Бәшен Баймұратқызы, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкеріОл ағынға қарсы жүздіБәшен Баймұрат...
Маржан Ершу. Жұмекен. ЖИ. Кванттық фантастика
Фотосурет ашық дереккөз
Мақаланың басын мына жерден оқисыз
(жалғасы)
Ақпараттық технологияның бір саласы болып табылатын «Жасанды интеллект» сөзі қолданысқа өткен ғасырдың ортасында енген екен. «Жасанды интеллект» сөзін алғаш рет Джон Маккарти есімді америкалық ғалым қолданды деген дерек бар. Заманнан заман озып, бұл өзі жеке ғылым ретінде дами түсіп, бүгінде жасанды интеллект әлем картасында сәнге айналды. Жасанды интеллект алғашында математикалық теоремаларға арналған компьютерлік бағдарлама болса, уақыт өте келе дамып, адам миындағы нейрондық желілердің сандық форматтағы көшірмесі жасалынып, «жасанды интеллектіге» ойлау қабілеті енгізілді. Бұл болашақта адамдардың жұмысын жеңілдеткенмен, ойлау қабілетін жоғалтуға әкелуі де мүмкін. Осы құбылысты немесе күндердің күнінде «ЖИ» деген кереметтің келетінін Жұмекен алдын ала сезгендей:
«Шаштың талай бар ағы,
Қалпақ шашты жасырма.
Модадан қап барады
Қалпақ түгіл басың да!»-, жырлаған екен өткен ғасырдың алпысыншы жылдары. Жұмекеннің бұл өлеңі сол заманда сыншылардың ашуын туғызғаны да анық. «Бұл не деген мазақ, жолдас Нәжімеденов? » деп сын-садағын кезегендер де, баспадан өлеңін қырыққандар да болған. Жұмекен XXI ғасырдың ақыны деген сөзге бұл да бір дәлел.
«Жұрттың бәріне ұнау үшін формасыз пластилин бас керек!». Жұмекеннің бұл өлеңі де өз заманында оғаш естілді, «Адамға формасыз бас» біту мүмкін бе? Мүмкін емес қой. «Жұрттың бәріне ұнайтын формасыз бас» дегеніңіз бұл өзі жасанды интеллектің өзі емес пе?!
Ғылым мен техниканың қарыштап дамыған жетістігінің арқасында адамзат тарихында тұңғыш рет 1961 жылы 12 сәуірде Байқоңыр ғарыш айлағындағы Восток ғарыш кемесімен Юрий Гагарин ғарышқа ұшты. Бұл-әлемдегі таңғаларлық жаңалық болды. Міне, космос дәуірі келді десті. Ғарышқа ұмтылыс, биіктік деген ұғымдар әдебиетте дүниетаным мен сезім әлеміне қатты әсер етті. Космостағы салмақсыздық деген ұғым жердегі пенделер тірлігіне де жанама әсерін тигізіп, қарым-қатынаста өзгерістер пайда бола бастады. Сөздің салмақсыздығы, ойдың салмақсыздығы, мінездің салмақсыздығы кей пенделерде бой көрсете бастады. Жұмекен жырларындағы байқампаздық қасиет осы жылдары анық көрінді.
«Талай жанды біз кейде әңгімеге өзек қып,
Талай ерді санадық, сараладық , сөз еттік.
Беделі аздау ағаны -сөзден ұқтым жаңағы,
Салмағы жоқ дейді екен космонавтар заманы.
Салмақсыздық еткенде санасыздар былайғы,
Салмақ дейді кей ауыз бір мықтыға ұнауды,
...Салмағы жоқ дейді екен космостың заманы».
Немесе
«Салмақсыз қыз қасы-көзін сәндейді,
Сәнді қызға салмақсыздық тән -мейлі.
Алды бәрін уақыттың өзі ақтап
Космоста салмақсыздық-заң дейді,- деп жырлады.
Жердің тартылыс күші туралы ойды Жұмекен Ньютонның бүкіләлемдік тартылыс заңының қазақша жырмен өрілген вариантындай төгілдіріп, Жер туралы ұғымымызды байыта түседі.
«Шын тәңір –салмақ десе ып-ырас.
Менде салмақ болса, ол-Жерге деген ықылас».
Тартылыс заңы бойынша, жерде тартылыс күші болғандықтан ағаштың түскен жапырағы да, жемісі де, сынған кірпіш те жерге құлайды. Жер барлық денелерді өзіне тартады. Ал Күнді айнала қозғалатын планеталар тартылыс өрісі әрекетінен Күнге тартылады және өздері де бір-біріне тартылады. Әлемдегі барлык кеңістікте тартылыс бар. Ал адамдар арасындағы тартылыс неге азайып, арзандап барады? Бұл сұрақ та ақынды ойландырады. Адамдар арасындағы тартылыс жыл сайын азайып келе жатқаны рас-ақ. Өйткені, өзімшілдік деген жұқпалы дерт пенделердің кеудесіне дендеп енген екен. Аяу, сүю, түсіну сияқты киелі сезімдерді өзімшілдіктен бастау алатын –күншілдік , қызғаныш , бақайесептік, қатыгездік сияқты жағымсыз сезімдер уысында ұстап, тұншықтырып барады. Жұмекен бұл сезімдердің болашақта зорайып, қоғамға қатер туғызатынын да болжады.
«Аяушылық - жүректің нақ өз үні,
Ал аяуды қорлау көрген қашанғы,
Адамдардың өзімшілдік сезімі» -, деп жырлағаны да содан.
Ол әйел мен еркектің де болашақта затына сай мінез-құлықтардан алыстап, «Кей әйелдің әйел деген атағы,
Кей еркектің еркек деген атағы!» деп салмақсыздыққа жол беретінін де білгендей. Қазір журналистиканың қаншама қырлы жанры болса да, теледидар, радио, әлеуметтік желіде жол-жөнекей алынатын арзанырақ подкаст- интервью дегендер құдырет болып тұр. Жұмекен өлеңін оқысаң, дәл осы күнгі сурет қой дейсің!
«Қыр көрсетіп шығайық бұл жалғанға,
өзіңізден интервью дегенді,
Жолай алам»
немесе мына бір жырындағы кейіпкер де бүгінгі ағын судай тоқтамай ағып жататын сұхбаттардағы кейіпкерінің сөзін айтып тұрғандай:
«Әйел – дүние көркі емей енді не? –
Бесіншімді алып алдым мен, міне!».
Уақыт өткен сайын қазақтың әдет-ғұрпы, ой-санасы жалаңаштап ашылып барады. «Порнографияны рух тұтқан ел ұятын жоғалтады. Ұятын жоғалтқан елдің санасы бұлдыр» деп ақын дәл қасымызда тұрып жырын оқып тұрғандай. Ал, тыңда!
«Жұрт көзінше жігітімен сүйісті,
Билейді қыз, тыр жалаңаш расы.
Құтыр, дене!
Бар ғой бірақ рухтың
Порнографиясы.
Миллионерлер құпия,
Ауыртпалық түскен шақта еліңе,
Жақұт тағып жарқырасаң, тон киіп
Рухыңның порнографиясы
Көрінеді сенің де!
Жиналыста- сілікпе етсе жігітті,
Жарға опасыз болғаны үшін, расы.
Ұятты жер ашылса екен деп тілер
Рухтардың порнографиясы».
Бүгінгі қоғамның келбеті осы. Біреу той-томалақта жалаңаштанып құтырып билеп жүр. Оған мәз боп қол соғады көрген ел. Біреу жүр экранда долданып не қорланып : әйелін не күйеуін түкке алғысыз деп ұзын-сонар жыр етіп. Көрген жұрт: тағы айтса екен, айта түссін деп оған дем беріп қояды. Ал Жұмекен болса кітабының арасынан шығып, «Өсек, сөз – бар мұрады, ессіз ел ед бұ қандай?!»,- деп күрсініп тұрғандай. «Әйел азса, не болады» дегендей, әйелдер тақырыбы , әйелдердің іс- әрекеті арқылы Жұмекен көбінесе өз заманы емес, бүгінгі заманды жырлап кеткен.
«Бір есіктен аттағаны сол еді –
бір қыз шықты: төсі семіз,
түрі арық,
«Прием жоқ!» дегенді айтты қуарып». Бүкіл әлемде қазіргі таңда «түрі арық, төсі семіз қыз» трендте. Олай болатыны, «жасанды омырау» деген бір сұлулық көрсеқұмар ұрғашы-еркек біткеннің көзін қызықтырып есін алып барады.
«Күлді ол қыз:
– Ал, Келіңіз, келіңіз,
Современный мужчина бол, атасы!
Сначала угощайте! – деді қыз.
Мұны жаңа сөзге балай танып қарт,
бір тісі ұшты – күлген сәтте шалықтап.
Әлгі сөздің мәнін былай деп ұқты:
«О, тоба! Бұл заманда,
Қыз да тегін күлмейтұғын болыпты».
Бұл картина да бүгінгі күнге тиесілі. Тағы да Жұмекен жырына жүгінеміз:
«Бізде-дағы аңқаулар бар,
Әрқашан
алданатын ақша беріп алдасаң,
Ал, әйтпесе тегін алдау – болмайды,
(Ақша десе,түлеп жұрттың түр-өңі)
не құдірет кіретұғын іреңі!».
Көңіл күйдің бір емі күлкі мен көңіл алдау- ләззатын сыйлау да ақша болды. Кешегінің емес, бүгінгі ұрпақтың санасы осылай қалыптасуда. Адамдардың материалдық байлыққа құштар болуы себебінен, адамның рухы, жан дүниесі, ішкі табиғи әлемі сенімдері әлсіреуіне әкеліп соғуда. Дүниеқұмарлық пен қатыгездік, эгоизм мен іштарлық ауруы күшейіп рухы әлсізді жазылмастай халге жеткізеді. Жұмекен осыны ескерте отырып, әйелді сыйлауды , әйел жанын бағалауды білмесең, алда «алғыр әйелдердің ғасыры келе жатыр», бағың да, сорың да әйелден болмаса екен дейді. Әдебиеттануда саласында ұят сезіміне баса көңіл аударылады. «Ұяттың құралы болу, Өлеңнің міндет-тілегі»дейді Жұмекен. Өйткені иба-әдеп, ар-ұят –өркениетке тән қастерлі сезімдер болып саналады. Кісілік пен ізгілік сыртқы келбетке емес, ішкі сезімге тән.
«Сақтаныңдар!
Сағат туса, ерге сын.
Адам ісін, аллам, өзің тергеші.
Мынау алғыр әйелдердің ғасыры
Тек көз жастан қару жасай көрмесін!». Сұмдық-ай, көз жасы қалай құбылады өлеңде? Шекспир «Қатындардың көз жасына жерік болса қара жер, әр тамшыдан туар еді аждаһа» деп тереңнен толғады. Бүгінгі орта әйелдің көз жасын күлкіге айналдырып барады. Талантты әрі білімді әйел бұрынғыдай зор беделге ие емес. Күйеуден зорлық көріп, өліп кеткен әйел қаншама. «Әйел сұлу, көз-дефицит, бет-үлгі» , «Сүю, құшу қиын мұндай сұлуды, тек іргеңе сурет қылып іліп қойғың келеді» деп Жұмекен жырлағандай жауқазындай жап-жас суреттей сұлу қыздардың әлеуметтік желіде әйел мен еркек арасындағы интимдік мәселелерді шабыттана әңгімелеп отыратыны сәнге айналып барады. Қазір тәрбие үлгісі емес, бет үлгісі алға шықты. Әл-Фарабидің философиялық еңбегінде жан, тән ауруымен қатар рухани аурудың да бар екені айтылады. Рухани ауруға ұшыраған адамның ойлау қабілеті бұзылып, жаман әдеттер мен жаман қылықтардан, жаман сөздерден ләззат алады. Жақсы әдет, ізгілік, ар-ұят қағидалары туралы ойланбайды. Ақырында рухы әлсірегеннен кейін ойлай алмайтын халге жетеді. Жұмекен жырында айтылғандай:
«Ой ойлайтын басы жоқ-ты ал оның,
Міне, міне бастауы бар бәленің:
ерікті ойға еркі бардың бәр-бәрі
Жазғыштар-ды;
Шабармандар қалғаны.
ақыл-есі аяғының басында,
тек бұйрықты орындайтын, расында,
түйсігі жоқ футболшыдай кәдімгі
Бостан босқа, бостан босқа сабылды». Шынында «Ой ойлайтын бас жоқ жерде, қалай сөйлесем де, өз еркім деп ерікті ойға» құлаш ұру бәленің бастауы екен. «Бұйрықты орындайтын шабарман кейпіндегі» «ақыл-есі аяғының басында» болатын адамның немесе «түйсігі жоқ футболшы» кейпіндегі адамның сапалық тұрғыда көркем болуы мүмкін бе?
«Пайда ғып»–
күн көрмек қой,
көрдің бе:
барлығының болғысы бар Айманов!»
«Барлығы» деп батыратын бұл бір ер,
«Кейбіреу» деп кещелігін білдірер.
Өнерді әркім бір мінеді көк тер ғып...»
Қазақ киносының асыл тұлғаларының бірі - Шәкен Айманов. Киноактер ретінде де, кинорежиссер ретінде Аймановты біртуар шын өнер иесі ретінде танимыз, өнеріне шедевр деп қол соғамыз. Қазақ киносын белеске көтерген есіл еңбегіне ерлік деп қараймыз. Ал қазір ше? Қазақ киносы қандай күйде? Айманов кие тұтқан, өмірден өнер туғызған кинодағы қолтаңба жоғалды. Қазіргі киношылардың Шәкен Аймановты білетініне күмәнім бар. Рекордшыл киношылар Жұмекен жазғандай, Аймановқа «кейбіреу деп кещелігін білдірері» де рас. Шынында «Өнерді әркім бір мінеді көк тер ғып» дегендей, өнерді ерттеп мініп алған ойлағаны өнер емес, ақша, пайдакүнем, кеудесі бос, рухани ауруға ұшырай бастаған қаптаған киношылар да бар бізде.
«Анау – сарай,
Мынау – сарай, толы адам,
Сауық-саққа жиналған ел жаңадан:
ат жарысын тамаша ғып бірі ескі,
екіншісі қызықтайды күресті.
Еліктегіш көңілдерге от салып...
Спорт зал мен концерт залдың жоқ саны»,- дегендей дәл осы суретті күнде көріп жүргеніміз рас-ақ. Көңіліміз де – фонограмма концерт, өміріміз де - фонограмма концерт. Корпоративтік мәдениеттің өрістегені сонша, ұлттық мәдени нормалардан, мәселен, домбыра күмбірі, жыраулар жыры деген кұдыреттен алыстап барамыз.
«Есек мүлдем оқымайды бұ кезде,
есекшілік – тек қайсыбір мінезде.
Қателесіп қалам ұстап қолына
ақырын кеп түссе білім жолына...
Ондай болса ілім-ғылым сорына,
Құтылу үшін сол сордан,
Қадірлеу жөн қателескен жандарды –
академик қып сайлаймыз біз оны да».
Бұл картина жай қалыпты іс сияқты болып көрінгенмен, қарапайым түсініктегі ойымызды тіл бояуын түрлендіру арқылы тереңге тартып кетеді. Айналамыздағы болып оқиғаларға бегжай қарай алмаймыз. Жұмекен есекшілдік мінездің «ілім-ғылым сорына» тигізер кесапатын айта отырып, мұның жолын жабудың қиын екенін айтады. «Құтылу үшін сол сордан, академик қып сайлаймыз біз оны да»,- деп сарказммен айтады. Бұл күнде не көп ? Саңырауқұлақтай қаптаған академия, академик көп екен. Жұмекеннің болжауында болашақ Әдебиетіміз те бір жағына қарай қисайып қарап тұр. Әлімсақтан белгілі «Алдыңғы толқын, кейінгі толқын» үрдісінің салты өзгерді. Екі толқын арасында обьективті, парасатты ойға құрылған қарым-қатынас жоқ. Қазіргі әдебиет өкілдері жетпіс-сексенге келгенше жас. Сондықтан жіліктің басын бергісі жоқ. Тоқсанға жеткенде «үлкейдім» деп айта алар. Содан келіп әдебиетте іштей қақтығыс туады. Жастар өзіне көңіл аудартқысы келіп өлім туралы өлең жазуды жаңалық деп ұғады.
«Сөзін ұқтым кеше мен бір баланың,
«мені жылдам таныңдар,
Әйтпесе өліп қаламын!»
Өлме, қалқам, бол аман,
Бірақ Абай, Махамбет
Топырағына бұлданбаған моламен!
Аспан жақын секілді еді ол кезде,
Балапандар балапанмен тең өсті.
Іліге алмай кеткендердің ол кезде
Бәрі бірдей қырандар да емес-ті». Расында еленіп не еленбай қалғанның бәрі қыран емес. Қазір жылдам танылған талант лап етіп жоқ болады. Жоқ болатыны айтар ойы, жырлайтын сөзі таусылып қалады. Не тәтті сөз бен мақтау деген аурудан басы айналып, тәлтіректеп есін жия алмай жүргені.
«Амал қанша қойды ұнамай маған-ақ
Күн көргіштер креслоны жағалап.
Сататындай құндайды олар адамды
ойына емес,
креслосына қарап.
Иә, ондайлар адам жайлы не білер?
адам жайлы ойлауға да ерінер.
Адам деген сөздің өзі оларға
Креслоға балама боп көрінер».
Соңғы толқындағы таланттардың тағы бір бас ауруы - креслоқұмарлық. «Адам деген сөздің өзі оларға, Креслоға балама боп көрінер» дегендей, кресло арқылы өздерін биіктетіп, өзгелерді төмендеткеннен рахат алады, жанына жағымпаздарды жиып, мақтау сөздерге тұла-бойы балбырап, майдай ериді. Атақ-даңқ та оңай келер мұндайда. Бұл да ақындар арасында асқынып келе жатқан рухани аурудың жаңа түрі.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша, ой дегеніміздің өзі түрлі толқын туғызатын материалдық қуат болып табылады. Эйнштейннің жарықтың кванттық теориясы бойынша сіңірілген жарық кванты атом және бос радикалдарға ыдырайды. Әлем макроорганизмдер мен микроорганизмдерден құралады. Макроорганизмдер үлкен әлем болса, микроорганизмдерге бактериялар, атом, молекулалар, энергия жатады. Эйнштейннен басталған ақыл-ой теориясы микроорганизмдер тобына жататын ең ұсақ бөлшек атомды бөліп, адам баласы басына бір бәле тілеп алғандай болды. Құранда: «Бөлінбейтінді бөлмеңдер» деген аят бар. Бұл жайында Жұмекен былай дейді:
«Жаңа!» дейсің ескі ұғымға қамалып,
«ескі» үшін сен жан бересің, жан алып.
Эйнштейн жаңа-лы-ғы-на сендің,
ал, Табиғат өзі ашса ше жаңалық?!
Алдар көсе, міне, соның айғағы;
Сапырғанша сандырақты қайдағы,
Құдіретіне табын Жыр мен Аңыздың,
О, Уақыттың шала шығайбайлары!».
Жұмекеннің елу жыл бұрын жазған бұл жыры біздің квант туралы ұғымымызды кеңейте түседі. Квант - физиканың бөлінбейтін бөлшегі. Нильс Бор атом құрылысының кванттық теориясын жасап, физика саласындағы Нобель сыйлығын алғаннан кейін квант ұғымы кеңінен тарады. Қазір кванттық физиканың дамуымен ғылымда түрлі жаңалықтар болып жатыр. Кванттық физика тұрғысынан қарасақ, адам ойы түрлі толқын туғызатын материалдық қуат екен. Біздің санамыз бен эмоцияларымыз кванттың заңдарына сәйкес жұмыс істейді. Кванттық эмоциялар теориясын ертедегі әулиелер дұғасы , қасиетті адамдардың батиқалы батасының жағымды энергиясының қуаты арқылы дәлелдеуге болады. Ахмет Байтұрсынұлы: « Бата - біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз» деген еді. Қазақтың «Қарғыс алма, алғыс ал», «Батаменен ел көгерер» т.б. деген мақал-мәтелдеріндегі сөз бен тілек энергиясының әсері күшті. Ендеше, «Құдіретіне табын, Жыр мен Аңыздың» деп Жұмекен де тауып айтқан жырында. Ел аузында Бекет ата таң намазының екі бас сүннетін Оғыландыда оқып, екі бас парызын Меккеде оқып келген деген аңыз бар. Бұған кейбіреу жай әңгіме есебінде қарайды. Ал қазіргі кванттық физика «бұл рас» деп жауап береді. Қазақ фольклоры «Аңыздың түбі-шын» деп айтады. Батыр бабаларымыз жауға қарсы шапқанда «Иә, аруақ!» деп рухтанып, аруақты ерлерге сыйынғаны да кванттық энергетиканың бастауындай. Соңғы уақытта кванттық физика, кванттық байланыс, кванттық секіріс, кванттық шиеленіс, квантты механика, квантты телепортация деген терминдер шықты. Әдебиет те әлеммен бірге дамып отыратын сала болғандықтан әлемдік әдебиетте «Кванттық фантастика» деген жаңа жанр пайда болды. Бұл жаңа әдеби жанрдың ерекшелігі келешектегі өмірдің оқиғаларына әдеби элементтерді енгізе отырып, шындықты бейнелеуге негізделген туындылар болмақ. Батыс қаламгерлері «Кванттық фантастика» жанрын дамытуға күш салуда. Жұмекен Нәжімеденовтың елу жыл бұрын жазған «Алдар көсе немесе диалогтар» поэма-пародиясын «Кванттық фантастика» жанрындағы тұңғыш туынды деп есептеуімізге әбден болады.
«Гимн – от боп жанып кірді жас қанға –
Жалын болып Ту өрледі аспанға!
Тас кеудесін иілтпейді жыр тіреп.
Суда – көбіктен гөрі әсем күлкі көп.
...Қол соққанда осылардың бәріне ел
Көгершін-үн көтерілді дүркіреп».
Мемлекетіміздің басты рәміздерінің бірі, салтанатты ән - Гимн шырқалқалғанда , дәл осы сезімді кешеміз. Жұмекен Гимн әсерін жан тебірентерлік сезіммен, көркем етіп суреттегеніне таңғалсақ, ал мына өлең жолдарын оқығанда ойланып қаламыз:
«Айта алмаймын бұл сауданы,
Сәтті деп:
Құнын сатты алғыс, тілек , батаның,
Сырын сатты қасірет пен қапаның.
Ол бәрін сатып, сатып,
орнына
Алды сатып «ақын» деген атағын».
Жұмекеннің жазу мәнері иронияға бейім.Темпераменті жағынан флегматик, оның байыптылығы мен парасаттылығы өмірге деген көзқарасынан көрінеді. Сондықтан да оның өлеңдеріндегі эмоция өте байсалды. Оның терең тебіреністен туған толқынды жырларының кілті кез келгеннің уысына түспейтіні де содан болса керек.
«Өлең деген ақыл ма, әлде, сезім бе:
ақыл болса – қалсын, автор, өзіңде,
Сезім болса – тежеу керек кезінде».
«Ақылың - өзіңде, сезімді тежесең», менің жүрегіме үңіле аласың, қарағым» деп тұрғандай емес пе мына жырында ? Өлең –санадағы ақиқаттың көрнекі бейнесі, жанның рухани көрінісі іспеттес тылсым дүние.«Тірілте алам сөздің өзін ең өлі, Түстің өзі сөз боп ылғи енеді»,- дейді Жұмекен бір жырында. Түсіне сөз еніп, ол сөздері образға айналып, ақ шабыт - өлең болып буырқанып, бұрқ-сарқ қайнағанмен арнасынан асып тасып-төгілмей, үлкен бір салиқалы салмақпен ақ қағазға қаланған кірпіштей құйылса, бұл да бір ғажайыптың жұмбақ сыры. Атам қазақ «Түс – тәңірдің аяны» дейді. Тарихта небір ғұламалар болған. Түсі арқылы ғылымда жаңалық ашып, әдебиетте шығармалар туғызған. Мысалы: Д.Менделеев химиялық элементтердің периодтық жүйесін түсінде көріп дүниеге әкелсе, А.Пушкин, Ф. Достоевский т.б ақын-жазушылар түстеріне енген сюжеттерін арқылы шығармаларын жазған. Махамбет өлер алдында түсінде өз басының өзіне иіліп сәлем беріп тұрғанын көрген. Бұл – Махамбет рухының мәңгілігінен хабар береді.
Жұмекен де ашып айтпаса да, аз сөзге көп мағына сыйғызып «Тірілте алам сөздің өзін ең өлі, Түстің өзі сөз боп ылғи енеді»,- деп жырлады. Осыдан кейін аз ғұмырында Жұмекен Нәжімеденовтың артына қалдырған мол мұрасы тек еңбекқорлығы пен талантының жемісі ғана емес екенін сезінгендейміз...
(Жалғасы бар)