Бекен Қайратұлы. Құмайторы

Фотосурет ашық дереккөзден

ҚАЛАМГЕР
205

Алтайдың атақты Өрмегейті асуынан асқан соң, жол ылдилап барып Құрымтыға құлайды. Бұл табиғаты әсем өлке. Сонау шығыс-солтүстікте мұнартып тұрған қасқа шыңның оң қапталын жанай созылған қарағайлы алқапты біздің ел «Жолты жайлауы» дейді. Жайлаудың күңгей бетіндегі ескі сүрлеуді қуалап барып, мәңгі мұздақтың төменгі етегін сүре өрлейтін қия жол Қобда бетіне асатын жалғыз сораб. Сүрлеу-сорабты қыста қалың қар басып қалады. Тек жаздың үш айында ғана қатынас бар.  

Жолты жайлауындағы елге түнеген қос салт атты таң бозымен жолға шығып, Қозы көлдің сыртындағы Бүркіт тауына қарай ылдилап келеді. Жолаушылардың үлкені сақал-мұртын қырау шалған жасымыс адам да, қасындағысы түбіт мұрты енді-енді тебіндеп келе жатқан бозбала. Бұлар күн арқан бойы көтерілгенше көлдің қысқа мойнын айналып өтіп, Сарымсақтыға тұяқ іліктірді. Алда Көкмойнақ кезеңі. Аттылар қатарласа жүріп сылбыр аяңмен кезеңге шыққанша күн бесінге аунады. Кезеңнің үсті теп-тегіс.

Жолаушылар әдеттегідей кезең үстінде ат шалдырды. Жасымыс жігіт ағасы үстіндегі қоңыр барқыт шапанын шешіп, құлақ түбі тершіген қарагердің шап айлын сәл босатып, ауыздығын алды да отқа қоя берді. Шапанын жайып жіберіп, бесін намазын өтеп, серігін қасына шақырды. Түбіт мұртқа сонау күн астындағы бұлт ішінен бұлдырып көрінген биік құзды нұсқады. Бұл атақты Қыран шыңы. Осы шыңның көлеңкесі түсіп тұрған ана бір биікте малта тасты үйіп жасаған үлкен оба бар. Оны ел «Бүркіт оба» деп атайды. Бала кезімде әкем мені ана обаға ертіп барып, тарихын айтып беріп еді...

Жігіт ағасы шығысқа қарай жөңкіле көшкен қою бұлттың кірсіз шаңына шомылып, Алтайдан аса соққан Қобданың қызыл желінің өтіне тұлабойын сүйгізіп асқар биікте тұрақтаған Бүркіт обаға ұз-а-қ қарады. Санасында сапырылысқан сан сұрақтың жауабындай жанарынан бір тамшы жас үзіліп түсті. Қасындағы түбіт мұрт бозбалаға бір қарады. Жонның сиыркөз шөбін бырт-бырт жұлып жайылған қарагерге бір қарады. Қыран шыңының мұз дуылғалы ұшар басындағы күміс мұздақтан күнге шағылысып құлаған қарлы сағымға оранып манаураған Бүркіт обаға тағы бір ұз-а-қ қарап алып жітіт ағасы әңгімесін бастады.

Бұдан екі ғасыр бұрын сонау өте алыс жылдары, Қара Ертіске құяатын Қырансудың тұйық басы Сенгір шатқалын қыстап шыққан ел жаз жайлауға көшеді. Жайлау Алтайдың теріскейі Мұзөзеннің үстіртіндегі Үсіген қырқасында. Бұл өлкені шығысқа сапар шеккен батыстың саяхатшылары басып өтеді. Кезінде атақты Құбылай ханның ордасына барған италяндық жаһанкездер осы жолмен жүрген-мыс.

Көктемнің қар-суы кетпей төр жайлауға ерте шықан ауылға бір топ орыс жаһанкездері келеді. Олар жер-су аттарын картаға түсіріп, жергілікті халықтың тұрмыс-салтын зерттейді. Бұлар сонау Петербор дейтін үлкен шаһардағы ақ патшаның қызметкерлері екен. Бейбақтар азық-түлігі таусылған соң таудың қоңыр аңын аулайды. Жайлаудағы ауылда оларға сойып беретіндей қоңды мал да жоқ, көктеменің көкөзек кезі.

Бір күні таңертең ел оянса, шолғыншы орыстар палаталарының маңында ауыздарынан ақ көбік ағып бірі қалмай өліп жатыр. Мына көріністен шошынған ел ақсақалдары бір жігітті сайлап, қос атпен екі күншілік жер Зайсан бекетіне шаптырады. Бекеттен найзалы бесатарын шошаңдатып, казак-орыс жасағы келеді. Арасында қауға сақал доқтыры бар. Сөйтіп бір түнде ауылды әскер басып қалады.

Солдаттар жайлаудағы бар малды етектегі елге қарай айдап тастайды да, өлген орыстардың мүрдесін сол жерде өртейді. Ауылды аса қатерлі індет шықты деген желеумен қоршайды. Ауылдан адам тұрғой қия басып тышқан шықса атуға бұйрық беріледі. Бұл да бір Алланың сынағы деп түсінген жұрт сабыр сақтап, істің ақырын күтуге бел байлайды. Басқа қолдан келер қайран жоқ. Амалын тауып қашып шыққанның өзінде қайда бармақ. Шынымен індет жұқтырған болса ше... Қажет болса солдаттар елдің бәрін қырып сап ана жаһанкез орыстар сияқты өртеп жіберуге дайын.

***

Ауылды солдат қоршаған күннің ертеңінде атақты Құсайын бүркітшінің баласы Құмар өткен қыста қосарлы сілеусін және бір ілбіске (қар барысы) түсіп, ат аяғы жетер жердегі қазақты қайран қалдырған қыранқұсы Құмайторы бүркітін балақбауынан айырып ұшырып жіберген еді. Қыран иесінің білек-қарын солқ еткізіп бір тепті де, керме иығын жайып жіберіп көкке көтерілді, пышақ шалғысын ысқыртып ауылдың үстін бір айналып ұшып, қайқаң етіп Үсігенді асып кетті. Бұл құс түзтағысы емес, ұядан алған қолбала болатын.

Бірқанша жылдың алдында Құсайын бүркітші Марқакөл жақтағы нағашына ағайыншылып барып, қонақ болып жатады. Кешке жақын үлкен нағашысы атақты Жалманбет бидің тұқымы Түзелбай ақсақал жалшылықта жүрген қойшы балаға қамшы үйіріп ұрсып жатқанын көріп қалады. Себебін сұраса қойшы екі күннің бірінде мал жоғалтады. Онымен қоймай жоғалған тоқты-торымды бүркіт алып кетті деп өтірік айтады...

Құсайын бүркітші қойшы баладан «шын айтып тұрсың ба?» деп сұраса анау «рас айтам» деп зарлайды. Құсекең жеті атасынан бері бүркітші, бірақ тоқты көтеріп кеткен бүркіт жайлы естімепті. Сол түні құсбегі көз ілмей таң атырады. Ертеңінде қойшыға ілесіп жайылымға шығады. Ол күні бүркіт келген жоқ. Үшінші күні түзтағысы көктен сорғалап түсті де, шетте жайылып жүрген ақ серкешті іліп алып, еш қиналмай қайта көтеріліп кетті.

Құсайын бүркітке көз ұшынан тайғанға дейін ұзақ қарады. Бұл жақын жердің құсы емес. Тіпті қанат қағысының өзі ерекше. Серкішті іліп әкеткенде шонтысыда қозғалған жоқ, май сауытын жайып, көбе қауырсынын шашқан күйі екпіндей өте шықты.

Арада ай өткен соң Құсайын құсбегі баласы Құмарды және сыбызғышы жігіт Замзаны ертіп құсты іздеп жолға шығады. Оншақты күн жол жүріп, ана тұрған Қыран шыңның етегіне келіп тоқтайды. Аспанға қарап төрт күн жатады. Бесінші күні биікте ұшып бара жатқан қыранды Құсайын бірден таниды. Бүркіт Қыран шыңды айналып көрінбей кетеді. Нағыз қыран айлалы келеді. Ұясына тіке жолмен барайды. Ту биіктен құлдилай отырып, аша сайдың ішін табандата өрлеп төменнен ұясына қарай тіке көтеріледі. Келесі күні бүркіт тағы көрінеді. Құсайын құсбегі шыңның сыртын айналып өтіп тұяқ іліктірер түбір тастарға арқан тастап, өрмелеп ұяның дәл үстіне келеді. Ұяда жалғыз балапан отыр. Нағыз қыран жалқы туады да, қатты аязға жұмыртқасын тастап қояды. Жұмыртқа жарылмай наурызшуаққа жетсе басады. Жұмыртқа аязға шыдамай жарылса сары уыз күйінде қарлы шыңда мәңгіге қалады.

Балапанды көрген Құсекең «бұл жүз жылда бір туатын нағыз қыран екен» дейді. Ақырында алты арқанды бір-біріне жалғап сыбызғышы Замзаны төмен түсіреді. Замза балапанға жете алмай ұзын сырықпен шошытып оны ұясынан құлатады. Үріккен балапан далпылдап ұшып аңғарға түскенде төменде аңдып отырған Құмар ұстап алады. Құсайын балапанды баласы Құмарға сыйлап, Замзаға астындағы атақты сұр жорғасын мінгізеді.

Жиырма күн өткен соң қолдағы азын-аулақ сүрісін жеп бітірген қоршаудағы адамдар ашыға бастайды. Амалы таусылған халық мал терісінен жасалған жүген-ноқта, арқан-шылбырды құр суға қайнатып «сорпасын» ішіп, ылжырап піскен теріні талғажау етіп өмір сүреді. Сырттан қатынас жоқ, күзет қатты.

Ел ашығып жатқанда Құмардың Құмайторысы қалықтай ұшып келіп өзінің көнетоз қайың тұғырына қонады. Құмарды сырқат меңдеп жатқан. Екі баласы мен әйелі аштықтан бет-аузы ісіп кеткен. Қыран піштақтап жанарынан от шаша дүр етіп көкке көтеріледі. Әп-сәтте семіз ор қоянды көтеріп әкеліп ауылдың ортасына тастайды. Ашыққан жұрт шулап келіп қоянның сорпасын ішіп әл жинайды. Осылай күн құрғатпай ашыққан жұртқа Құмайторы тамақ тасиды. Ұстаған жануарларына өзі тұмсығында тигізбей қоршаудағы жұртқа жеткізеді.

Құмайторы ұшып келгенде, яки ұшып кеткенде күндегі әдеті қоңыр төбенің үстінен қалықтап өтеді. Төбенің үстінде тұрған солдаттар сеңсең жүнді әскери папағаларын қолдарына ұстап бүркітке иіліп құрмет көрсетеді. Күндегі әдет осы. Қырық күн өткен соң қоршаудағы адамдар бостандыққа шығады.

***

Бір қауым жұртты аштықтан аман алып қалған Құмайторы содан кейін көрінбей кетеді. Құмар құсбегі дүниеден өтерінде артында қалған 14 жасар ұлы Байжігітке «Құмайторы әбден қартайғанда өзінің ұясына бір соғады, ана тұрған Қыран шыңынан көз жазбай күнде қарап жүр» деп тапсырады. Байжігіт әке аманатын ұмытпайды. Бір күні Қыран шыңның үстінде қалықтап бара жатқан кәрі бүркітті көреді. Бұл Құмайторы болатын.

Таңертең ерте атқа қонған Байжігіт көп кешікпей қара жартасқа жемсауымен соғылып, төс сүйегі қақ айырылып өліп жатқан Құмайторының үстінен түседі. Әкесінің «нағыз қыран қартайғанда құзға құлап мерт қылады» дегені есіне түсіп көзіне жас алады. Қос қанатын керіп, бес шалғысымен жер сыпыра жайылып жатқан қыранды жерден көтеріп алады да, адам сияқты таудың басына жерлеп, үстіне малта тастан үйіп оба тұрғызады.

***

Ана тұрған «Бүркіт обаның» тарихы осылай қарағым, обаны тұрғызған адам Байжігіт менің ұлы атам еді, деп сөзі аяқтады жасамыс жігіт.

Б.Қайратұлы. «Құмайторы» кітабынан алынды

 

author

Бекен Қайратұлы

АҚЫН

КИНО

Танымал актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Актер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...