Қазақ астығына жаңа жол қажет

Жаңалықтар
1615


Алдын ала болжамдарға сүйенсек, биылғы жылы облыс әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы басқармасы тараптарынан 21-22 млн. тонна көлемінде астық қамбаға құйылуы тиіс көрінеді. Ал астықтың жалпы көлемі 20,0 миллион тонна болады деген болжамды Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеп отыр. Осы орайда сала басышысы Өмірзақ Шөкеев биылғыдай қуаңшылық жағдайында осынша көлемде астық бастыра алсақ, ол да үлкен олжа болар еді деген пікір білдірген еді. Министр мырзаның сөзінің жаны бар. Себебі, көктемгі себіс кезінің өзінде шаруагер жұрт айтарлықтай биік межеде астық алудың реті келе қоймайтынын сол кезде ескерткен болатын-ды.  



Оның басты себебі: өткен қыста қар жұқа түсіп, көктемгі кезде жерде ылғалдың аз болуы. Сонымен қатар егін шаруашылығы саласы өндірісі - еліміздің табиғат құбылысына тәуелді, яғни тәуекелді аймақтарда шоғырланған. 

Осы орайда «Қазақстан Астық одағы» басшысы Нұрлан Оспанов та көктемнің алғашқы айының өзінде-ақ биыл рекордтық түсім алуды межелеудің қисынсыздығын айтқан еді. Тым пессимистік болжамды ұсынбаса да, шамамен сол 13-14,5 миллион тоннадай астық алуымызға мүмкіндік бар деп болжаған болатын. Осындай жағдайда жоғарыда аталған лауазымды басшылардың жасаған болжамдары көңілге оптимистік сенім әкелетін жәйт деп есептеуге болады. Демек, биыл сол өткен жылғы өніммен пара-пар астық алуға мүмкіндік бар деген тұжырым бұл. Өткен жылы 20,6 миллион тонна астық бастырған болатынбыз. Соның 14,8 миллион тоннасы – бидай болды. Сонымен қатар биылғы жылға белгіленген егістік жер көлемі 21,8 миллион гектарды құрауы тиіс. 14,7 миллион гектар алқапқа дәнді дақылдар егу жоспарланса, соның 11,4 миллион гектарына бидай себілетін болып бекітілген еді.

Сала басшысы Өмірзақ Шөкеевтің мәліметіне сүйенсек, соңғы кезде егін ору  жұмыстары Жамбыл (95,2%) және Түркістан (95,6%) облыстарында аяқталуға таяу қалған көрінеді. Осы аймақтардан орташа есеппен түсім көлемі гектарына 21 центнер маңында екен. Астықтың басым бөлігі өсірілетін өлкелер қызу ораққа тамыз айының аяғына таман, қыркүйек айының алғашқы жұлдыздарында кіріскен болатын. Жерігілікті атқарушы биліктің деректеріне қарасақ, егін жинауға жасақталған техника 100 пайыз өз міндетін атқарып жатыр. Осы орайда орақ науқанын уақытында өткеріп, еш кедергісіз жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 394 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай қарастырылған болатын. Шілде айына бөлінген жағар-жағармайдың толығымен игерілгені туралы да атап өткен жөн секілді. 

Ал тамыз айына бөлінген 110 мың тонна жанар-жағармай ауқымы үшін қаржысы төленіп, тек ресурс ұстаушылар тарапынан ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған тасымалдау мәселесі туындап, проблемаға айналған. Дегенмен мәселе дер кезінде шешіліп, мұндай кедергілер қырқүйек айында орын алмаған. Енді қазан айларында бұл кемшіліктердің қайталанбауын Энергетика министрлігі тарапынан талап етілді.



Сондай-ақ дизель отынының бағасын белгілеу барысында да олқылықтар орын алуда. Арзандатылған жанар-жағармай құны нарық бағасымен салыстырғанда төмен болғанымен, операторлардың көрсеткен қызметтеріне орай аяққы баға сол баяғы жоғары қалпында қалып отыр. Осыған байланысты өңірлердің әкімдіктері өздері бекіткен операторларымен жанар-жағармай құнын арзандату жағын қарастыруды қолға алу керектігі ескертілді.

Осы орайда  Павлодар облысы әкімдігінің жұмысы туралы Ө.Шөкеев жақсы пікір білдірді. Осы өңірде астық ору науқанына қарай министрлік тарапынан ойластырылған жоба пилоттық режимде қолданысқа енген еді. Бұндағы мақсат арзандатылған жанар-жағармайды электронды түрде бөлу мен өткізу болып табылады. Бұл жердегі жағдай мүлдем өзгеше деуге болады. Себебі, егін орағы атқарылатын жер аумағы айқын, жасалатын жұмыс тәртібі кезегімен реттелген, соның нәтижесінде танаптардың электронды картасы мен егістіктердің ғарыштық мониторингіне сәйкес жанар-жағармай таратылады. Осы тәжірибе келер жылдан бастап, егін себу науқаны алдында барлық өңірлерде қолдану жоспарлануда.  

Астықты сақтау мен өткізу барысы бойынша, соның ішінде экспорттық үлес туралы да ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеев атап өтті. Мысалға алсақ, өткен жылы бидай бағасы тоннасына 35 мың теңге болса, бүгінгі күні 3-сыныпты бидайдың әр тоннасы – 48-49 мың теңгеге артты. Кейбір болжамдарға қарағанда бұл баға осы қалпында тоқтап қалмай, әлі де жоғарылап, өсуі ықтимал екен. Әрине алты ай жаз далада, күн астында еңбек етіп, тер төгіп жүрген дихандар үшін бұл жағымды жаңалық. Күзгі жиын-терімнен нәпақа тосып, еңбегінің жемісін көруге талпынған жұрт үшін бұл - ырыздығының артқаны болып саналады.

Соңғы кезде біздің санамызға қонақтаған бір салыстыру бар, егер астық туралы сөз қозғалса, экспорт деген сөз де қоса елестейтін болып барады. Осы орайда болжам жасаушы сарапшылар мен тікелей өндірушілердің пікіріне құлақ салсақ, биылғы жылдың экспорт көлемі сол былтырғы межеде қалыпты түрде болуы мүмкін, яғни  7-8 миллион тоннаның ары жақ, бері жағында қалыптасуы кәдік деп отыр.

Осы болжамды құптайтын пікірді Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаменті директоры Талғат Әжіғалиев те қостап отырған сыңайлы. «Расында соңғы бес жыл аумағында астық өндіру көлемі орташа 19,1 миллион тонна төңірегінде болса, экспорт көлемі ұнды қоса есептегенде 8 миллион тонна шамасында болды. Біздің экспорттық әлеуетіміз жоғары екені белгілі. Қазіргі таңда 10 алдыңғы қатарлы астық экспорттаушы елдердің сапындамыз. Өткен жылы 20,6 миллион тонна астық қамбаға салып, халқымыздың қажеттілігін толықтай атқарып, сондай-ақ 9 миллион тонна астықты шет елге экспорттауға жағдай туғыздық», -  дейді Т. Әжіғалиев. 

Жер бетіндегі ел-жұрттың нан мен ұнға деген сұранысы күннен-күнге артпаса, бәсеңдейтін түрі көрінбейді. Осыған байланысты астық өндіруге ниет білдірушілер қатары да өсіп келеді. Алайда ауыл шаруашылығының бұл саласымен шұғылдануға көптеген елдердің жер жағдайы, ауа райы қолайсыз болғандықтан, тығыз айналысуға мүмкіндіктері шектеулі. Сондықтан осы тауарларды олар өзге елдерден сатып алуға мәжбүр болады. Салыстырмалы түрде алғанда осы жағынан біздің елдің тасы өрге домалап тұрған секілді. Әрине қайсыбір кездерде ауа райының төтенше жайсыздығы салдарынан түсім жағы кемшін болып та жатады. Атап айта кететін бір ерекшелік, біздің жердің құнарлы топырағынан жаралған бидай өзге талай елдің астықтарынан әлдеқайда сапалы. Қазақ елінің астығы мен ұнын сатып алуға құштар мемлекеттердің көбеюіне ықпал ететін жәйт, біздің тауарлардың сапа жағының мықтылығы. Бұл өз тарапынан тиісті мәселелерді де туғызады. Демек сапалы астыққа ынтық елдерге тасымалдау жолы қиындықсыз болуы тиіс. Сол өткен жылы астық тартуға қажет вагондардан қаттық көріп, біраз әбігер туындағаны да жасырын емес. Осы жылы сондай олқылықтардың алдын алу жоспары құрылып, өзге де мемлекеттік құрылымдар тартылуда. 

Сонымен логистика мәселесін толықтай шешу жолы қарастырылып жатқан көрінеді. Осы мәселеге қатысты тариф туралы да айта кеткен абзал болар. Бұл орайда экспорттық шаруаларды жүзеге асыру үшін логистика инфрақұрылымдарын жетілдіру керектігі әлі күнге басы ашылмаған әңгіме. Дейтұрсақта соңғы жылдары осы салаға да назар аударыла бастады. Өз елімізде Ақтау портына және Әзірбайжан мемлекетіндегі Баку қаласындағы портқа астық терминалдары қойылып, жемісті жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ Түркімен елі арқылы Иранға өтетін теміржол құрылысы аяғына жетті. Сонымен қатар Қорғас шекарасынан Қытайға баратын теміржол желісі салынған болатын. 

Бұл шаралардың басты маңызы: Иран, Түркіменстан, Таяу Шығыс елдері, және Қытай жері арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тартылатын астық ауқымын арттыру болып табылады. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің мына дерегіне көңіл аударалық: өткен жылы біздің ұн мен астықты қалаған отыз бес елден сұраныс түскен екен. Қазіргі кезде қалыптасқан басты бағыт – Орта Азия мен Каспий аймағындағы елдер. Сондай-ақ Түкіменстан, Иран және Қытай мемлекеттеріне 7,8 миллион тонна астық пен ұн тасымалданыпты. Яғни бұл - шет елдерге шығарылатын астықтың 87 пайызын құраған екен. Осыдан кейін, жұмыс бағытының ауанын қай жаққа қарай аударуға басымдық беру керектігі белгілі болды дей беріңіз. Сонымен қатар осы ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші ел ретінде жаңа нарық көзін де алдын ала қарастыра отырғанымыз жөн болады.

Қазақ астығын сатып алушы мемлекеттермен ара қатынасты онан сайын арттырып, сауда-саттық, жалпы экономикалық ахуалды бұрынғыдан да өркендете түсуге еңбек етіп, күнделікті назардан тыс қалтырмауға тырысуымыз қажет екені түсінікті.  

Ендігі сұрақ, біздің еліміз астық экспорты бойынша қандай мемлекеттермен бәсекелес болып келеді. Біздің тарапымыздағы басты нарық көзіміз сырт ел дегенде - Орта Азия елдері екені белгілі. Бұған дейін экспорт туралы сөз қозғалса,  көптеген жылдардан бері экспорт тауары ретінде қалыптасқан мұнай және мұнай өнімдері жол бермей келіп еді. Сонан кейінгі түсті металл мен қара металл, кен байлығы болды. Ал дәнді дақылдар осының ең соңында тұрды. Қазақ астығы - ел қазынасына валюта әкелетін, оның экономикалық дамуына үлкен әсерін тигізіп отырған белді сала болып қалыптасты. 

Бір әттеген-айы, осы күнге дейін әлдебір белгілі және белгісіз себептердің кесірінен астық өндірісі мен оның экспорттық қуатын арттыру бағытындағы қимыл әлсіздік танытып келеді. Осыған орай соңғы уақытта астық саласында бидай дақылын әртараптандыру қолға алына бастады. Ол неліктен деген сұрақ туындауы мүмкін. Біріншіден, орылып, қамбаға түскен астықты жөнелту жағы күннен-күнге күрделіленіп келеді. Оның басты себебі логистика мәселесі. Біздің ел үшін ең арзан да оңтайлы тасымалдау әдісі теңізге шығу болса, сол жағы бізде жоқ. Яғни теңізге тікелей шығуға мүмкіндік болмаған соң, жаңағыдай қиындықтар туындап, астықтың бағасы тым қымбаттап кетеді. Бұл дегеніңіз өз кезегінде біздің елдің астығына деген ынтаны су сепкендей басады. Қалай дегенмен де жағымсыз жағдай ретінде қалыптасқан ахуалға қарамастан қазақ астығына деген сұраныстың тұрақтылығы бір қалыпта тұр. 

Мысал ретінде айтар болсақ, Италия қазіргі таңда біздің еліміздің астығын сатып алушшылардың қатарында келеді. Әрине, аса қомақты болмаса да сол аз мөлшердегі тұтынуының өзі тұрақты түрде. Біздің астықтың жөнелтілетін басты нарық алаңы Орта Азия елдері екенін жоғарыда атап кеткенбіз. Олардың сапында Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ауғанстан тұр. Біз үшін бұл ең таяу нарық болып саналады. Осы мемлекеттерге құрғақ жол арқылы тасымалдау өте қолайлы. Негізінен бұл елдерге астық теміржол арқылы жеткізіледі. Сондай-ақ аталмыш мемлекеттер біздің ұнның да тұрақты сатып алушылары ретінде танылған. Дейтұрғанмен кейінгі жылдары ұнға деген қызығушылық бәсеңсіп барады. Оның себебі, аталған елдер өздері ұн шығару өндірісін дамытуды қолға ала бастағаны байқалады. Олар біздің елдің сапалы бидайы мен өздерінің бидайын араластырып, ұн шығаруды жолға қойыпты. 

Осыдан туындайтын ой, кез келген ел өз елінің экономикасын дамытуды басты мақсат етіп санауында. Әрине, бұл - нарық заңы және оның бұзылмас қағидаты екені ақиқат. Осындай алуан түрлі жағдайлар орын алған нарық заманында, отандық астықты қай бағытқа экспорттау керек деген келелі мәселені бүгіннен бастап күн тәртібіне қоя берген жөн секілді. 


З. Самалбекұлы


Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...