Болатнұр Әбутәліпұлы 1985 жылы 5 қаңтарда Алтай аймағы, Буыршын ауданының Қарашоқы жайлауында дүниеге келген. Асқар тауы мен кең даласы, мөлдір бұлағы мен тұмса табиғаты жарасым тапқан туған өлке оның бала күнгі дүниетанымына, жан әлеміне және кейінгі ақындық болмысының қалыптасуына терең әсер етті. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін шығыстың дәстүрлі медицинасы бойынша білім алды. 2007 жылы тарихи Отаны – Қазақстанға қоныс аударды. Атажұртқа оралған соң да ізденіс пен білім жолын жалғастырып, медицина саласы бойынша жоғары білім алып, кәсіби білімі мен тәжірибесін жетілдірді.
Болатнұр Әбутәліпұлының өлеңге деген ықыласы бала кезінен басталған. Оның поэзиясында туған жерге деген сағыныш, ел мен жерге сүйіспеншілік, ата-анаға құрмет, адамгершілік, махаббат, имандылық, жастық шақ пен өмір тағдыры жайындағы терең толғаныстар кеңінен көрініс табады.
Мен – өлеңмін
Мен – өлеңмін,
Жүздерімде қуаныш бар, тарпаң тағдыр мұңы бар.
Тілім – қылыш, жүрегімнің сескендірмес түгі бар.
Қыр гүлінің шырыны бар, әбжыланның уы бар,
Рухым пәк, тек адалдық аспанынан сыр ұғар.
Тәңір берген талантпын, тылсымнан ой таба алған,
Көркем теңеу, ұйқасыммен тоты болып таранғам.
Терең ақын сезімімін, жүрек қанын сия етіп,
Ақ қағазға тамшылатып жаза алған.
Мен – тамшымын,
Таңғы шықпын, бейнелейтін теңізді.
Періштедей көңілім нұр, жүрек сәби ең ізгі.
Ғашықтардың көз жасымын хатқа түскен домалап,
Бейнелейтін адалдықты, қылдай нәзік сезімді.
Мен Абайдың ұлы ойымын, Мұқағали мұңымын,
Тәкаппарды басып өтіп, жарлыларға беретін жан жылуын.
Алтын сандық кеуделерде кәусар болып төгілсем,
Қияметке сақталамын, жаңғырамын, тірімін.
Ұлылардың өр үнімін, жартастағы жаңғырық,
Ғасырлардың қатпарына кеткен өшпес таңба ұрып.
Дауылдар мен нөсерлерің кетсін мейлі жарға ұрып,
Мен сезімнің жанартауы, өшпейтұғын мәңгілік.
Құрылғанда кіл шындыққа таудан биік тұлғам бар,
Мөлдір бұлақ, қас сұлудай онда таза нулар бар.
Тармақтарым – ақиқаттың артерия тамыры,
Оған мүлде жағымпаздың қанын әкеп құймаңдар.
Қар жауды
Қар жауды Сарыарқаға, боран үдеп,
Сары даланы ақ бояу бояды кеп.
Астығын қамбалаған күз қария,
Қабағын қыстың бағып қояды көп.
Абыз кеуде даланың атырабы,
Ақтық үшін құшағы ашылады.
Еркінен тыс сөгілген қатпарларын,
Жел пырағын мінген қар жасырады.
Үндескендей бір ғажап ғасыр әні,
Ағаш үні желменен ашылады.
Тазаруға өзен-көл ұста аяздың
Мұз сауытын киюге асығады.
Жер-ана ұйқысыз таң атырады,
Мүмкін, ол әлденеге асығады.
Кінәсіз күзгі күрең келбетіне,
Табиғаттың ақ мөрі басылады.
Жүдеткенмен тағдырдың өктемдігі,
Сездірместен жүзінен еш белгіні.
Бір сәт ол да қайғысыз көз ілсе екен,
Ақ көрпесін жиғанша көктем қызы.
Әке жолы
Әкем өтті бұл өмірден бір күні,
Тоқтап мәңгі бұл пәнилік дүрсілі.
Туған жерде бір төмпешік топырақ –
Отбасының арқа сүйер бір шыңы.
Елес қана көз алдымда күнделікті күйбеңі,
Тірісінде жүрген талай жазық, дала, қыр, белі.
Қасқа жолдар секілденіп салып кеткен сүрлеуі,
Көк жоталар бейне бізге ақыл айтқан мінбері.
Жан еді әкем жылқы құмар, баптап мінер бір атын,
Сол атының жай-күйін көзден оқып ұғатын.
Алыс жолдың басып келсе өрі менен қиясын,
Мейірлене жаны ашып, жалын сипап тұратын.
Меншіктейтін бие туса, ен сап бізге құлынын,
Асау мініп, ат жалында ойнасын деп қыр ұлын.
Көріп өстік қасиетін судың ішкен тұнығын,
Бәйге көрдік, сездік ерте ұлы дала дүбірін.
Мұра етіп көне жұртта атағаш пен ескі үйді,
Туған жерден біз де аттандық, әкем қалды, көш жүрді.
Баламызға сезіндірмей дала сырын, ескі ізді,
Көп жыл өтті, тізгін ұстап мінбедік кер бестімді...
Мен қазақпын
Мен қазақпын, жүректе Алла, қуат алған Құраннан,
Жерде тұңғыш тұлпар мініп, қолға жықпас ту алған.
Қылышымды тасқа жанып, қас дұшпанның қаныменен суарған,
Тарихымды тасқа жазып, отты ғасыр алауында шыңалған.
Сақ пен ғұнның сарқытымын, түбім түркі тектімін,
Қалқаныммен тосқам талай дауыл, дала көшкінін.
Сап алтыннан сауыт киіп, ат үстінде жорықпенен өтті күн,
Жарты әлемді тіксіндірген айбарым мен екпінім.
Көк бөрімін, көк жүзінде құрыш қанат қыранмын,
Бостандық деп жанын тіккен иесімін Ұлы Дала – Тұранның.
Күн астының билеушісі Тоныкөктің өшірмеген шырағын,
Көк түріктің көк семсері, Күлтегіннен мұраңмын.
Мен қазақпын, кім болғаным әр тасында алып ұлы қорғанның,
Абылайлап атқа қонып, жерімізден сесін құртқам жоңғардың.
Ғасырларға хандық құрып, мөрін басқан қолдардың,
Жалғасымын жарық күндей ұлы Алтын Орданың.
Тау ұлымын
Мұз төсеніп, жамбасыма қар жамылып тауда өстім,
Сырғитұғын өрмелесем қарсы алдымнан тау көшкін.
Қалқан етіп қарағайын, жартастарын бар беттің,
Келем арман жетегінде, аспан құлап, тау көшсін.
Ат қып мініп құйындарын, ақиықты қыраныңмен бірге ұштым,
Рақатқа бой ұрмадым, ілеспедім тізбегіне жыл құстың.
Қара орманы адастырып, дала кезе айсыз талай түн құштым,
Қасарысып қарсы тұрып, түнектерді қызыл қолмен сырғыттым.
Көк орманын саяладым, таңғы бұлбұл әуенінен ән ұқтым,
Бөрі ұлыған жоталарға, мал мыңғырған ауылыңа қанықпын.
Тасқыныңа қарсы жүзіп, тарғалаңда тас қамалмен алыстым,
Шабыт алып тұратынмын шың басынан көтерілсе алып күн.
Таудан құлап, сай кернеген ақ өркешті бұлағына жуындым.
От шашатын жанартауға жалын қосып, шоғы болып сырылдым.
Тыңдап өскен сыр тарихын, мұң тарихын алып ақбас шыңыңның,
Жаратылған қара таудан арман қуған ұлыңмын.
Тағылар
Тырнағы батса-дағы тағылардың,
Сол тағылар ішіне тағы бардым.
Жылан біткен келеді шағып алғың,
Тісі ақсиып қасқыр мен қабыланның.
Арыстандар найзадай қайрап тісін,
Аюлар тұр теңдессіз сайлап күшін.
Жон көрсетіп жолбарыс баспалайды,
Азығының алдырар аңдап тұсын.
Қызылға жерік болған құзғын-қарға,
Ала сұрып ұшады құз бен жарға.
Аңқау елік қорқады аппақ қыстан,
Өйткені онда үрейлі іздер бар да.
Түссе-дағы шүленді күн шуағы,
Жауыз көздер ұшқыны қымсынбайды.
Қиылар деп әлсіздің қыршын жаны,
Қу түлкілер қыраттан қылтияды.
Кезеңде қасқыр ұлып жатыр әлі,
Төрт түлікті үрейге батырады.
Қара түн тыныштығын қашырады,
Шибөрілер шуылдап шақырады.
Әдемі қайың-терек жапырағы,
Дауыл тұрса, иіліп бас ұрады.
Жауыздыққа жаны қас жасыл орман,
Амалсыздан қойнына жасырады.
Тек үнсіз мұңға батып дала жатыр,
Мен де үнсіз айтамын далаға сыр.
Қолында балтасы мен арасы бар,
Бір топ адам орманға бара жатыр.
Аялдама
Аялдама, автобус аялдады,
Бір сұлу тұр, періште санамдағы.
Көзіндегі ұшқынның алаулары,
Бір бақыттың базарын баяндады.
Қазаққа тән сымбаты қараторы,
Бір шоқ гүлдей өсірген анасы оны.
Жүздерінен бір жылы леп еседі,
Қандай бақты жүректің панасы еді.
Жар еткеннің батпастай кеші мүлде,
Әттең, бірақ барамын өкінумен.
Ақ саусаққа қыстырған темекісі,
Мүлде бәрін құрдымға кетіруде.
Жұлдыздың бетін бұлттар басқандайын,
Бір бұлдыр болашақты жоспарлаймын.
Құшырлана сорады темекісін,
Махаббат ләззатына батқандайын.
Жылап қайтты, амал не, ғашық үміт,
Жылдар өксіп жатқандай, ғасыр ұлып.
Көк түтіннің сүреңсіз далдасында,
Бір сұлулық барады жасырынып.
Автобус та жылжыды баяу ғана,
Есімде ол туралы алаң ғана.
Келешек көк түтінмен перделенген,
Есіме жиі түседі аялдама.