Ирандағы толқулар тыншымай тұр: халық режимнің ауысуын талап етуде

Фото: washingtontimes.com

PESTEL
147
Иранда ауқымды халықтық толқулар басылар емес. Интернеттің толықтай бұғатталуына және көшелерде автомат асынған қарулы күштердің болуына қарамастан, наразылық білдірушілер режимнің ауысуын талап етуді жалғастырып жатыр. Қазіргі таңда ондаған адамның қаза тапқаны және мыңдаған адамның ұсталғаны хабарлануда, деп хабарлайды MadeniPortal.kz DW-ге сілтеме жасап.
 
Астананы қатаң қоршау және түнгі шерулер
 
2026 жылдың басында Иранды шарпыған наразылық толқыны жаңа шегіне жетті. Сенбіге қараған түні Тегеран тағы да қақтығыстар алаңына айналды.
 
«Астананың солтүстік аудандарында, әсіресе Саадатабадта, тұрғындар ресми насихатты басып тастау үшін қазан-ошақтарды соғып, автокөлік дабылдарын пайдаланып, “шулы акциялар” ұйымдастырды. Түнгі басты ұрандар елдің рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменейге қарсы бағытталды», – деп хабарлайды дереккөз.
 
Билік бұған жауап ретінде бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шараларын енгізді. Жергілікті студенттік ұйымдардың мәліметінше, Тегеранның орталық көшелері арнайы бөлімшелердің бақылауына алынған: Калашников автоматымен қаруланған күш құрылымдары әр 10 метр сайын блокпосттар қойған.
 
Құрбандар саны мен қирау ауқымы
 
Медициналық мекемелердегі жағдай өте ауыр деп бағалануда. CHRI құқық қорғаушыларының дерегінше, Тегеран, Мешхед және Карадж қалаларындағы ауруханалар жараланғандарға лық толы.
 
10 қаңтардағы жағдай бойынша қақтығыстардың статистикасы:
• Қаза тапқандар: 62 адам (оның ішінде 48 бейбіт тұрғын және 14 күш құрылымының өкілі);
• Ұсталғандар: ел бойынша 2300-ден астам адам;
• Тегерандағы шығын: 50-ден астам банк пен 30 мешіт өртелген, мемлекеттік мекемелер қираған.
 
Биліктің реакциясы: АҚШ пен Израильге айып тағу
 
Ресми Тегеран қатаң ұстаным танытты. Аятолла Әли Хаменей соңғы сөзінде наразылық білдірушілерді «арандатушылар» деп атап, оларды Вашингтонның мүддесіне жұмыс істеп жатыр деп айыптады. Оның айтуынша, тәртіпсіздіктер «Дональд Трампты қуанту» үшін ғана ұйымдастырылған.
 
Өз кезегінде, Иранның БҰҰ-дағы дипломаттары да сыртқы араласу нұсқасын алға тартып, бастапқыда бейбіт болған митингілердің Израиль мен АҚШ арнайы қызметтерінің қолдауымен «вандализм актілеріне» айналғанын мәлімдеуде. 

MADENI TV

Жаңа адамдар жастар қозғалысының белсенді өкілдері подкастта Ержан Райхановпен ашық әрі шынайы әңгім...

MADENI TV

Осы күні Жерге ең жақын үш ғаламшар — Меркурий, Венера және Марс  Күнге барынша жақындап,...