Жанна Елеусіз: «Үр тілінде Саған жауап берем мен...»

Фотосурет «DANA kaz» журналы

ПОЭЗИЯ
208

***

...Су Перісі – мен шығармын,
Аяқ тілеп, Мұң алған.
Ауа ішінде – тұншығамын!
Адами мұң – шын арман.
Қылдай – таңым.
Кендір – кешім.
Келер тағы сынай күн.
Мына әлемде Сен жүресің!
Амалын не – шыдаймын...
Қадамымның жан суырған
Дертіне де – көнемін.
Жүрегімнің талшығынан
Жыр суыра беремін...
Қарап күнде көп ізіме –
Ұғарсың Зарыққанымды.
Қайтар сосын Теңізіме
Менің Балық – Жанымды...

***

...Жапырақ жалбырап түскен Шақ –
Жаныңдай аяулы.
Көрмеймін бұл жылы... Керем бе...
Мен сені ұмыттым аяулы.
Сен мені тастап кет Тереңге:
Теңіздей уайым түбінен
бір Өлең сүзіп ап – әкелем.
Оқисың – үйлердің бірінен
Мен жазған өмірлік Қатемен...
Оқисың, білемін, түзетпей!
Сен ғана танысың – шын Мәнін.
Мен жатам – жүрегім дыз етпей,
Тыңдаумен су асты құмдарын...
...Жапырақ жалбырап түскен Шақ –
Аяулы
жанымдай.
– Келем!..де.
Сен – мені ұмыттың аяулы
Батарда Тереңге...

***

...Сағындырайыншы Сені – мен?
Сапырылған көштің ба – өрінен қалып.
Кеудеңді – тоңғақ құстардың күзде
Шырылдай салған Әнімен жарып!
Алқалап алған ортаға көптен –
Сыпырылып шығып кете алмай...
Жаңбырдан,
Қардан,
Жерден де,
Көктен –
Жалғыз-ақ маған Жете алмай!..
Сағындырайыншы?
Жыр болып ең бір Аяулы!
Сөз емес, Жас боп парақтарымда
дірдіктеп!
Аспан жақтағы ақшаққан үйлі Ай ауылы
Жаныңды жатсын Жаныммен үнсіз
күрмектеп...
Сағындырайыншы?
Сырыңа кәусар – берілмей.
Сүйейін, бірақ!
Өзіңді ғана – көрінбей...

***

...Қандай ауыр – қайта бір жалт Бұрылу!
Жүрегіңнің есту – Нәзік дірілін.
...Ей, дүние,
Бақыты – арзан, ұғымы – у!
Жоғалған Мұң – тіріден де Тірі мұң.
Жоғалған мұң –
Сол Әдемі.
Жас күйі.
Сағын да Сүй. Күт те Ізде. Шыда. Кел.
...Ей, дүние,
Темір атты, тасты үйі!
Жүрегімді таста да енді шыға бер...
Бірге өткізіп көрмеген бір кешті
Біздің
Мынау Жақындығымызды ұғын, ал?
Менің тағы кеудеме – Құм көшті!
Ешкім іздеп таба алмаған Мұңы бар...
Қандай ауыр – қайта құшақ ашқан Бақ.
Көрінсең де қанша жерден Күшті – елге.
Жан
Осылай шығады екен – Аспаннан!
Жарты уыс Топырақ кеп түскенде...

***

...Сен де мендей жаныңды Мұңға малып
Көрдің бе?
Ай секілді – түнде ағарып...
Түн ылғи шошытады – дүниедегі
Ең жақын адамымды Ұрлап алып...
Уақыт та алып кете алмай – өзін бұрып.
Көрсетеді (кім үшін?) төзімділік...
Қараңғылық түскенде неге адамдар
Қарсы алуға тиісті – көзін Жұмып?..

Бәлкім тылсым – Түс болып қашықтады?
Бәлкім сол ма – күткені, асыққаны?..
Неге сосын соншама жап-жарықта
Жүреді олар – жанарын Ашып бәрі?..
Солқылында өмірдің, тынысында
Жаным әзер ілініп тұр ұшында...
Мен алаңсыз ұйықтар ем!
Менсіз өмір
Сүре алмайтын Жүректің бұрышында...
Мазасыз жан таба алмай Жер,
Көктен де,
Мұң ба, әлде, бірдене мендеткенде
– Мені қорып отырар Қыз қайда? – деп,
Түн жылайтын шығар-ау мен кеткенде...

***

...Маған қарсы Жалау ұстап, сен – Батыр.
Ақылы жоқ сорлым-ай...
Біреу, әне, өмір – Күрес!.. деп жатыр.
Ол да – маған лақтырылған Соңғы лай!

Қолтығына бәрі бүркіп. Су-тегін.
Құрбанысың – өзіңдегі соқырдың!
– Күшігінен қандай Аяр ит едің!..
...Мен – мұңайып отырмын.

Қалар ертең бізден Демін үзген күн.
Мен ешкімге – Қас та емен, Дос та емен.
Бауырыма – Бауырымды үзгенмін!
Жүрегім бе?
Осы – Өлең...

Мен – тілегін тілеп өтем Көктемнің.
Керек оған – Үлгі болып тұрар Шың!
...Сағынышың сені Жеңіп кеткен күн,
Кімге барып...
Кімге барып – Жыларсың,...

***

...Көру Сұмдық –
Күнде өзгерер пендені.
Мұң ұлғайып бара жатыр мендегі.
Періштесіп жүргендерге көрініп
Кетсе деп ем – Тәңірі де келмеді...

Есту сұмдық –
Менмен көкіректердің
Үнін. Тағы – сорлы жетімектердің!..
Мен өмірді сүйгенімде – осылай
Өтірігін Көріп, өкінем деп пе едім?!.

Жаным,
Бір рет Кейінірек келсек пе?
Мүмкін адам алар құйтай Тағылым...
Көлеңкеңмен дүниені Көрсетпей,
Сен әзірге тұра тұршы, Жарығым...

***

...Өзім бе мынау,
Өзің бе?
Өмірге Ғажап қана алмай,

Жаңбырдың жүрген көзінде –
Жанымды төгіп алардай...

Қаумалап әрбір тұстан мұң,
Қайтер ең кетсем оралмай:
Қанаттарында Құстардың
Келіп ап...
Жерге қона алмай?..

Көкке де тиген Маңдайым
Көпке де Жарық болар шам.
Қайтер ең – Соңғы қардайын
Ертелеу еріп, Жоғалсам...

Биікте және Тереңде –
Өлеңнен өмір өргем Дүр!
– Сағыныш күтті... дегенге –
Сағыныш ем ғой келген бір...

Бір жылдың бір Ай, Күнінде
Бұлт болып жүрмін – көшкелі.
Аспанның жұмбақ Тілінде
Сөйлеумен кетсем – КЕШ мені...

***

Әлем...
Кілең Әдемі мұң!..
Көктемдегі себілген Сезімдерден
Кіріскендей жинауға Жан-егінің...

Сырлар үзік...
Жүректердің жемісін тұрған үзіп.
Қар жауғандай алғашқы,
Аңғалақтап,
Анда-санда жауған жыр...
Бұл да қызық.

Мұнда – Дала, қырларың.
Қала, көшен.
Бұрылады Уақыт та:
– Қара!.. десең.
Қаңқылдасам Қаз болып төбесінен,
Қиқу салар төменнен бала да – Әсем...

Балаң ойлар, ғазалдар, балдырған үн.
Ұмыт болар – талдырған,
қалдырғаным...
Мен сүйген Күз –
Сиқыршы секілді өзі!
Сүйкімді етіп жіберер – жанның Бәрін!..)

***

...Қасыңдамын.
Сезіле ме иығыңа асылғаным?
Бір құпия бейнемін ұғып қояр
Жүрегіңнің түбіне жасырғанын...

Адамы бар – өң бойы толы киім
Көшеге де Жапырақ – өлі бұйым...
Жерден қашып.
Паналап келгенім сол –
Мені күткен Жүректің оң иығын...

Періштесінің сүйесің Күлін несін?
Жо-жоқ...
Оған сенім, бүлінбесін!..
Көкірегіңе ұя сап жүргенім ғой –
Көздерімнен көңілім түңілгесін...

***

...Бақыттымын!
Жауымды көрдім ашық.
Барады өзі үйген көңді басып.
Көзімнің қиығына іліктің-ау!
Құтыла алмайсың ғой енді қашып.

Жүрсем де қарсы есіп – Дауылға мың.
Білмеппін мен осынша жауым барын:
Біреулерді қуанып тұратынын –
Күйзеліп...
Қиналғаным...
Ауырғаным...

Жек көрсең:
– Жек көремін.
Солай!.. дегін.
Өзгертіп жатпайды ғой торай да өңін!
...Шын жылап қалар жандар Аздау болса,
Өмірден кетуім де – Оңай менің,...

***

...Желекпелеу жұлдыздарға бай Түнде
Менің Бұлтқа айналғым кеп кетеді.
...Біз сөйлессек екен енді қай Тілде?
Ұғыныспай қойған күндер – жетеді...

Адам тілі...
Бәрінен де қиын – бұл!
Көрмеу үшін сәтті осы – шерменде,
Соқырлардың кешсек пе, әлде, күйін бір?
Саусақ ұшы әріптерді тергенде...

Сүрдік өмір – Үмітпен де, Мұңмен де.
Көнбей қойдық сезім дейтін тұспалға...
Саңырауға айналсақ па бір демде?
Суық сөздер ауа жарып ұшқанда...

Отыр, сірә, қайбір олар түк біліп.
Айтады Ақыл бізге несін?
Ой – несін...

...Күлтесінің Түсінен сыр ұқтырып,
Гүл тілінде сөйлей алсаң, Сөйлеші?..

Құс тілінде шырылдашы, а, Келісім?
Шық тілінде мөлдіреші – төбемнен?
Жыр тілінде сөйлей алсаң – мен үшін!
Үр тілінде саған жауап берем мен...

...Сенен артық емес тіпті пейішім де.
Кетем тозақ Саған түсірмей – Күннен!
...Аспан жақтан бекер келді дейсің бе?
...Адамдардың тілін – түсінбеймін мен...

***

Жақын маған бәрінен –
Жаңбырлы түн!
Айта алмайды бұл Түні – тағдыр да үкім!
Қашып, қашып, тығылған жұрт үйіне.
Су, су болып, тұрамын – Жалғыз...
Бүтін.

...Мүмкін, Мөлдір болмасам сүймес едім?
Тамшысымен Тамшыдай үйлесемін!..
Мен, әйтеуір, сол Түні бар мұңымнан
Арылғандай Алапат күй кешемін!..

Күйдіре алмай,
Күн тағы жалаңдады.
Менің Жаным – Қырларға алаңдады:
Құрғақшылық жетсе, егер, бір мекенге,
Қатыгездеу болғаны-ау адамдары...

***

Жаңбырдан кейінгі Сәтті ұнатам –
Терезе жақтауына Тамшылар тізіліп
қалатын...

Ақ көйлек киетін Шақты ұнатам –
Алыстан көрген Жан қызығып қалатын...

Аспанның сәл түнеріңкі Қабағын ұнатам –
Сені Сағынғанымды еске салатын...
Аппақ қаланың қап-қара Жанарын ұнатам –
Ішінде мен боп бір Жарық жанатын...

Біреуге, бәлкім, Күндеймін,
Түндеймін.
...Ал сен нені Ұнатасың?
Білмеймін...)

Өмір сүр

...Қарама Мұңның көзіне.
Батып кетесің.
Көзіме қара – көңілімнің жағдайын біліп.
Онсыз да жүр ғой ісіріп Бақыт шекесін!
Адамда тұрып – айнаға Маңдайын ұрып...

...Іздеме Ойды.
Іледі ол жыртық жеріңнен!..
Кетеді сосын өзінше тоқып жаныңды.
Былай да Тағдыр қаламын ұстап желінген
Тауысар болды малумен күнде –
Қанымды...

...Армандама да.
Қиялдама да, өтінем.
Шөлдей бергесін Жүрек те қайтер?..
Кебірсір.
Ғарыштың мынау Мен дейтін сүйіп бетінен,
тіріліп ал да!
Жай ғана ҰЗАҚ өмір сүр!..

Өмір сүр –
Көріп Таңдардың қалай атқанын!
Батқанын тағы Батысқа Күннің – қара да.
Ақша бұлттардың адам бармайтын
Аппағын
Көзіңмен емес, Жаныңмен ашып арала!..

Өмір сүр!
Жерден табылмаса да керегің...
Келмесе, егер, көктеген бейуақ Гүлді үзгің!
...Топырақтың да адам көрмейтін
Тереңін
Тілі ғой... дей сал түсініксіздеу бір
Қыздың.

...Қарама Мұңның көзіне!
Батып кетесің...
Қайтады сосын қара жамылып небір сыр.
Онсыз да жүр ғой ісіріп Бақыт шекесін...
Өмір сүр, жаным.
Жай ғана Ұзақ өмір сүр...

***

Үндемейін.
Сен мені түсіне ғой...
Биіктесем – түсін де, кішіре ғой.
Теңіз болып кетті, әне, сапырылып!
Толқын, толқын сыймаған ішіме Ой...

Үндемейін.
Сен де сәл үндемеші?..
Қырлар жақта басталсын гүл Кеңесі!
Күн де ертемен бұрғылан,
қазып жатыр –
топырақта қалғандай бірденесі...

Жүрмейін де –
борпылтып, жылға кешіп!
Кеше – мүлгіп,
Қар асты тұрған өшіп
Жердің сол бір сүп-суық қойнауынан!
Келе жатыр дейді ғой бір Дән өсіп...

Сән.
Салтанат.
Сарайлар.
Қиған – бәрін!
Дала – менің сенгенім, иланғаным:
Сарғалдақ боп шығады – Сағынғаным!
Қызғалдақ боп шығады – қиналғаным...

Ерлігім де,
Күлкім де,
жасым,
Бәрін
Соның ғана Жанына жасырғаным:
Жапырақ боп бітеді Көктем сайын!
Жусан болып шығады – ашынғаным!..

Үндемейін...
Айналсын Гүлге – кейіпім.
Жүрегімнің төсінде – Дүбірі қан.
Менің мынау Жанымды сіңіріп ал!
Көктем келсе –
Дүниені бүлдейтін,
Мінезім бар –
Осылай Үндемейтін...

Біз бір күні Алматыдан кетерде...
Өмір, өмір...
Өмір өтіп өтерде
Адам, тегі, қиналмайды бекерге...
Сен де қимай,
Мен де қимай жылармыз.
Біз бір күні Алматыдан кетерде...

Екеуміз де мың қайырар бір Әнбіз.
Жал-құйрықсыз.
Жалқы басты құланбыз.
Сен де қимай,
Мен де қимай!
Бір күні...
Алатауды артқа тастап шығармыз...

Ақ бас таудың етегіне жас тамып,
Табандарды тамшы тесер Тас қарып.
Сөйлей алмай.
Қой... дей алмай тұрармыз!
Бордай босап.
Қол қысысып.
Қас қағып...

Сосын.
Сосын...
Осы мұңның бәрі шын:

Жақын болып кетеді де алысың!
Қара жолға қасқая кеп шығамыз.
Жалғыздықтың жамылып ап Шәлісін...

Жаудырумен жауһар көздің жаңбырын.
Үңілеміз өткенге көз талдырып...
Жиырма бірде –
Біз екеуміз қайтамыз!
Он сегізді Алматыға қалдырып...

Арман болып – біздер талай іздеген!
Үміт болып.
Түндерде көз ілмеген...
Махаббат боп.
Машақат боп меңіреу!
Бұл Алматы... қоштасады Бізбенен.

Сағыныштан талай көрген түсімде.
Ұқсастық бар түрінде де, ісінде.
Өкінемін...
Өлең сүйген өрім Қыз
Қап қояды жатақхана ішінде...

Өкінемін!..
Бұны да көп айтқанбыз.
Басымыздан Қаз да ұшып.
Қайтқан Күз.
Қап қояды көп бөлменің бірінде
Жарым түнде жандай сырын айтқан
Қыз...

Бәрі...
Бәрін...
Санасаң сан жетер ме...
Адам, сірә, қиналмайды бекерге...
Сен де қимай,
Мен де қимай жылармыз...
Біз бір күні Алматыдан кетерде!

Жүректері мың шертілер күй аңсап.
Арман қуған Қыздар едік ұялышақ...
Алматыдан Біз кетеміз бір күні –
бір Көрісу үшін тағы жиі аңсап...

Елеусіз Ж. «Үр тілінде Саған жауап берем мен...» // «DANA kaz» журналы. – 2014. – №2–3 (13). – 64–66-бб.

author

Жанна Елеусіз

АҚЫН

ЖАҢАЛЫҚТАР

Премьер-министр Олжас Бектенов қазақстандықтар үшін баспана сатып алуды қолжетімді ету мақсатында ба...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова өзін сынаған емші Бағдагүлге әлеуметтік желіде жауап берді, деп...