Талғат Теменов. Адам өмірге келеді... Өмірден кетеді...

Фотосурет ашық дереккөзден

ҚАЛАМГЕР
307

Біреу бай, біреу кедей...

Біреу бастық, ал біреу — жай ғана маман иесі...

Бүгінгі, бірінен соң бірі келген екі хабар да жаман боп шықты...

Жаман хабар екендігі — жақсы жандардың дәм-тұзы біткендігіне...

Жүрегің тыз ете қалады...

Тағы да ортамызда жүре тұрғанда, маңына, айналасына, ортасына, қоғамына,

Отанына сәуле шашып, маңайына нұр төгер еді деп ойға қаласың...

Жақсы адамдар...

Бұл сөзде үлкен құпия, айтыла бермейтін сыр жатыр...

Жақсы адамдар мен жақсылықтың түбірі — бір сөз...

Ол — адамды сүю, сыйлау, құрметтеу, қадірлеу, қастерлеу, қолпаштау...

Үлкенге құрмет, кішіге ізет...

Ш.Айтматов айтқан:

«Адам үшін ең маңыздысы — әр күніңді адамгершілікпен өткізу».

Иә, адамның екі миссиясы болса, соның бірі — адами қасиет болар...

Адамгершілік — Алланың адамға берген ең үлкен байлығы...

Ал ақша, байлық — соқыр...

Ержан Бабақұмаровты Мәдениет вице-министрі кезінен білуші ем.

Өте қарапайым, артық сөзі жоқ, биязы, оқығаны да, тоқығаны да мол интеллигент болатын.

Қашан көрсең — жымиып қойып, үнсіз тыңдағанды қалайтын.

Осыдан біраз жыл бұрын балам Айбар «Бек Эйр» ұшағы құлағанда ішінде болған.

Маңдайы жарылып, сол көзінің астындағы сүйектері сынып кетті.

Ота тек Израильде жасалады екен...

Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа кіру керек болды.

Сонда Алматы әкімінің орынбасары Ержан көп еңбек сіңірді.

Кәсіпкерлерге өзі хабарласып, қол ұшын берген-ді.

Сол Ержанның дәмі біткен екен...

Әлеуметтік желіде анау-мынау деп жатыр...

Кім не десе, о десін...

Мен оларға емес, өзіме сенем, көзіме сенем...

Ержан өз өмірін, өзегін, өзенін, өркенін тек өз Қазақ елінің абыройы мен болашағына арнаған Азамат.

Бастық болып бақырмай, шенеунік болып шақырмай,

кісілік пен кішіліктің шеңберінен шықпай кеткен шерменде.

Ержан Бабақұмаров министр немесе әкім болған жоқ...

Ол — Адам болды.

Ізгіліктің үлгісі болды.

Ал осы қасиет бүгінде дефицит...

Қат... жоқтың қасы...

Жәнібек Кәрменов айтқандай:

«Адам боп келдім өмірге, адам боп кетсем — арманым...»

Сен сондай едің, Ереке...

Бақұл бол...

Иманың жолдас болсын...

Елдің не айтарын білмеймін... Білетінім — жер бетінде бір ізгілік азайды. Тағы бір жақсы адам қайтып келмес жолға кетті. Сондықтан да жүрегім тыз ете қалған...

Талғат Теменов, Қазақстанның халық әртісі, көрнекті кинорежиссер, драматург, сценарист, профессор.