Әбубәкір Смайылов. Имандай шыным осы, илана біл

Фотосурет автордың жеке мұрағатынан

ПОЭЗИЯ
674

ҚОЛ 

 

Алға баспай бір ісім, оңғарылмай

Бақ та қонбай қойды ғой, сор да арылмай.

Алқымымнан алады өз қолым кеп,

Әбдіковтің әйгілі «Оң қолындай»!

 

Төлен ағам отырып сол заманда,

Осы күнді тап басып болжаған ба?

Өз өзіммен алысып мен шаршадым,

Қатып қалған қарысып қол жағамда.

 

Сыр бермеймін сыртыма – дұшпанкөзге,

Мыстанкөз де жетеді, іштар да өзге.

Өзіме жау өз қолым, жаман екен

Алған кезде алқымнан, қысқан кезде!

 

Ырың-жырың, мен іштей іріп келем,

Саусағым да, басым да бірікпеген.

Қаңтарда да оқ ақтан осы қол ғой,

Табын оның табасың шүріппеден!

 

Мені ұғатын жан бар ма, сөзім де ештей

Алай-дүлей күн кешпей, сезім кешпей,

Азаттықты біржола ала алмассың,

Өз қолыңды түбінде өзің кеспей!!!

 

МҰЗ ДӘУІРІ. ДИНОЗАВР 

 

Бүгінгі балаларға қызығы жоқ,

Ескі кинолентадай үзігі көп-

Енді айтсаң өткен күннің бәрі өтірік,

Екеуміз еске алайық кел, отырып.

 

Біз тудық басқа қоғам, басқа әлемде

Күн көсем бағып тұрды тас төбемде.

Жабығып Жаңабайлар жүрген уақыт,

Өз тілі өгей болып Өскеменде.

 

Бұл нәубет біздің ұрпақ бастан кешкен,

Артынша болды дүние астан-кестен.

Кеңестер Одағына өлім келді,

Ол мәңгі мызғымастай көрінген-ді.

 

Күткенде күллі дүние Мыңжылдықты,

Сезіп ем секем алып бір сұмдықты:

Әлемді қан-жын билеп, еркек күйлеп

Құдайсыздан әсіре діншіл шықты!

 

Жауған жоқ біз күткендей көктен шұға,

Адамзат азғындады шектен шыға.

Келесі Мыңжылдыққа топ еткенде,

Кеңістік сығымдалып кеткен, сірә.

 

Бұл да бір шым-шытырық кино да бір,

Имандай шыным осы, илана біл.

Біз деген мұз дәуірде құрып кетпей,

Дін аман қалып қойған динозавр!

 

Үздіксіз ақ пен қара күреседі,

Ертең-ақ қыз бой жетіп, ұл өседі.

Егер біз аман қалсақ мұз дәуірден

Алланың бар шығар-ау бір есебі...

 

КӨКТЕМГІ КӨҢІЛ-КҮЙ 

 

«Ештеңе жоқ өзгерген...»  (Есенғали)

 

Көктем гүлді көйлегін қойған сақтап

Кие алмай жүр,

кәрі қыс айналсоқтап

Қайта-қайта билігін ұзартады,

Заң жүзінде мерзімін жойған шақта.

 

Көкорай бел, көбелек алып-ұшқан

Көктем қайда?

Шаршадық кәрі қыстан.

Шалдың салған жолы ғой, ел қамын жеп

Жөн сөз айтқан адамның бәрі дұшпан.

 

Патшасына ежелден елі лайық,

Болмапты үрім-бұтағы әлі байып.

Қолдан келер қайран жоқ,

Жұмекенше

Қоңыр кеште отырам қоңырайып.

 

Сондай кеште, бәрінен безген кеште

Қашып кеткің келеді көз көрмеске.

Сорлы халық, сол ескі Қазақстан

Ештеңе жоқ өзгерген...

Өзгермес те!

 

Бізді қойшы көргенбіз түрлі бейнет,

«Жатып алған мына қыс жынды ғой» деп

Іштей тынып, үмітін үзбей жүрген

Обал болды көктемге гүлді көйлек.

 

БАСЫ АРТЫНА ҚАРАҒАН ХАЛЫҚ

 

Қашан мынау ырду-дырду той бітпек,

Оңашада сөз салмақтап, ой түптеп

Отырасың, содан кейін қарадай

Күйінесің алға баспай қойдық деп.

 

Бір қарасаң заман тыныш, ел аман

Бірақ, сұмдық жылдамдықпен аламан

Жүріп жатыр, сол аламан ішінде

Бір халық бар басы артына қараған.

 

Дүмшені ұстаз, білімсізді пір санап

Біздің қоғам кері кеткен күн санап.

Жарты қазақ жүр VII-ші ғасырда

Өзі оранып, жеткіншегін тұмшалап!

 

Неше түрлі болжам жасап, бал ашып

Тарихшылар Шыңғысханға таласып,

Жазушылар жауласып жүр жоңғарман,

Басқа жұрттар кеткен кезде бел асып.

 

Тілден, діннен, тәрбиеден айрылып

Жатыр менің ішімде бір Қайғы ұлып.

Қазақ қалай алға бассын біржола

Басы артына қалған болса қайрылып!

 

Басылар-ау той-думанның дүрмегі

Жылдар өтер…

Күндердің бір күндері

Өкінбесек әлемге аян болғанда

Тұтас ұлттың бекер өмір сүргені!

 

НАМЫССЫЗ ЕК НЕ ДЕГЕН!

 

Ерлік қылмай, бір демде

Ел болғасын егемен,

Есім шығып жүргенде

Қалып қойдым кемеден.

 

Кемесі еді ол Заманның,

Кетті айналып нүктеге.

Шапшаң батып шабан күн

Үлгермеймін түкке де.

 

Өне бойы кешігем,

Өркениет көшінен.

Өндірмесе ештеңе,

Мақтанады ел несімен?

 

Білім-ғылым кім себер,

Дін үйреткен дүмшелер.

Әркім құмар сүймекке,

Қазақстан - күлшелі ел.

 

Озық жұрты әлемнің,

Барып қайтты Айға да.

Байқоңыры бар елдің,

Жеткен жері - Тойхана!

 

Ел болсам да егемен,

Өз тілінде немерем

Сөйлемейді, өйткені

Өзім берген өнегем.

…Намыссыз ек не деген!!

 

ҚҰРАҚ КӨРПЕ 

 

«И от нас самих ничего на этой земле не останется,

кроме памяти в каком-то сердце, сильно любившем нас…»  (Эрих М.Ремарк) 

 

Жан адамға танытпай жанашырлық, 

Бір жақтарға асықтық, аласұрдық.

Өткен шағың - өтірік, болашағың -

Бұлыңғырлау, бүгінің ғана Шындық!

 

Аңшыдай боп сонарда із кесетін,

Бұл өмірдің көргенбіз біз де шетін.

Мен аяймын жүздегі қарияны

Қатары жоқ қауқылдап, жүздесетін.

 

Көнбейді уақыт ырқыңа, кесір неме

Жастық шағың жалт еткен есіңде ме?

Талай жарқын күндердің куәгері

Телефонын алмайды досың неге?

 

Өзіме өзім осынау сұрақты ерте,

Қойып көрдім.

Өмір не? Құрақ көрпе-

Естеліктен тұрады ол түрлі-түсті

Құрақ көрпе ғұмыры бірақ, келте.

 

Бір құдірет қаз-қатар тізгендейін,

Көктем мен жаз, қыс келер күзден кейін.

Күзден кейін қалады тау-тау астық,

Не қалады білмеймін бізден кейін?!

 

Ел есінде бір ауыз сөзім қалса

Дейсің, (бірақ сенбейсің өзің де онша).

...Сөзің қалса шіркін-ай, сөзбен бірге

Шы-м-ммм еткізер жүректі сезім қалса!!! 

КИНО

Танымал актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Актер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...