Менің қазақтың қанатты ақыны Ғафу Қайырбековтің өмірдегі, өлеңдегі інісі ретінде де, бір өзеннің суы...
Еңбек пен ерлік шежіресі: Тұрдығали Мәмбетовтың 100 жылдық тағылымы
Фотосурет автордан
ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы -2025» аясында Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері, еңбекте ерліктің үлгісін көрсеткен, соғыс және еңбек ардагері, Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңірген қызметкер Тұрдығали Мәмбетовтың 100 жылдығына орай белгілі ақын Маржан Ершудың « Жалғыз қол» атты жыр кітабы жарық көргенін жазған болатынбыз. Тұрдығали Мәмбетовтың өнегелі өмір жолы, еңбектегі ерен үлгісі, кісілік парасаты мен қарапайым адамгершілік қасиеттері, жастарға өсиеті жырға арқау болған кітап оқырман қауымның көңілінен шығуда. Тұрдығали ұрпақтары еселі еңбегімен ел алдында жүрген тұлғалар болып қалыптасты. Тұрдығали ағаның ұл-қыздарының сөздеріне ден қоялық.
«Менің түр-түсім де, мінезім де, есепке жүйріктігім де әкеме тартыпты. Мамандығым - экономист. Көргендер бірден танып, «Тұрекеңнің қызы» деп құрметтеп жатады. Әкемнен көрген жақсылықтарын айтады. Әкем кезінде бірінің қайғысына , бірінің қуанышына ортақтасып, көмегін аямапты. Әңгімелерін айтып, әкемнің қайырымдылығы мен адамгершілігін сағынышпен еске алып жатады. Сондай кезде қатты толқып кететінмін бала кезім есіме түсіп. Әкемізді тәте дейтінбіз. Әкем жұмыстан оралған кезде жеті қызы алдынан жүгіріп шығып, қолының жоқтығын білдірмей, біріміз орындық ұсынып, біріміз бас киімін, біріміз етігін, біріміз сырт қиімін шешіп, біріміз шылапшын мен су, сүлгіні дайындап өзімізше қызмет көрсетуге асығатынбыз. Сондайда әкем мәз-мейрам болып, «Менің жеті қолым бар, Жеті қызым - жеті қолым, Құдай берген!» деп бізді еркелететін еді. Әкеміз адал еңбек етуді, ерінбей оқуды, үлкен адамдарды сыйлауды біздерге кішкентай кезімізден құлағымызға құйып, бұл - сендердің адамдық парыздарың деп үйреткен еді. «Тәрбие –тал бесіктен басталады» дегендей, тоғызымыз да жетілдік, ел қатарлы өмір сүріп, еңбек етіп жүріп, әке аманатына шаң жұқтырмауға талпындық».
Мәншүк Тұрдығалиқызы экономист, «Хиуаз Доспанова» атындағы медальдің иегері
«Әкемнің түсінігінде бір затқа аса мұқтаж болған адам немесе ешкімге қажетсіз болған адам жетім. Әкесі жоқ та, шешесі жоқ та жетім емес. Қоғамға, өмірге, тіршілікке қажетсіз болып қалған адам жетім. Бұндай тұжырым жасап отырған жан әділетсіздік жасауға бармайтыны анық. Әкемнің әділеттілікті ту еткен жан болғанын мақтаныш етемін. Кейде ауыр іс болғанда немесе жаңа бір іс бастарда әкеме сыйынатын әдетім. Әке рухы мені биіктерге бастайды. Мамандығымды жетілдіру мақсатымен Америкаға барып оқыдым, тәжірибе алмастым. Бұл - менің өмірімдегі шет елге алғашқы шығуым еді. Сонда : «Сүйікті әке! Қолдай гөр, сапарыма сәттілік бергейсің!» деп тілек тіледім. Осыдан кейін бар ісім жөнге келе бастады. Осы заманғы медициналық техникалық құралдардың қыр-сырын жетік меңгеріп, ауруларды емдеуде оны қалай қолданатынын толық үйрендім. Білімім мен тәжірибемді жетілдіріп туған жерге оралып, абыройлы қызмет етудемін. Әке рухы мені әр кезде қолдап жүретінін жүрегіммен сезінемін».
Сәуле Тұрдығалиқызы, жоғары санатты дәрігер, ҚР Денсаулық ісінің үздігі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың депутаты
«Әкемнің бойында анық ой, тұжырымды пікір, толысқан мінез, адамдарды сыйлау білу, сыйласа білу үлгісі болды. Көп ойланып, аз сөйлейтін, байыбына барып бір-ақ айтатын. Балалары – біздер, жаман атқа ие болғанымыз жоқ. Әкеміз мектепте, жоғарғы оқу орындарында оқып жүргенде де , қызмет саласында жүрген кездеріміздегі жетістіктерімізге қатты қуанатын бала мінезді жан еді».
Жайсұлу Тұрдығалиқызы, мұғалім, ҚР Білім беру ісінің үздігі
«Бір күні әкем Құлсарыдан естіп келдім. «Освобождение» деп аталатын бес сериялы Ұлы Отан соғысы туралы кино түсірілген екен. Бүгін кешке совхоздың клубында «Курская дуга» деген сериясын көрсетеді. Сол менің ұрысқа кірген тұсым. Днепрдегі атақты шайқас, түнде қайықпен өту операциясы туралы деп , бәрімізді сол киноға алып барды. Соңынан кино туралы ой-пікірлерін айтқан еді: «Өте шынайы кино болыпты. Дәл осылай болды. Арғы жақтан қарсы атқылап, қаптаған қайық толған өрімдей жас солдаттарды жау төбеден самолетпен оқ жаудырып қарсы алды. Біраздан соң бәрі басылды. Мен және бір солдат кері жүздік. Тірі қалған екеуміз едік өйткені. Оқ тиген оң қолым ауырлап төмен қарай тартып барады. Қасымдағы солдаттың белбеуіне жабыстым. Сонда байқадым оның ішінен оқ тиген екен, ақ жіптей шұбатылған жіңішке ішектері су бетінде қалқып барады. Ол суға батып бара жатты. Қолым белбеуіне қарысып қалған екен, жұлқып әзер ажыраттым. Жүзуге дәрменім жоқ, аяғым жерге тигендей болды. Су кеңірдектен келеді. Жағаға қалай жеткенімді білмеймін. Екі күннен соң ес-түссіз жатқан күйімде сол операцияны қайталауға келген отряд мені көріп, госпитальға жеткізген екен, Госпитальда операция жасап, оң қолымды кесіп тастады. Егер олай жасамаса менің тірі қалуым мүмкін емес еді деген еді».
Қоңырша Тұрдығалиқызы, мұғалім , ҚР Білім беру ісінің үздігі
«Әкем сол қолымен жазуды үйренді. Жұмыс барысында баяндама, есеп беру қағаздарын өзі жазатын. Әскери борышымды өтеп жүрген кезімде хат жазатын. Жазған хатында артық ауыз сөз болмайтын. «Борышыңды орында, аман жүр!». Осы тұрғыда қысқа әрі нұсқа ғана жарты бетке жетер-жетпес хат жазатын. Әскер қатарынан оралған соң, бірден Алматыдағы зоотехникалық мал дәрігерлік институтына түсіп, мал дәрігерлік мамандығын алдым. Негізгі мақсатым - әкемнің өзінің бүкіл саналы өмірін сарқа жұмсаған қой шаруашылығын өркендету ісімен айналысу болды. Бұны әке алдындағы борышым деп түсіндім. Әкемнің жұмысты жан-тәнімен беріліп жасайтыны, қарауындағы адамдарға қамқор болғаны санама әбден сіңген болатын. Мен де дәл сондай іске адал, адамға қамқор болуға тырыстым. Совхозда мал дәрігері, совхоз директоры қызметін атқарған кезімде әр басқан қадамымды, тындырған ісімді әкеммен салыстырып отыратынмын. Қоғамның, саясаттың өзгеруіне байланысты ауыл шаруашылығының қазіргі күйі мені қатты қынжылтады. Ол қынжылу саяси тұрғыда емес, әкемнің төккен тері, еткен еңбегі зая кетті-ау деген ой».
Дүйсенғали Тұрдығалиұлы, «Қазақстан» кеңшарының директоры
«Үлгі тұтар тетігіміздің бірі - аналарымыз болды. Өз анамыз Үмітжанды апа, әжеміз Жәнияны мама дейтінбіз. Оңдас атамыз жастай дала кәсібімен, қызметпен айналысқандықтан ба, үй шаруасына ыңғай бермейтін. Жәния әжеміз үй шаруасының ауыр-жеңіл түрлерінің барлығын өзі көтеретін. Қонақ келсе жарғақ құлағы жастыққа тимей, бірнеше шаруаны бір өзі қатар істейтін әдеті. Қонақ қабылдаудағы, күтудегі ұқыптылығы мен жинақылығы жағынан әжеміздің шапшаңдығы ауыл-аймақты тамсандыратын. Енесінен үлгі алған өз анамыз Үмітжан да осындай бесаспап, мықты жан еді. Ата-анамыз бала тәрбиесінің талабы да, талғамы да мол, әрі күрделі өте нәзік іс деп түсінді. Сондықтан да болар біздер, ұл-қыздары ата-баба жолын мұра тұтуды, жарасымды тірлік ету мен туыстық ынтымақты ата-анамыздан үйрендік».
Мағия Тұрдығалиқызы, мұғалім, Білім беру ісінің үздігі
« Құрметті Оқырманым! «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Тұрдығали Мәмбетовтың 100 жылдығына арналып жазылған - «Жалғыз қол» атты жыр кітабым сіздерге жол тартты. Білсеңіз, бұл - бір шындық, бұл –аңыз, Тұрар дәйім таңдайда. Еңбекте ерліктің үлгісін көрсеткен, соғыс және еңбек ардагері, ел білетін Тұрдығали Мәмбетов осындай жан. Жүрген жолы - шындық, аты-аңыз. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, жасалған іс те, атқарылған қызмет те, тәлімді тәрбие де, ата-бабаның рухы да ұрпақтар көшімен алға қарай жалғаса береді» ,- дейді кітап авторы ,ақын филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Маржан Ершу.
Дайындаған: Арман Ардақ