Жазушы, эссеист, әдебиеттанушы-ғалым Мақсат Тәж-Мұрат дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPorta...
Кенжебек Тұманбайұлы. Ақ Бұршан тек әріп үйретті ме...
Фотосуретті ЖИ жасады
«Ақ Бұршан 60-қа толғалы жатыр», - деген жылы хабар ел жақтан естілгелі көңіл түкпіріңдегі бұғып жатып, «реті келсе мені айт, мені айт» деп атойлайтын кейбір ойлардың қайтадан бас көтеруін қарашы. Оларды айтпай кетсең, өміріңнің бір үзігі үзіліп түскендей, жан-жағыңа қарайлап, әлденені ұмытқандай болып жүресің. Бүгінгінің болмашысына бола малданып, өткеннің өнегелі ісін ұмыту – көңіліңді одан сайын түсіріп, еңсеңді көтертпей қоятындай әсер қалдыратыны бар. Алтынмен апталып, күміспен қапталсаң да, жүрегіңнің түкпірінде елеусіз жатқан сап-сары сағыныш етегіңе оратыла беретіні несі екен... Пенде шіркіннің тізесін сырқыратып, жанарын бұлдыратып жететін асау жылдар жалына қол апартпай, белгілі де белгісіз бағытқа қарай туралап тартып бара жатыр. Қай жерге жетіп жығылып, қай шамаға барып, ентігін басар екен? Қайтқан құстың қанатының сыбдырына елітіп, мұң мен сағынышқа көміліп, өксігін баса алмай отырған қайран да қайран жылдар-ай...
Жусанды төбенің баурайында, тақымындағы торы жорғасының үстінде көзін көлегейлеп ту алысқа көз тігіп, өз қиялына өзі мәз боп тұратын қойшысы бар, шыжыған шілдеде ала шаңға көміліп шөп тасып жүргеніне шүкір, шүкір деуден жалықпайтын механизаторы бар, әйтеуір шаруа біткеннің бар баласы Сағыздағы интернатта жатамыз. Аппақ төсек-орынға қоса, үш мезгіл тамағың және тегін. Әлсін-әлсін ауылға қашып, тәрбиешілер Жұмабай, Сапар ағайларың мен Айсауле, Оңболғаш апайларыңның мазасын алмасаң болғаны. Сосын сабағыңа жатпай-тұрмай дайындал. Бұл ескертуді күніне неше мәрте еститінімізді ұмытып та қалдым. Әйтеуір, интернатқа бас сұққан галстук тағып, қолтығына папка қыстырғанның барлығы әлгіні қайталаудан жалықпайды. Тырысып кеп оқыған боламыз, жабылып жаттау жаттаймыз, бірақ, қырып бара жатқанымыз шамалы. Өзіңнен төрт-бес жас үлкендігі бар аға-апаларың, күш ала алмай ыңыранып тұрғаныңда көмекке келе қалады. Бөлмесіне апарып, дәптеріңді тексереді. Жаттауыңды бәленбай қайтара сұрайды. Сұрағына жауап бере алмай мүдіріп, айдалаға лағып кетсең, қара саныңнан үзіп ала қояды. Кемсеңдей бастағаныңды көрсе, манағы аз болды ма дегендей тағы да үзіп алады. Бұршан менен екі сынып жоғары оқитын Қажекең екеумізді тап осылай оқытты. Бастауыш сыныпта қай бір білім алып, еліме пайдам тисін деп оқыды дейсің, өжет Бұршанның қатал талабы мен жуандау жұдырығынан қорыққаннан кітапқа үңіліппіз. Құдай-ау, сол кезде екі аяғымызды бір етікке тыққан Бұршан бар болғаны бұрымы мен бантигі жарыса желбіреген 6 кластың оқушысы екен ғой. Болашақта өзгеге есемізді жіберіп жыламауымыз үшін, өзі о бастан төмпештеп, әбден ширықтырғанын ол кезде қайдан ұғайық. Бар ойымыз ләңгі теуіп, асық атсақтың айналасынан шықпайтын ойын баласымыз. Сөйткен Бұршан қажет кезінде ұрысты, шымшыды, мақтады, әйтеуір оқуға деген ынтамызды оятты. Ол тек әріп үйретті ме...
Көжесін жылап ішетін қазіргі 6 кластың оқушысына «осылай да осылай», - деші, «мынауың не айтып отыр», - деп мұрнын шүйіре қарар еді. Интернаттың алдында темекісінің түтінін бұрқыратып, ойын қызығына тоймай шапқылап жүрген әр баланы сырттай бақылап тұратын ағайың мен қабағы көп ашыла бермейтін апайыңның, сосын Бұршан секілді естияр апаларымыздың да ауа жайылып, босаңсып бара жатсаң, байқатпай шымшып алуы сол жылдары қалыпты нәрседей көрінетін. «Ойбайлап, аттандап» жер тепкілеп жатқан ешкім жоқ. Ол кезең басқалау еді, ол заманның адамдары ұрсып жатса да, сенің тілеуіңді тілейтін еді ғой, жарықтықтар...
Ақтөбе медицина училищесін үздік бітіріп, Асқар Тұрланұлы екеуі енді-енді үлкен өмірге араласа бастағанда ала қапшығын сүйретіп, қабағын түйіңкіреп нарық дегенің шақырмасаң да алшаңдап басып, төріңе озды. Кіршіксіз көңіліңе, танысыңның қарасын көрсең, қалбалақтап алдынан қол қусырып шығатын адамшылығыңа пысқырып қарамайтын қара жүрек біреу дерсің. Нарығың жалғыз жетпей, таршылық пен жетіспеушілікті де қасына ертіп алғанын қарашы. Жұмыс орындары бірінен соң бірі қысқарып жатыр, не істерін білмей сандалған жұрт. Асқар мен Бұршан не болса да нар тәуекел деп, Ақтөбеден қапшықтап тауар тасыды. Бірдеңе дәметіп көмекейі бүлкілдеп тұратын жолсерігі, одан қалды қаптаған қызыл жағалылармен алысып, алғашында пойызбен тасыса, кейін отыз жыл жөнделмей қазан шұңқырға айналған шаңдауыт жолмен қақаған қыс пен аспан айналып түсетін қапырықта, ескі КамАЗ-бен халыққа керек-жарақты жеткізу – айтуға ғана оңай-ау. Өкіметке де, жан баласына да алақан жаймай, тиыннан теңге құрап бастаған шағын кәсіптерінің берекесі кейін асып-төгілді. Бала-шағаның, қоғамның алдындағы зіл батпан жауапкершілік жүгі жаншып, белуардан келетін бейнетті кешіп жүрсе де, қыңқ етпеген олар Сағыз бизнесінің алғашқы қарлығаштары ғой.
Тыным таппай шапқылап жүретін Асекең жездеміздің ғазиз жүрегі әлгі ауыртпалықтарға шыдай алмай қылшылдаған 40-ында аяқ асты тоқтағанда Сағыз амбулаториясының мейірбикесі Бұршан, Бибігүл Тұманбайқызы бар болғаны 37-де екен. Мардымсыз жалақыға көз сата телміргенше, отағасы бастаған кәсіпті жалғастырайыншы деген оймен белін бекем буып, баяғы бел сындырар бейнеттің темір қамытына өз ықтиярымен барып басын сұқты. Алысты, жағаласты, достасты, әйтеуір ешкімге есесін жібермеді. Әділетсіздеу көрінетін тағдыр шіркінмен тістесіп жүріп, бойын тіктеді. Ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, бүгіндері немерелерін иіскеп отыр. Жәнібек Кәрменовтің орындауындағы «бас имей жүрген тағдырға, текті де жанның бірі едім», - деген халық әні Ақ Бұршан сынды Құдай Тағала ниеті мен пейіліне бола молынан берген жайсаң жандарға қарап айтылғандай. Ол өзінің іс-әрекеті арқылы болмашы қиыншылыққа бола боркеміктенбеуді, алға қойған мақсаттан жарты адым шегінбеуді, ағайын-тума, дос-жаранға қамқор болуды үйретіп, жылағанды жұбатып, қамкөңіл жұрттың қолтығынан демей білді. Жүрісінен жаңылмайтын жампоз жылдардың көшіне ілесіп, өз жолынан жаңылмай алға қарай нық басып бара жатқан Ақ Бұршанның мәртебелі мерейтойы қарсаңында осындай ойлардың ақ параққа төгіле кеп түскені.
Ақ Бұршан тек әріп үйретті ме екен...