Алапат орман өртіне байланысты 60 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Фото: Pixabay

PESTEL
106

Францияның оңтүстік-батысындағы Жиронда және Ланд департаменттерінде болған ірі орман өрттеріне байланысты 60 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Бұл туралы Францияның Ішкі істер министрі Лоран Нуньес баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, өрт сәрсенбі күні Сомо коммунасы маңында басталған Жиронда департаментінде бір түннің ішінде тілсіз жау шарпыған аумақ екі есеге ұлғайып, қазір 10 мың гектардан асты. Соңғы күндері табиғи апат аймағында 80 үй өртеніп, оның 50-і толықтай жойылған. Жергілікті тұрғындар мен туристер арасында зардап шеккендер жоқ, барлығы дер кезінде эвакуацияланған.

«Қазіргі уақытта Кап-Ферре түбегіне дейін жеткен өртке байланысты 40 мың адам эвакуацияланды және әлі де жалғасуда», – деді Лоран Нуньес.

Министрдің айтуынша, Кап-Ферре түбегінен адамдар автокөліктермен және қайықтармен шығарылып жатыр. Осыған байланысты Аркашон шығанағында азаматтық кемелердің қозғалысына уақытша тыйым салынған. Көршілес Ланд департаментіндегі Бискаросс коммунасы маңындағы өрт бір тәуліктің ішінде 2,5 мың гектар аумаққа тараған. Әзірге оның таралуын толық бақылауға алу мүмкін болмай отыр. Министрдің мәліметінше, мұнда 100 үй өрттен зақымданған немесе толықтай жанып кеткен.

«Жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ланд департаментінің префектісі эвакуация жүргізу туралы бұйрық берді. Нәтижесінде 23 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді», – деді Нуньес.

Қазіргі уақытта екі департаменттегі өртті сөндіруге 1,7 мың өрт сөндіруші жұмылдырылған. Сонымен қатар, эвакуация жұмыстарын қамтамасыз етуге 330 әскери қызметкер мен жандарм тартылған. Жұма күнінен бастап өрт сөндіруге қатысатын арнайы ұшақтардың саны 14-ке дейін көбейеді. Бұдан бөлек, үш өрт сөндіру тікұшағы жұмыс істеп жатыр. Өртпен күрес кезінде бір құтқарушы жарақат алған.

Соңғы деректер бойынша, елдегі өрт көлемі 50 мың гектардан асты.   

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қонаев қаласы тұрғынының пәтеріне заңсыз кіріп,  19 мысықтың көзін жою оқиғасына қатысы бар ада...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанның Мемлекеттік Туы алғаш рет Жер шарының ең солтүстік нүктесі - Солтүстік полюсте желбіред...