына бағыт алған. Маниса билігінің мәліметінше, құтқару жұмыстары дереу басталып, зардап шеккендер ауруханаларға жеткізілген.

Желіде тараған бейнежазбадан автобус қиылыстан өтіп кетіп, кейін шегінбек болғанын, сол сәтте эвакуатор оның артынан келіп соғылғанын көруге болады. 

"Оқиға орнына медициналық және құтқару бригадалары жіберіліп, апаттан зардап шеккен азаматтарды құтқару жұмыстары жедел қолға алынды. Апат салдарынан 11 адам мерт болып, 27-сі жарақат алды. Зардап шеккендер ауруханаларға жеткізілді", - делінген Маниса губернаторы кеңсесінің мәлімдемесінде. 

Түркиялық БАҚ қаза тапқандардың тізімін азаматтығын көрсетпей жариялады, алайда олардың арасында шетелдіктер бар екені туралы ақпарат жоқ.