Мәскеуден Пхукетке бағыт алған, бір қозғалтқышы өртенген әуе кемесі Домодедово әуежайына сәтті қонды...
Маңғыстау облысы туралы мақала Washington Post газетінде жарық көрді
Фото: видеодан скриншот
Американың Washington Post газетінде Маңғыстау облысының көрікті жерлері туралы көлемді мақала жарық көрді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Журналист Дженнифер Мюллер Маңғыстаудың айға ұқсас пейзажды еске салатын шатқалдары мен жартас түзілімдерін АҚШ-тағы әйгілі Монумент-Вэлли ұлттық паркімен салыстырып, өңір табиғатының өзіндік ерекшелігін жоғары бағалаған.
«Біз тамашалаған алқап ерте замандарда Тетис мұхитының астында болған. Кейін жер қабаттары қозғалып, Пангея ыдырап, су шегінді. Мыңдаған жылдар бойы табиғат алып геологиялық тас мүсіндерді қалыптастырды. Жазықтың ортасынан қылыштай үшкір жартас-құздар, кең үстірттер мен иілген күмбездер бой көтереді. Бұл өңірдің ұзақ уақыт бойы қуаң әрі шөлді болып келгені соншалық — миллиондаған жылдық тарихтың ізі әлі күнге дейін анық көрінеді», — деп жазады мақала авторы.
Мақалада Маңғыстаудың Бозжыра шатқалы, Жығылған мүйісі, Қызылқұм (Қызылкуп) және Торыш шарлар алқабы сияқты көрікті жерлері егжей-тегжейлі сипатталған.
Дженнифер Мюллердің айтуынша, ұзақ уақыт бойы бұл өңір халықаралық туристер назарынан тыс қалып келген. Алайда бүгінде оған деген қызығушылық артып отыр. Сапар барысында журналист Ресей, Қытай және Италиядан келген туристерді кездестіргенін айтып, америкалық саяхатшылар бұл бағытты енді ғана аша бастағанын атап өткен.