MADENIPORTAL.KZ ұжымы назарларыңызға аға буын мен қазіргі ұрпақ өкілдерінің арасындағы түсініспеушіл...
Еңбекпен сомдалған тағдыр
Фотосурет автор мұрағатынан
ЕҢБЕК ЕР АТАНДЫРАДЫ
ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы -2025» аясында еңбекте ерліктің үлгісін көрсеткен, соғыс және еңбек ардагері, Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңірген қызметкер, орденді директор Тұрдығали Мәмбетовтың 100 жылдығына орай орай жазылған ақын Маржан Ершудың «Жалғыз қол» атты жыр кітабында танымал тарихи тұлғаның өнегелі өмір жолы, еңбектегі ерен үлгісі, кісілік парасаты мен қарапайым адамгершілік қасиеттері, жастарға өсиеті жырға арқау болған.
Көпшілік оқырман қауымға арналған кітаптың алғысөзінде Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Бақтықожа Ізмұхамбетов былай деп жазады: «Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды.
«Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі, – деген еді ел басшысы Қ.К.Тоқаев өз сөзінде.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында елі үшін аянбай еңбек еткен қайраткер тұлға , соғыс және еңбек ардагері, Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңірген қызметкер, орденді директор Тұрдығали Мәмбетовтың 100 жылдығына орай жазылып отырған бұл поэманы оның адамгершілік қасиеттерін сипаттап, еңбек ету үлгісін айрықша сипаттап, нағыз еңбек адамының бейнесін танытқан шығарма деп есептеймін. Елге еңбегі сіңген ердің бағасы қашанда қымбат. Тұрдығали Оңдасұлы көзі тірісінде ерен еңбегімен елге танылса, өмірден өткен соң кейінгі ұрпақ оның еселі еңбегін, өнегелі өмірін көркем шығармадағы бейнесі арқылы таниды. Әдебиеттің құдыреті де, қасиеті – осында».
***
Нағыз еңбек адамы атанған Тұрдығали Мәмбетовпен жұмыстас, замандас, қанаттас болған алдыңғы толқын ағалардың естеліктеріне орын бергенді жөн көрдік.
Саламат МҰҚАШЕВ, Жылыой (Ембі) ауданы мен Атырау (Гурьев) облысы партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесі төрағасы:
«Колхоз кезінде де, совхоз болып ұйымдасқасын да бұл ұжымды білікті де білімді қызметкер Шафих Ізбасов басқарды. Ферма басқарушылары Назар Ершуов, Абдолла Оразбаев, Әбдір Биманов, Ильяс Қазиев қазақтың байырғы мал түліктерін өсіруде шеберліктерін танытқан, облыс көлімінде белгілі болған азаматтар еді. 1964 жылға дейін «Коммунизм таңы» совхозын шебер басқарған Шафих Ізбасовқа аудан ауылшаруашылығын басқаруды тапсырдық. Осы ұсынысты естігенде Шәкеңнің: «Совхоз директоры дәрменсіз болса, бүкіл ауданның күштері жабылып қолдаса да , ол шаруашылықты жақсарта алмайды. Сондықтан егер орныма Тұрдығали Мәмбетовты жіберсеңіз, қарсылығым жоқ»,- деп кесіп айтты. Пайдалы пікір қабылданып, аудандық жоспарлау бөлімінің төрағасы Т.Мәмбетов совхоз директоры боп шыға келді. Тұрдығали Оңдасұлы жаңа қызметке қызу кірісіп кетті. Есепті күшейтті, тәртіпті нығайтты. Орынсыз шығын болдырмау, өнімнің сапасын арттыру, техниканы ұқыпты пайдалану, малдың басын өз төлімен көбейту, тағы басқа тиімді шараларды тез іске енгізді. Ол жұмысқа жан-тәнімен берілген адал адам еді. Қой фермаларының экономикалық көрсеткіштері облыс көлемінде жоғары дәрежеге көтерілді. Мәмбетовтың өзі және көптеген жұмысшылар мен мамандар орден-медальдармен марапатталып, есімдері республиканың «Құрмет Кітабына» енді. Бүкілодақтық Көрменің төрінен орын алды. Облыстағы «Құрмет белгісі» орденін алған алғашқы совхоз - «Коммунизм таңы» болса, совхозды басқарған Т. Мәмбетов еді. Шынымды айтайын, келесі кезекте Тұрекеңнің өзін «Социалистік Еңбек Ері» деген құрметті атаққа ұсынсақ деген ойым болып еді. Өкінішке орай өмірден ерте кетті. Жақсының ізі қалды, іскерлік-қайраткерлік қолтаңбасы қалды артында...»
Мұсабай САҒЫНБАЕВ, Жылыой (Ембі) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Гурьев облыстық партия комитетінің хатшысы:
«Тұрдығали Мәмбетовті Жылыой өңірінің экономикасы мен мәдениетін, халықтың әлеуметтік жағдайларын жақсартып, жан жақты дамытуға сүбелі үлес қосқан тарихи тұлға деп білемін. Әсіресе ол кісі танығыштығы, ауыл шаруашылығын дамытудағы қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жергілікті кадрларды тәрбиелеп, даярлауда шеберлік іс-әдістерімен ерекшеленді. «Осы Тұрдығали Мәмбетов кім?» деген қысқа сұраққа мен өзім: «Еңбекқорлықтың үлгісі, адалдықтың айғағы, сөз бен істің байламы, әділдіктің, кісілік пен кішіліктің қайнары» дер едім. Тұрекеңнің тағы бір ерекше қасиеті: есепке өте жүйрік, ауызша кез келген күрделі есептерді тез шеше беретін және ұмытпай есінде сақтайтын. 1973 жылы ауданға обком секретары А.А Погорелов пен бірге Мәскеуден «Правда» газетінің тілшісі В. Фомин келіп, бірнеше күн «Коммунизм таңындағы» шаруашылықты аралады. Сонда корреспондент В.Фомин кейбір деректерге күмән келтіріп, бухгалтерлік есептермен салыстырғанда дәл келгеніне риза болып, «Тұрдығали Мәмбетов көреген басшы екен, шаруашылықты біліп, жалғыз қолымен совхозды шырқ үйіріп басқарып отыр» деп баға бергені бар. Тұрекең шаруашылықтағы іскерлігін үнемі кеңес, қоғамдық ұйымдардың жұмыстарымен ұштастыра білді. Бірде совхоз орталығындағы мектепте ұйымдастырылған бір шарада кездескенімізде: «Осы көріп тұрғандарыңыз мынау жас мұғалім –Аманқос Ершуовтың инициативасы, бұл біздің Нәкеңнің (Назар Ершуов) баласы. Болашағы зор ақынымыз, ауылымыздың абыройын көтеріп үлгі көрсетуде», -деп таныстырғаны есімде. Сол Аманқостың бұл күнде бүкіл республикамызға белгілі ақын, қоғам қайраткері болғанын біздер қатты мақтан етеміз».
Жәрдем КЕЙКІН, аудандық, облыстық, республикалық денгейдегі партия басшысы қызметтерін атқарған ардагер:
«Төрт жылға созылған ауыр зардапты екінші дүниежүзілік соғыс Жеңіспен аяқталғанда, өз денгейінде майдан қажетін өтеу үшін бар мүмкіндігін сарқа пайдаланған, өндірістік қуаты титықтаған Жылыой (Ембі) ауданының мұнай кәсіпшіліктерін қайта жасақтау, одан әрі дамыту, жаңа кен орындарын ашып, тез игеруге ауыл шаруашылығын уақыт талабына сәйкес қайта құру, халықтың тұрмыстық-әлеуметтік ахуалын жақсарту міндеттері тұрды. Осы мақсатты жүзеге асыруда ауданның қолда бар экономикалық-материалдық ресурстары, халықтық ой және қол еңбегі тегіс жұмылдырылды. Бұл қозғалыста жастармен қатар қанды ұрыстың ортасынан оралған майдангерлер ерекше еңбектенді. Солардың бірі емес –ау, бірегейі, жалғыз қолды соғыс мүгедегі Тұрдығали Мәмбетов болатын».
Меңке БЕРДІҒАЛИЕВ, Еңбек ардагері, Жылыой ауданының Құрметті азаматы:
«Тұрдығали Мәмбетов білікті экономист еді. Совхоз шаруашылығын жақсы басқарды, экономикасын көтерді, совхоз Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атағына бірнеше рет ие болды. Ол жайылымдарды кеңейту, шөлейт аймақтарды суландыруда «Коммунизм таңы» совхозы көлемінде көп еңбек сіңірді. «Сарқасқа» мал жайылымын суландыру, «Ырғызбай», «Қарасай» су бөгетін салу, «Атанақ» мал жайылым қыстағын игеру Тұрдығали Мәмбетовтың есімімен байланысты».
Бағытжан БОЗДАНОВ, журналист, облыстық «Атырау» («Коммунистік еңбек») газетінің меншікті тілшісі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы:
«Ол кезде облыстық газеттің Ембі (Жылыой), Мақат аудандарындағы меншікті тілшісі ретінде елді көп аралайтын едім. Мақсатым - шаруашылықпен танысу, малшылардың жай-күйін білу. Жолда осы ауылдың азаматы, соғыс кезінде Жылыой жеріне түсірілген (соғыс кезінде тұтқынға түскен қазақтардан құрылған) фашист десанттарының қолынан қаза тапқан Байжан Атағожиевтың зиратына кезіктік. Алдымыздан орны өшуге айналған төмпешік шықты. Қасында құлап қалған тақтай. Тақтайда Атағожиевтың аты-жөні, туған-өлген жылдары пышақпен ойылып жазылыпты. Фашист десанттарының атып, далаға тастап кеткен жері осы болды. Өліге бағыштап, бет сипадық. Қайтарымызда директор Т. Мәмбетовке соғып, мән-жайды баяндаған едік. «Рахмет, жігіттер! Өлгенді тірілткендей боп келген екенсіңдер. Менің де осы мәселе көптен бері ойымда жүр еді. Бірақ қалай ұйымдастыруды ойлап жүргенмін. Мүрденің орнын тапсаңдар, басқасы жеңіл ғой» деген еді. Айналасы бір айдың ішінде айдалада ескерткіш –белгі орнатылып, батыр ағаның басы қарайтылды. Бұдан соң ауылдағы саябақта ескерткіш мүсін бой көтерді. Халық қуанды. Мереке сайын мектеп оқушылары Б.Атағожиев басына гүлдесте қоятын дәстүр пайда болды. Ұрпақтар бойында патриоттық сезім орнату деген осы болар».
Мақсотқали ҚАЙЫРЖАНОВ, еңбек ардагері:
«Тұрдығали ағамыз соғыс мүгедегі бола тұра, денсаулығының кемдігіне қарамастан, күн-түн демей шаруашылықты аралай жүріп, ұйымдастыратын. Мезгілінде демалу, тамақтану дегенді білмеді. Шаруашылықты басқаруда ол кісіге нақтылық, міндеттілік, бір сөзділік, біліктілік тән еді. Ол кезде мен ауданның бас мал дәрігері болатынмын. Ауданда мал басын түрлі аурулардан сақтау, алдын алудың комплексті шаралары белгіленді. Жауапкершілік қатты сұралатын, шаруашылық ферма басшыларына, мамандарға қатаң талаптар қойып, жұмыстан төмендету, орнынан алып тастауға дейін баратынбыз. Осы кезде Т. Мәмбетовтың жаңашыл заман талабын түсіне білетін, ғылым мен озат тәжірибені өндіріске енгізуге құштар басшы екені көрінді. Аудандық мал дәрігерлік станция, мал дәрігерлерлік учаскелерден, жоғары, орта оқу орындарынан барған практиканттарға жағдай жасап, жұмыстарының тез де сапалы жүргізуінің басы-қасында өзі жүретін, бұл өзінің оң нәтижелерін тез берді. Совхоз азғана жылдар ішінде тамаша жетістіктерге қол жеткізді, атағы республикаға мәлім болды. Бірнеше рет Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, жыл сайын Бүкілодақтық халық шаруашылығы Көрмесінің қатысушысы болды. Орденді совхоз атанды».
Алуа ОМАРҒАЗИЕВА, Ембі (Жылыой) аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі:
«1970-1971 жылдары Жылыой (Ембі ) аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитеті аудан оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру жөнінде қаулы қабылдады. Бұл қаулыда аудан оқушыларына арнап пионерлер лагерін салу совхоз директорларына тапсырылған еді. Басқа директорлар қаражат жетіспеушілігін алға тартқанда, Тұрдығали Мәмбетов ағамыз: «Менде қаражат бар. Мен көмектесем. Барлық жақсылықты балаларға жасауымыз керек» деп іске кірісті. Кешікпей құрылыс жұмыстары басталды. Осы қыруар жұмыстың жетекшісі, бас сәулетшісі –Тұрдығали ағамыз еді. Осылайша аз уақыт ішінде Қамыскөлдегі жүз орындық «Қызғалдақ» пионерлер лагері бой көтерді. Ерекше еске алатын нәрсе. Тұрекең халық баласына өз баласындай қамқорлық жасады. Қазір осы пионерлер лагері жаңартылып, халықтың демалыс орнына айналды».
Кісенбай АСАБАЕВ, шопан:
«Социалистік Еңбек Ері «Тұрекең «Есекжалдағы» бұлақтың басында дамылдаған шағымызда тамаша мәнді әңгімелер шерткен. «Кейбір жолаушылар өзі ат шалдырған, гауһардай таза мөлдір мөлдір су ішкен бұлағын кейде бүлдіріп кетеді. Су ағатын жылғаға тастамайтыны болмайды. «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген халық нақылын қаперіне де алмайды. Болашақта совхоз аумағында жер асты суларын –фонтандарды көбейтеміз. Облыстың су шаруашылығы мамандарымен кездестім. Су адамға да, малға да керек деген еді». Иә, айтқандай Қоңырорпа, Майкөмген, Аққұдықта су фонтандары атқылады. Шағырлының суы 550 метр тереңдіктен табылды. Температурасы 38-39 градус ыстық шипалы су болып шықты тексергенде. Жел ауруы барлар , аяқ-қолы сырқырайтындар түгел осы судың басында, атпа судың ыстық өтіне түсіп, өткен-кеткенге шипалығын жырдай ғып мақтаудан жалықпайтын. Осылар Тұрекеңнің ерен қайраты мен көрегендігінің арқасында болған жағдайлар».
Қызылғұл БЕКТЕМБАЕВ, соғыс және еңбек ардагері:
«Ақкиізтоғайға Тұрдығали директор боп келген соң бұрынғы жертөле үйлер сүріліп, ақ шағаладай үйлер бой көтерді. Адамдардың мәдени тұрмысы жақсара бастады. Совхозда ғана емес, ферма орталықтарында кеңсе, кітапхана, клуб, монша бой көтерді. «Құлсары-Ақкиізтоғай» асфальт жолы салынып, ауылға су құбыры тартылды. Тұрекең мәселелерді облыстық сессияда күн тәртібіне қойып, тиісті орындардан осы мәселерге зер салуды сұрады. Ол кісі бастаған ісін кейінге қалдырмайтын. Айтқан сөзін орындайтын турашыл адам еді. Сол ірі мінезі ірі істерімен үндесіп жатты. Осылайша Тұрдығали Мәмбетов аз уақыт ішінде халықтың сүйіктісіне, совхоздың қамқор әкесіне айналды».
Қуанғали БАЙҚОҢЫРҰЛЫ, еңбек ардагері:
«Жұмыста қатаң принцип орната білген Тұрекең марқұмда үлкен адамгершілік қасиет бар екенін көп жұрт біле бермейтін. Ол кісі адамды алалау дегенді білмейтін. Бүкіл болмысымен, жан-тәнімен адамдар үшін қызмет етті. Тентекті тежеп, таланттыны демеу және қарттар мен әлсіздерге дер кезінде қамқор бола білу қасиетімен Тұрекең бүкіл ауыл ғана емес, досы түгіл қасы да сыйлайтын дәрежеге жетті».
Есенгелді НҰРШАЕВ, Ембі (Жылыой) аудандық Атқару комитетінің төрағасы, Жылыой, Қызылқоға аудандары партия комитетінің хатшысы, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, Атырау облысы әкімінің орынбасары:
«Тұрыкең өмірден өткен соң, көп ұзамай «Қарақұм», «Атанақ» өңіріне іс-сапарға шығуға тура келді. Ел аралап келе жатып, бір қыстақ басындағы үйге келгенімізде, амандық-саулықтан соң үйдегі кейуана қарт : «Елге қамқоршы болған, біздей жетім-жесірді желеп-жебеген басшы еді. Тұрдығалиға уақыт болған екен, қайыры болсын, бәріңе де бөтен емес, ағаларың ғой», - деп егіліп жылады. Бұл –Тұрекеңді ел-жұрт бауырындай сыйлап, абызындай құрметтейтінінің белгісі еді. Тұрекең қайтқан жылдың күзі ерекше мінез танытты. Жаратқан ием, бұрынғы басшының қадірін көрсеткісі келді ме, қазан айының ортасында терістіктен соққан суық желмен бірге күн көзін қара қою бұлт жауып, аяқ астынан опан-топан қар жауа бастады. Күн жарым жауған қар жайылыстағы бұйырғын мен жусанды түгел жапты. Жайлаудағы «Қоңырорпадан» «Тасастауға» дейінгі малшы ауылы абыр-сабыр болды да қалды. Отыз-қырық отар қой, ірі малдар өз алдына, бір-ақ күнде ақ қар, көк мұздақ құрсауында қалды да қойды. Мен ол кезде аудандық партия комитетінің хатшысымын. Бірінші хатшы Әбутай Беклиев шақырып : «Коммунизм таңы» совхозындағы қиын жағдайды аралап көріп, тез шарасын алдыруға жұмыстаныңыз» деп нұсқау берді. «Қоңырорпа» жайлауындағы Шоқпар Көсікбаевтың ауылына келгенімде, төбе басында Көсікбай қарт тұр екен. Көпті көрген кісі ғой, қиналыңқырап: «Шырағым-ай, мынау қоңыр күздегі жұт қой, мал жайылысқа шыға алмай қалды. Екі-үш күн өтіп кетті, совхоз басшылары қайда? Жарықтық иманы жолдас болғыр, Мәмбетовты жоқтатты-ау, ел күйзелген тұста нағыз керек азамат сол еді ғой» деп қатты күйзелісін білдірген еді. «Асқар тау алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей, мынау қиын жағдайда елі, әсіресе малшылар қауымы Тұрекеңді шын қиналып іздеп тұрған еді. Сол жерде өзіме-өзім келе алмай біраз тұрып қалыппын».
Ақын-әдебиетші, ҚазССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Жанаш Нұрмахановтың Қаралы митингіде сөйлеген сөзінен үзінді (22. 05. 1976):
«Уа, қымбатты халайық! Сіздерге үлкен семьяның жетекшісі, ардагер азамат, совхоздың қадірменді басшысы Тұрдығали Оңдасұлы Мәмбетовтың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты ауданның интеллигенциясы атынан барлығыңызға көңіл айтуға рұхсат етіңіздер. Тұрдығали абыройлы жолдан өтті. Бәрімізді жұбатарлығы сол - ол Тұрдығалидың ісінің өлмейтіндігі, олай болса оның өзі өлмеген жан. Ол өмір сүрді, келісті болды. Ол Ұлы Отан соғысына қатысты, жеңісті болды. Ол ауыл тұрмысын өркендетуге еңбек етті, жемісті болды. Ол ұл-қыз өсірді, өрісті болды. Ол - өлмеген жан. Бірақ, Тұрдығали енді арамызда жоқ. Болмасқа болаттан берік болыңдар, туғандар ! Жорғалар да өткен көш алдында тайпалған, Шешендер де өткен алқалы сөзін айта алған. Батырлар да өткен қаптаған жауды қашырған, Даналар да өткен нелер тұнық асылдан. Дүлдүлдер де өткен жер танабын қуырған, Ақындар да өткен көп алдында суырылған. Білгірлер де өткен ақылымен артылған, Сондықтан да жөн болмайды қайғы өртіне шарпылған, Уайымға түсіп қайратты істен тартынған. Ендігі абырой мен бақыт - Тұрдығалидың ұрпағына, туған -туыстарына, осы жиналған бәрімізге, жасымыз бен кәрімізге бірдей. Болаттай берік болыңдар, ағайын-елім! Топырағың торқа болсын, Тұрдығали!»
Мира Петровна ЗАВЕРШИНСКАЯ, Ембі (Жылыой) аудандық партия комитетінің екінші хатшысы:
«Тұрдығали Мәмбетовтың қайтыс болған күні әлі есімде. Оңнан-солдан, алыс-жақыннан ел азаматтары көп жиналды. Ауыл адамдары қайғыдан қатты толқып кетті. Құдай өзі пендесін жаратқанда оның болмысын табиғаттан бөле алмайды деген де рас болар. Аспанды қара бұлттар торлап, қара суық жел азынап қоя берді. Атыраудан келген обком хатшысы Мұсабай Сағынбаевтың тікұшағы жерге қона алмай, әуеде біраз шайқалып жүріп, жерге әзер қонды. Ақкиізтоғайдан Тұрекеңнің сүйегін салған машина соңынан шұбырған машиналар легі Құлсарыдағы Күмбезді қауымға бет алғанда, жүрек тебірентер бір ғажап көріністің куәсі болдық. Машиналар соңынан жайылымда жайылып жүрген қаптаған қалың жылқы кісінеп, машиналардың соңынан шауып, даланы жаңғырықтырды. Соңымыздан қалмай біраз жерге дейін шапқан тұлпарлар жанарынан жас парлап келе жатқандай боп көрініп, егіле беріппіз. Бұл да бір тылсым табиғаттың жұмбағы ғой. Тұрдығали Мәмбетов адамды, табиғатты, жерді, суды, жан-жануарды қатты қадірлеп, сезіммен қарайтын жаны сондай көркем, сұлу жан еді ғой. Ол кісінің айтқаны бар еді бірде: «Қазақстандағы шаруашылықтардың көпшілігінде жылқылар шетінен асау боп кеткен, құлын кезінен адамның жылы алақаны тимеген, мойнынан құшақтап, сауырынан бір сипамаған соң, жылқы жабайылыққа бет алмағанда қайтеді ?! Мал екеш малға да сезіммен-қамқорлықпен қарау керек» .
Аманқос ЕРШУОВ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қызметкері, ҚР Білім беру ісінің үздігі:
«Дүбірлі дүниеде сөзден мәңгілік, сөз мәнісінен құдыретті ешнәрсе жоқ қой. Бәрі де сөзбен басталып, бәрі де сөзбен аяқталады. Тасырға жетпеген сөз сан ғасырға жетеді. Жарым сөзге жарты әлемнің тағдыры сыйып кетеді. Сөзден от шығып, сөзге оқ та тоқтайды. Адамзаттың тарихы да сөзбен сомдалып, адамзаттың тағылымы да сөзден көрінеді. Асыл мен масылдың айырмасы да, жақсы мен жасықтың айырмасы да бір ауыз сөзінен танылады. Тұрдығали Мәмбетов – көркем ойлардың көмбесі еді. Ол кісінің жиналыста, малшы, егінші, жұмысшылармен кездескен кездегі сөздері, ойлары, лебіздері ел ішінде мақалға айналып кеткен. Жер мен елдің тарихынынан сыр шерте отырып, әдет-ғұрып, дәстүр, еңбек, адамгершілік, парасат жайлы толғамдарын тыңдаған ел-жұрт кітап оқығандай тебіреніп , әңгімесін тыңдауға құмар еді. Тұрекеңнің ел ішінде жиналған асыл сөздерін жинағанымда, біраз дүние дүние болды. Кезінде баспасөз бетінде жарияладық та. Тұрдығали Мәмбетовтың жас ұрпақ туралы айтқан мына бір сөздерінің мәні мен маңызын ешқашанда тот баспайды деп ойлаймын. Үзінді келтірсем: «Жастар –біздің болашағымыз. Оларға терең білім беріп, адамгершілік қасиеттерге баулып отыру ата-аналардың негізгі міндеті. Мектептің беделі қоғамдық ұйымдар мен ата-аналардың көмегіне сүйенген кезде ғана арта түседі. Біздер, еңбек адамдары , бала тәрбиесінен ешқашанда қалыс қалуға тиіс емеспіз». (Қамыскөлдегі «Қызғалдақ» пионерлер лагері ашылуында сөйлеген сөзі, 1971ж), «Әр адамның көкірегінде бір арман бар. Бұл – Арман - Адам деген сөз. Арманмен аттас бүкіл бір дүние тұр, сол адамның рухын еңсесімен көтерген бір бас тіреуі тұр. Ендеше адамды тану –оның арманын танудан басталады. Сол арманның алтын бесігі мынау совхозымыздағы бой көтерген жаңа онжылдық мектеп, қарақтарым. Армандарың биік болсын. Туған ауылдарыңды көркейтуге ат салысыңдар. (Ақкиізтоғайдағы мектеп ашылғанда сөйлеген сөзінен, 1975ж)».
Тұрлан ОҢДАСОВ, інісі, Мейрамғали ТҰРДЫҒАЛИҰЛЫ:
«Ата-бабаларымыздан бізге жеткен деректер Қалқаманнан басталады. Таз руынан шыққан Қалқаман бабамыз тоқсан жас өмір сүрген аса дәулетті, жылқылы бай атанған, еліне сыйлы, аузы дуалы, айтулы адам болыпты. Қалқаман баба батырлардың жорыққа шығарда бата алатын пірі болған. Қалқаманның ұлы Мәмбет 1846 жылы туып, 1922 жылы 76 жасында қайтыс болған. Мәмбет - бай баласы болып, бұла өспеген. Азаматшылдығы мол, дастарханы ашық, суырып айтар ақылды, балуан денелі, жамиғатқа жанашыр азамат болыпты. Ел аузында Мәмбет атамызды Қыдыр көрген кісі деген әңгіме бар. Түсінде ақ сақалды , ақ киінген абыз баба: « Балам, сені би қылайын ба , әлде би түсетін үй қылайын ба?» - деп сұрапты. Сонда Мәмбет атамыз: «Би болмаймын, би түсетін үй болайын» деген екен. Мәмбеттің балалары - Жолдас, Шегір, Оңдас және Жәния деген қыз. Мәмбет атамыз үш ұлының болашағын болжау үшін үшеуіне үш жүйрік ат беріп, жарыстырыпты. Сонда Мәмбет атамыз баласы Оңдастың артынан қарап тұрып: «Әй, сары балам! Сенің екпінің қатты, шаңды боратып барасың, артың-тұғырлы, ұрпағың-ғұмырлы, еліңе сыйлы боларсың», - деген екен. Қыдыр көрген Мәмбет атаның сыны қате кетпепті. Ата-бабамыздың азаматтық бейнесі, киелі рухы, жасампаздығы Оңдастан Тұрдығалиға дарыды деп айта аламыз. Тұрдығали әкеміз ата-бабамыздың адами қасиеттерін аманат ретінде сақтап, өзінің кейінгі ұрпақтарына дамытып, байытып беруді қарыз ретінде қарастырғанын өз өмірі үлгісімен көрсете алды».
«Жалғыз қол» кітабы бойынша дайындаған: Інжу Рашит