Бүгін – Дүниежүзілік поэзия күні! ЮНЕСКО Бас конференциясының 1999 жылдың 30-ыншы се...
Әбубәкір Смайылов. Үшбұрыштың ұшында – жалғыз ноқат
Фотосурет
ҚҰС БАСШЫСЫ - ҚҰЛАБЫЗ
«Қайтқан қаз Құлабызсыз болмас»
(Халық нақылы)
Қыр астынан сезілсе қыстың демі,
Сынаға ұсап сыңсиды құстың легі.
Үшбұрыштың ұшында – жалғыз ноқат,
Сол жалғыздың жағдайы мүшкіл, тегі.
Көктей өтіп тауларды жан баспаған,
Қол басындай қаһарман жол бастаған.
Дәл осылай самғаған деп айтады
Жерге құлап түскенше алғашқы адам.
Қақыратып ауаны ұшқан құс та
Қарап тұрсаң ұқсайды мұзжарғышқа.
Бұрынғылар ұша алса - ұшқан шығар
Бұйырмапты бұл бақыт біз байғұсқа.
Адастырмас құба жон, құла түзде
Құс-керуен басшысын Құлабыз де.
Енді кезек берілсе елбасы емес,
Құлдай Абыз керек-ау сірә, бізге.
КӨКЖАЛ
Көріп пе едің көкжалды жалғыз жортқан,
Иттер қуып індеткен, андыздатқан:
Ию-қию артында, ал алды - жар
Қия беткей айнадай қар-мұз жапқан!
Кенет, бөрі жалт беріп қиыс салды
Себебі ит сезбейтін иісті алды.
Арандап қап қақпанға түскен иттер
Азан-қазан...
Біруақта тиышталды.
Төбеттердің төресін алып ұрар,
Азаттыққа қасқырдың жаны құмар.
Егер иттің иесі адам болса,
Көкбөріні қолдайтын Тәңірі бар!
Мен де жалғыз жортқанмын,
жортып келем
Жолдас болмай санасы қортықпенен.
Құдіреті деп білем тылсым күштің,
Талай «иттер» тайсалса қорқып менен!
АЙМАҢДАЙ ҰЛҒА АҚ ТІЛЕК
(Димашқа)
Айналдым ұлдан аймаңдай,
Көркіне көзің тойғандай.
Ой қандай және әр сөзі
Орнықты қолмен қойғандай.
Періште әппақ қанатты,
Аузына елді қаратты.
Жүгіріп жүрміз алқалай
Жүз жылда туар талантты.
Жүз жылдық ескі жүйе бұл,
Ақ түске жұққыш күйе, кір.
Сүйеді ұл шексіз Отанын
Сен де оны қазақ,
сүйе біл!
Күмбезі алтын Ақсарай
Күтіп ап сені патшадай,
Сынайды әлі атақпен
Сыйлық та беріп басқалай.
Бірақ сен мыстан билікке,
Басыңды име,
илікпе.
Бәлесі жұғар аулақ жүр
Сүйме де оны,
сүйдіртпе.
Арманға арман жалғанған,
Кім опа тапқан жалғаннан?
Талайлар бетсіз биліктің
Қолынан сүйіп қор болған!!!
ГОДОНЫ ҚАЗАҚША КҮТУ
немесе біздің абсурд театры
Алайғайлы күн еді, бұлағайлы,
Сұр мергендер көзге атқан құралайды -
Ойран салған деседі осы алаңда
Ердің құнын енді ешкім сұрамайды.
Ауа ластап, мәз болып жер басқанға
Оттан шашу шашамыз енді аспанға.
Шешілген жоқ жұмбағы Жаңаөзеннің,
Құпия әлі Қаңтар да, Желтоқсан да.
Өтірік пен өсегі көп қоғамда
Өмір сүру азап қой текті адамға.
Сұрақ қойса қайтемін келер ұрпақ
“Қайда болдың сол кезде?” деп маған да.
Қара күшке қанша рет қарсы шығып,
Қара көзден түссе де тамшы үзіліп,
Күдеріміз үзілмей, күтудеміз
Әлі тірі, өшкен жоқ әлсіз үміт.
Көрмесе екен оның да өзін көптей,
Өтемін бе шындыққа көзім жетпей?
Қол созым жер - Ақорда бірак соған
Қолым жетпей, қойды ғой сөзім де өтпей.
Оны биік, өзімді төменсініп
Жүрем, өне бойымда көп ерсілік.
Көрген қорлық, бүгінгі тартқан азап,
Ертесіне есімнен кетер шығып.
Р.S.Күтудеміз біреуді...
Біздің ғұмыр
Беккетше* айтсақ емес пе бекершілік?!
*Сэмюэл Беккет – драмтург, «Годоны күте-күте» пьесасының авторы.
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҮДЕРІСКЕ ҮН ҚОСУ
(Әзіл-шыны аралас)
Поэма арнап болсаңдар Бәйтерекке,
Мемсыйлық деп жүгірме, бәйге деп те
Малевич сияқты бас қатырмай
Майлы бояу жаға сал жәй кенепке.
Бәйтерекке табылар жаңа жаршы,
Әйтеуір бір бояуды жаға салшы -
Әлек болсын бүкіл ел түсіне алмай
Әдірем қап әйгілі «Қара шаршы»*
Немесе анау «Шомылған қызыл аттай»*
Тіпті жақсы болса егер түсі нарттай.
Түсініксіз өлең жаз одан қалса
Сағы сынсын сыншының тісі батпай!
Оқасы жоқ өзің де түсінбесең,
Ең бастысы бәсіңді түсірмесең.
Бәс тігемін - ілігіп тізімдерге
Ірілердің жүресің ішінде сен!
*Малевичтің «Қара квадрат» картинасы
*Петров-Водкиннің «Қызыл атты шомылдыру» картинасы
ЭПИГЕНЕТИКА
Бұл сөзім арналады ойлы адамға -
Ісі жоқ өсек-аяң, байбаламда.
Талғап, таңдап қонатын қасиет қой
Қай бабаңның таланты қай балаңда?
Әр ұрпақ қосып кеткен өз үлесін,
ДНК дейді адамзат шежіресін.
Жетпіс жеті атаңды былай қойшы,
Жеті атаңнан қалайша безінесің?!
Тәкаппар ма, арсыз ба, дүмбілез бе
Арғы тектен - бай болса кім мінезге.
Бұл - бұлжымас заңдылық, бір ұлы қол
Қалыптай ғып қалдырған үлгі бізге.
Дерт те қуған тұқымды, кек те қуған
Кейін демес үшін де текке туған,
Тыйып ұстап ұрпағын атам қазақ,
Жан салмаған алдына Тектанудан!
Ол өлмейді, өтірік өлген деген
Рух - мәңгі, ешқашан көрге енбеген.
Енді келіп клондап, түп-тегіңді
Өңдемекші біреулер өңмендеген.
Адам, осы қалпыңда шынайысың,
Тыраштанба түзеуге Құдай ісін,
Құдай үшін!
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ
“Неге әлі күнге әлеуметтік желіде жоқсыз?” деген сұраққа жауап.
Басып қалсаң телефонның түймесін
Бәрі алдыңда, үнемелік үйдесің.
Сыртқы әлеммен таппағасын үйлесім,
Сырласың да, мұңдасың да ЖИ-досың.
Біз айналдық соқыр, мылқау, кереңге
Мейірім бе?
Таба алмайсың оны емге.
Бәрі әдемі және бәрі бақытты
Әлеуметтік желі дейтін Әлемде.
Әдірем қап әдет-ғұрып қашанғы,
Жастар жағы хиджап киіп “жасанды”.
Жасанды ерін…
Шын көңілден шықпаған
Күлкісі де бұл заманның жасанды.
Жасанды бет…
Жасалмаған не қалды
Ақша жүзді Ақжүністер жоғалды.
Қуыс кеуде қуыршаққа табынған
Осы күнгі жігіттерге обал-ды.
Шын өмірді армандайтын шығармыз
Бақытты боп көрінуге құмармыз.
Әлеуметтік желі дейтін әлемде -
Мәңгілік жаз.
Мұнда жоқ мұң, мұнар күз.
Әр адамның қайғы-мұңы тереңде,
Жасырады, көрсетпейді оны елге.
Әрбір адам жеке-жеке бақытсыз.
Әлеуметтік желіден тыс Әлемде!
МЕН ТУҒАН КҮН
“Қай күні екені есімде жоқ, әйтеуір қауын пісіп жатқанда туғансың...”
(Анамның әңгімесінен)
Анам шалғай ауылдың тұрғыны еді,
Акушерді ол заман кім біледі.
Кім біледі, осы күн газеттерде
Қауынбай боп жүруім мүмкін еді.
Кешегі өткен заманда, ертеректе
Бәрі таңсық ойыншық та, белсебед те.
Төрт-бес бала туған соң “метірке” үшін
Бір-ақ барған әкеміз сельсоветке.
Өзі қате жазса да көрер көзге,
Мойындай ма сельсовет дәлелді өзге?
Есімдері ауысып екі апамның
(Енді бүгін күлеміз),
ал ол кезде…
Тіркемесі жайлы орын трактордың,
Бала болып салмаппыз жылап қырғын.
Туған күнді айтасың, шын атымды
Кәмелетке толғанда бір-ақ білдім!
Сауаты жоқ жазарға хат тілімдей,
Әрбір таңға тәубе деп сәтті күндей.
Ақ патшаның тұсында туған әкем
Өтті ақыры өз жасын нақты білмей.
Мейірім, шапқат дәметіп Жаратқаннан,
Мен де шама-шарқымша талаптанғам.
Түнде жатып, есен-сау тұрсам ерте
Туған күнім есебі ӘР АТҚАН ТАҢ!