Бітімі бөлек Біржан сал

РУХАНИЯТ
939

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ән өнерінің ақтаңгері – Біржан салдың туғанына 185 жыл толуына орай таланттың туған топырағы Біржан сал ауданында ажарлы той өткізілді.

– Той құтты болсын, өнер тойы, жыр тойы! Бабамыздың атын асқақтатқан, аруағын разы еткен күн болды бұл! – деп бірін-бірі ақжарма тілекпен құт­тық­­тап, арқа-жарқа болған жұртта есеп жоқ.

Арқаны, Арқаны ғана емес, Алаш даласын әнімен тербеткен Біржан сал Қожағұлұлының жалпақ жұртқа ортақ тойы еді бұл! Іс-шара аясында сәндік-қолданбалы өнер, тарихи және ұлттық қолөнер көрмелері көпшілік назарына ұсынылды. Әсіресе облыстық тарихи-өлке­тану музейі ұйымдастырған «Ға­сыр­лар аманаты» атты көрмені бөле-жара айтуға болады. Өткеннің өң­ді елесін көрген жанның көз алдына әкелетін көрме көне замандағы қа­зақ­­тың музыкалық аспаптарының үл­гілерімен толықтырылыпты. Өнер қон­ған өлкенің өрісін айқын аңғартып тұрғандай. Соның ішінде тяньшандық шыршамен, Еуропа үйеңкісінен жасалған Біржан сал дом­бырасының көшірмесі көп көңілін өзіне аударды. Тағы бір баға жетпес жәдігер бар. Ол  1991 жылы табылған, қазіргі күні облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында тұрған Біржанның бірегей домбырасы. Тұтастай алған­да көрмедегі жәдігерлер сонау Бір­жан заманындағы рухани әлемді әйгі­леп тұр. Жалғыз өнерге қатысты бұйым­дар ғана емес, тұрмыстық зат­тар да қойылған. Бүгінгі жастар бағ­зы­дағы бабалардың тұтынған мүл­кіне құмарта қарап, көз сусындатты. Шахмет Құсайынов атындағы қа­зақ музыкалық-драма театрының қойы­лымы бағзы заманның бейнесін сол қалпында мөлдіретіп көрерменнің көз алдына әкелді.

Көкірегі ашық, көңілі ояу көпші­лікке рухани нәр берген шара «Біржан – қазақтың музыка мәдениетінің алыбы, сал-серілер, әнші-композиторлардың ұс­тазы» тақырыбында өткізілген ғы­лыми-практикалық конференция болды. Конференция барысын­да Бір­жан салдың өмірі мен шығар­ма­шылығы толық қамтылды. Сөз арасын­да бірер сәтін сабақтай кетелік. Алысқа арнап ән салған ән алыбы Жөкей көлінің жа­ғасында 1834 жылы дүниеге келген. Туған жерін ет жүрегі елжірей сүйген ақын:

Бүркітті асуынан талай өттім,

Қалың ну орманында сайран еттім.

Айнала Жөкей көлдің жағалауын,

Шіркін-ай, бір көруге арман еттім – деп жырлайды.

Арғы атасы Бертістен Айшуақ, Бай­шуақ, Жаншуақ, Қожамқұл, Қожағұл деген бес ұлы болыпты. Қожағұлдан Тұрлыбай, Тұрлыбайдан Біржан өреді. Бала кезінде үлкен анасы бауырына салып алып баққан. Біздің баламыз деп ерке­леткен. Міне, сондықтан Біржан Қожағұлдың баласы атанып кеткен.

Табиғат Біржан салға көрген кісі қызығарлық келбет берген. Ұзын бой­лы, кең иықты, қыран қабақты, қыр мұрынды, шырайлы адам болса керек. Өз заманында ат тұяғы жететін жер­ге Атым­тай жомарттығымен әй­гі­лі болған Қожағұл шешенге сол за­манның ақын-жыраулары, әнші-күй­шілері үйір болса керек. Өнер ор­дасының қара сабасы күні-түні күм­пілдеп жатқан соң бала Бір­жан сол қазынаны бойына сіңіре береді. Ауыл молдасынан сауат ашқан, кейін Қызыл­жардағы медресені өте жақсы тәмам­дап, араб, парсы, көне түрік тіл­дерін үйренген.

Он бес-он алты жасында елдегі от ауызды, орақ тілді өнерпаздардың қа­сына еріп, ән-жырларын жатқа айт­қан. Әдемі киім киген, жүйрік ат мін­ген Біржан Қызылжар төңірегіндегі Арыстан ақынның, Көкшетау ма­ңын­дағы Орынбай мен Нүркей ақын­дардың жанына еріп, замана заң­ғарларын ұстаз тұтқан.

Өз шығармашылығында достық пен­ махаббатты, ынтымақ пен та­ту­­лық­ты дәріптеген. Бұл сөзімізге «Кө­кек», «Бурылтай», «Алтын бал­дақ», «Ләй­лім шырақ», «Жамбас сипар», «Телқоңыр»,  «Айтпай» тәрізді ән өлең­­дері дәлел. Е.Брусиловский өзі­нің операларында Біржан әндерін кеңі­нен пай­даланған. Ақынның өлмес ескерт­кішін жасаған қазақтың талантты ком­­­­позиторы Мұқан Төлебаев болды. Ол өзінің «Біржан-Сара» операсында­ Біржан шығармашылығын кеңінен пай­­даланды. Біржан бабамыздың шы­ғар­машылық өміріндегі тағы бір елеу­лі оқиға, Абай ауылына баруы. Бі­летін­дердің айтуына қарағанда, Абай хәкім­нің әсері Біржан салға өте күшті болған.

Ғылыми-практикалық конференцияда облыс әкімінің орынбасары Ға­лымжан Әбдіхалықов, Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мем­­лекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев, филология ғылымдарының докторы Серік Не­гимов, айтыскер ақын Баянғали Әлімжанов, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Әбуев, ақын Қор­ғанбек Аманжол, осы өңірдің тумасы, Қазақстанның құрметті журналисі Мей­рам Базарұлы  әнші-композитордың өмірі мен өнерінің өрісі жайлы егжей-тег­жейлі баяндады.

Той тағы бір шырайлы шарамен шуақ­тана түсті. Ол мерекелік концерт болатын. Ақын тойына жиналған ақындар бір-бірімен сөз қағыстырса, әншілер ән шырқады және бір ерекшелігі, негізінен Біржан салдың әндері орындалды. Алғашқы жұп болып сахна төріне көтерілген көкшетаулық ақын Әлібек Серғалиев пен жезқазғандық Ботагөз Мұхиденованың айтысы көп көңілінен шықты. Нағыз қыз бен жігіт айтысының жарқын бір үлгісі. Әдемі әзіл, қазақы қалжың, астарлы сөз қыз бұрымындай болып өрілген қыз бен жігіт айтысы көпшілік көңілін бір серпілтіп тастады. Ботагөздің: «тап сендей сараң сері көргенім жоқ» деген өкпесіне Әлібек те оңтайлы жа­уап қатып, жүзік таққаны жарасымды болды. Республикалық жыр додасында айтыстың ақтаңгері атанып жүрген Дидар Қамиев, Жетісудан келген Арзыгүл Қайымбектер көп көңілінен шықты. Ал әншілердің ішінде көк­шетаулық дәстүрлі әнші Қажыбай Жа­хин­нің шоқтығы биік болды. Бір­жанның «Айбозым» әнін орындаған ол халықтың сұрауына орай Ақан се­рі­нің, Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шо­­лақтың әндерін шырқап, Біржан сал заманындағы ұлы тұлғалардың өмір­­шең өнерін тағы бір көрсетті. Ақын Қорғанбек Аманжолдың сөзіне жазыл­ған ерейментаулық сазгер Сайлау Жыл­қы­баевтың «Сал Біржан елінде» деп аталатын әні де ұлы тойдың көрігін қыз­дыра түсті. Көпке көзтаныс «Көкек» халықтық-фольклорлық ансамблінің баба тойына қосқан бағалы үлесі молы­нан болды.

Келесі күні той шеңберінде ұлттық ойын­дар өткізіліп, мерекенің мерейін ке­ліс­тіре түсті.


Байқал БАЙӘДІЛ

egemen.kz

   

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...