«Заң және тәртіп»: Астана прокуратурасы журналистер мен студенттерге алғашқы құқықтық тренинг өткізді

Фото: Астана қаласы прокуратурасы

АЙМАҚТАР
53

Астана қаласының прокуратурасы медиа саласы өкілдері мен студенттерге құқықтық білім беру бойынша алғашқы оқыту шарасын өткізді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Аталған тренингке Atameken Business медиа-холдингінің журналистері мен Мақсұт Нарикбаев атындағы университеттің (MNU) студенттері қатысты. Жалпы 100-ден астам адам қатысқан бұл іс-шара құқықтық білім алуға қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.

Тренинг барысында журналистердің құқықтары мен міндеттері, кәсіби қызмет барысында сақталуға тиіс заң талаптары, заң бұзған жағдайда туындайтын құқықтық жауапкершілік, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік арасындағы айырмашылықтар тақырыптары қозғалды.

Сонымен қатар, қатысушылар назарына журналистер мен блогерлер қатысқан резонанстық қылмыстық істердің нақты мысалдары ұсынылды. Бұл бөлім аудиторияның ерекше қызығушылығын тудырып, ашық пікір алмасуға және құқық қолдану тәжірибесін тереңірек талқылауға жол ашты.

«Бүгінде біз ақпараттың құқықтық бағасынан бұрын тарайтын заманда өмір сүріп жатырмыз. Кейде бір ғана сөз, бір тақырып не бір жазба — беделге нұқсан келтіруден бастап, қылмыстық жауапкершілікке дейінгі салдарға әкелуі мүмкін. Журналист үшін құқықтық сауаттылық — қосымша қабілет емес, бұл қауіпсіз әрі кәсіби жұмыстың негізі. Заңды сақтау — қиын емес. Қиыны — оны білмеу. Егер сіз біліммен қаруланған болсаңыз, жұмыста әрқашан сенімді, сабырлы және еркін боласыз. Журналистермен серіктестік орнату — прокуратура өкілінің ашық, білікті әрі заманауи бейнесін қалыптастыруға көмектеседі. Мұндай тренингтер өткір немесе арандатушы сұрақтарға дайын болуға, сабыр мен сенімділікті сақтауға және айтылған әрбір сөздің нақты, заңды әрі қоғамға түсінікті болуына ықпал етеді», - деді Айжан Аймағанова.



Мұндай тренингтер – құқық пен ақпараттың тоғысқан тұсында қызмет ететін БАҚ өкілдері үшін аса маңызды. Прокуратураның бастамасы журналистердің құқықтық мәдениетін арттыруда тиімді қадам болмақ. Алдағы уақытта мұндай шаралар тұрақты түрде өткізіліп, құқықтық сауатты қоғам қалыптастыруға үлес қосады деп күтілуде.