Мәскеу маңындағы Подольск қаласында, түнде шулаған жастарға ашуланып, өз қолымен жасаған пулеметпен...
Үндістаннан ұшқан ұшақта үш ұшқыштың да жағдайы күрт нашарлады
Фото: Pixabay
British Airways әуе компаниясы Үндістанның Хайдарабад қаласынан Лондонға бағыт алған BA276 рейсінде болған оқиғаға байланысты ішкі тексеру бастады. Ұшу кезінде әуе кемесін басқарған үш ұшқыштан да тағамнан улануға ұқсас белгілер байқалған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Arasha.kz-ке сілтеме жасап.
NDTV мәліметінше, экипаж мүшелерінің бірінің жағдайы қатты нашарлап, ол міндетін жалғастыра алмаған. Ұшақ бортында оған оттегі беріліп, Хитроу әуежайына қонғаннан кейін медициналық көмек көрсетілген.
Қалған екі ұшқыш та өзін жайсыз сезінгенімен, рейс аяқталғанға дейін жұмыстарын жалғастыра алған. British Airways өкілдері оқиға кезінде жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төнбегенін мәлімдеді.
Алдын ала ақпарат бойынша, үш ұшқыш та сапар алдында Хайдарабадтағы қонақүйде бірге таңғы ас ішкен. Экипаж осы қонақүйде бір түн аялдаған.
Сондай-ақ ұшқыштардың сыртқы компания жеткізген бөтелкедегі суды ішкені хабарланды. Олардың денсаулығы нақты неден нашарлағаны әзірге анықталған жоқ.
Оқиғадан кейін ұшқыштардың барлығы авиациялық қауіпсіздік жөніндегі есепті толтырған. Мамандар олардың ағзасынан биологиялық сынамалар алып, зерттеуге жіберді.
Әуе компаниясы экипаждың Хайдарабадта орналасу және тамақтану жағдайларын қайта қарастырып жатыр.
"Әріптестеріміздің денсаулығы мен әл-ауқаты – басты басымдығымыз. Осы жерде экипаж мүшелерінің сырқаттануына қатысты бірнеше хабарлама түскеннен кейін, оларды орналастыру жағдайларын тексеріп жатырмыз", – делінген компания мәлімдемесінде.
Қазіргі уақытта тексеру жалғасып жатыр. British Airways ұшқыштардың тағамнан уланғанын ресми түрде растаған жоқ. Сондықтан бұл нұсқа әзірге алдын ала болжам ретінде қарастырылып отыр.