Dyson бағасы 499 доллар (шамамен 230 мың теңге) болатын CameraJet электрлік тіс щеткасын таныстырды. Құрылғы камерамен және жасанды интеллектпен жабдықталған: ол тіс тазалау барысын бақылап, тіс арасына сұйықтық ағынын бағыттай алады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Tengri Life-қа сілтеме жасап.
230 мың теңге: Dyson әлемдегі ең қымбат тіс щеткаларының бірін шығарды
Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz
Dyson компаниясы өзінің YouTube-арнасында кірістірілген камерасы бар жаңа CameraJet электрлік тіс щеткасын таныстырды.
Камера тікелей саптаманың (насадка) астында орналасқан. Тазалау кезінде ол ауыз қуысын түсіріп, кескінді Wi-Fi арқылы смартфонға жібереді.
Камераның ажыратымдылығы 100 мың пиксельді құрайды. Жасанды интеллект кескінді секундына 28 кадр жылдамдықпен талдап, тіс арасындағы саңылауларды анықтайды.
Егер жүйе тіс арасындағы бос орынды анықтаса, CameraJet шамамен 100 миллисекунд ішінде ол жерге ауыз шаюға арналған сұйықтық бүркиді. Осылайша, щетка әдеттегі тіс тазалауды ирригатор функциясымен ұштастырады.
CameraJet-тің бағасы 499 доллар болады - бұл шамамен 230 мың теңге.
Мұндай баға жаңа өнімді ең қымбат жоғары технологиялық тіс щеткаларының біріне айналдырады. Сонымен қатар нарықта ең алдымен сән-салтанат бұйымы ретінде жасалған бұдан да қымбат модельдер бар: олар бағалы металдардан жасалып, гауһар тастармен безендіріледі.