Дихан Қамзабекұлы. Әлихан Бөкейхан – ұлттың мыңжылдық арманы туғызған тұлға

РУХАНИЯТ
1495

Бүгін – Әлихан Бөкейханның туған күні.  Алаш көсемінің ту­ғанына – 155 жыл. «Қазаққа қайтсем де қызмет қыламын» де­ген тұлғаның мерейтойы қалай аталып өтпек? Әлихантануда ат­қарылмаған қандай игі істер бар? Біз бұл туралы ғалым, про­­фессор, Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлымен тілдескен едік. 

 – Әлихан Бөкейхан кім? Алаш көсе­мі, ұлт зиялысы, қоғам қайрат­кері. Біз­дің білетініміз – осы. Жал­пы, оның қайраткерлігіне шынайы баға бе­рілді ме?

– Әлихан Бөкейхан – қазақтың мың­жылдық арманы, намысы, мұңы туғызған тұлға.  Қазақтың мың­­жылдық арманы не еді? Қа­зақтың азат болғаны, елдің дамуы, өркендеуі, ақжарылқап заманға жетуі, жақсылық көруі, игілік көруі. Халықты ойлаған жан осы­лай армандар еді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазаққа  бір сапа керек болды. Әли­хан сол сапаны сезініп, жауапкер­шілікті түйсініп туған тұлға секілді. «Хан баласының мойнында қазақ­тың өтелмеген қақысы бар еді, соны ақтауға тырысам, қазаққа қайт­сем де қыз­мет қылам» деп айтатыны бар. Сол айтқанындай, хан баласының қақысы – дұрыс билік жүргізу, елді үлкен жауапкер­шілікпен басқару. Әлихан осыны бала кезінен сезінгені байқалады. Ол қайда оқыса да, қандай қызмет атқарса да, осыны біліп, зерделеп және  бір кездегі ата-бабалары басқарған Қазақ хандығын жаңа заманға үйлестіре алған тұлға ре­тінде көрінеді. Егер шындап кел­генде, қазақтың үзілген мем­лекет­шілдік арқауын жалғаған тұл­ға деп айтар едік. Соның құры­лымын ақылмен де, тәжірибемен де жасай білген тұлға. Тарихта мұндай тұл­ғалар сирек туады. 

Бірінші, әрине болашақ мемле­кеттің, яғни бола­шақ құрылым­ның жобасын айқын­дай алу. Және соны сол кезеңдегі шындықтың аясында көре білуі. Ол кездегі шындық не? Біз отарланған елміз. Ресей империясының қол астын­да­мыз. Сол империяның қол ас­тын­дағы елді  құқықтық мемле­кетке айналдыруды мақсат тұтты. Еу­ропалық бағыт ұстанған құ­қық­ты елі болса деп армандады. Әлихан қазақтың шындығы аясында бол­жам  жасай алды әрі соны жүзеге асырудың тетіктерін ойластыра білді. Бұған оның мақала­лары, зерт­теулері, жоба­лары жауап бере алады. Оның қайраткерлігіне шы­найы баға берілді ме деген сауалға айтарым, әр ұрпақ ауысқан сайын өз бағасын беретін болады. Өткен ғасырдың 90-жылдары Әлиханның еңбектері енді ақталып, ғылыми айналымға түскен кезде біз оны оқып таңғалғанбыз. 

Осындай пікір айтқан тұлға осыдан 100 жыл бұрын туғанына таңданған едік сонда. Ол кісінің түрлі та­қырыптағы ғылыми- зерттеулеріне, мақалаларына қарап, өресіне, біліміне қайран қалғанбыз. Біздің қазіргі буын Әлиханға ең жоғары бағасын беріп қойды. Мемле­кетшіл және мем­лекетті, яғни шашылған халықты жинап, соны басқарудың жөнін білген әрі соны дұрыс үйлестіре ал­ған тұлға ре­тінде танимыз. Президенттің «Тә­уелсіздік бәрінен қымбат» мақа­ласындағы тұжырым­дамалық ойлар Әлихан дәуіріне берілген шынайы баға деп есеп­тейміз. Бұ­йырса, бұл ойлар әлі де толық­тырыла жатар. Жалпы, біздің Алаш мұрасы, Алаш тұлғалары алдындағы парызымыз әлі де көп. Оны орындауға тиіспіз. Кітаптары жарияланды, аз таралыммен бол­са да оқырманға жетіп жатыр. Оның кітаптарын кез келген кітап­хана төрінен табуға болады. Бірақ ары қарай дамытып әкету, оны жеткізу, ол үшін үлкен әлеует керек. Әлеует дегеніміз  – көзі ашық азаматтар. Мәселен, мұ­ғалім­дер өз пәніне қарай, Әлихан­ның ғылыми жазба­ларын түсін­діре алса, онда жас буынға тұлға мұ­расы дұрыс жетеді деген ой­дамын.

– Ол Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтті. Бірақ үміті ақталған жоқ. Оның думадан кетуіне не себеп болды?

– Тарихты білетін адамдар аң­ғаруы тиіс. Әлихан Бөкейхан бірінші Мемлекеттік думаның ғана депу­таты болды. Бұл – 1906 жыл. 1905 жылы сайлау науқаны жүрді. 1906 жылдың басында олар депутат болып, Петерборға барып, думада жұмыс істеді. Бірақ бірінші Мемлекеттік думада бар болғаны үш ай ғана жұмыс істеді. Үш айдан кейін Николай патша таратып жіберді. Екінші дума 1907 жылы шақырылды. Оған Әлихан мүше болған жоқ. Төңкеріске дейін төрт-ақ дума болған. Соның екеуінде ғана қазақ депутаттары бар. Әрине, Әлихан Ақпан төң­керісіне үмітпен қарады. Жалпы, ресейлік зиялылар да Ақпан төңкерісіне үмітпен қараған. Үміт ақталуы тиіс еді. Тіпті, қазақ зия­лы­лары да  «Қазақ» газетінде «Жаңа өмір басталды. Жаңа өмірге етек-жеңімізді жиып, күш-қуатымызды біріктіріп барайық» деген сияқты сөздерді жазып жатты. Бірақ бұл жерде боль­шевизм немесе большевиктер өздерінің саяси амалдарымен ұтысқа шығып кетті. Лениннің большевиктер партиясы күш алып кетеді деп ешкім ойлаған жоқ. Уақытша келді деп ойлады. Ары қарай азамат соғысына ұласты. Азамат соғысы деген атаудың өзіне де әлі жан-жақты қарауымыз керек деп ойлаймын. Егер азамат соғысы кең дәрежеде, өздері анықтаған бағытында күресіп жатса, онда қабылдауға болар еді. Өкінішке қарай, олар біржақты, яғни боль­шевиктердің қырып-жою саясатын жүргізді. Ондай «соғысты» азамат соғысы деп айта аламыз ба? Сон­дық­тан азамат соғысына басқаша баға беру турасында тарихшылар, саясаттанушылар ойлануы керек секілді. Алашшылдардың үмітінің ақталмау себебі – большевик­термен одақтасқан партиялар, одақтаспаған партиялар бар, осы­ның барлығы да «жеңіс болса, Ақпан төңкерісінің жеңісіне сай істер атқарылса» деп ойлады. Бірақ оның бәрі де жүзеге аспады. Алаш партиясының, Алашорда үкіметі мүшелерінің 1919 жылдың орта­сына қарай қашып-пысып, алғаш Семейге топтасуы, одан кейін олар­­дың  жасырын қызметке ауы­суының өзі сол кездегі аса қиын, аса күрделі саяси жағдайды анық­тап тұр.

– «Алаш» идеясын зерттеушілердің арасында олардың өзара бірлігі, идея ауызбіршілігі болмағанын ай­та­тындар бар. Біреулер автономия­ны қолдағаны анық, біреулер қол­да­мады дегендей... Олардың көз­қарасы неге үйлеспеді?

– Біз тарихқа қараған кезде бүгінгі күнге қарағандай қарауымыз керек. Адамның болмысы, таным-түсінігі көп өзгере қоймайды. Мәселен, қазір де түрлі пікірталас бар. Ой-пікірлер де сан алуан. Ол кезеңде де зиялылардың пікірлері бір-біріне қайшы келіп, қабыспа­ған тұстары болды. Егер Алашқа көп мүмкіндік бермесе, олардың саяси аренаға шығып, ел бас­қаруына мүмкіндік тумаса, «аттың жалында, түйенің қомында» еңбек етсе, оларға қайтіп кінә артар едік?!  Оның үстіне, «азамат со­ғысы» кезеңінде әр қаланы боль­шевиктер жаулап алып жатты. Олар ең әуелі Патша үкіметімен одақтасқан адамдарды қуғындады. Атып таста­ды. Революция уақы­тының сотсыз атып тастайтын кезі болатын. Алашты да револю­цияның жауы санап, оларды да бірден тұтқынға алып, түрлі амал жасағанын біз жақсы білеміз. Осының барлығы да тез шешім қабылдап, тез күрес жүргізуіне тура келді.  Ақтар мен қызылдар­дың соғысы жылдарында кей қазақтарға шекара асуға тура келді. Бірыңғай большевиктік бағыттағы азаматтарды зерттеген ғалымдар 90-жылдардың басында Әлихан, Ахмет, Халелдің мақала­ларынан  жұлып алып, кейбір сөздерден олардың алауыздығын көрсеткісі келді. Меніңше, мәтін­нен бір ғана сөйлемді жұлып алу дұрыс емес. Ол қиянат болады. Оның ар жақ-бер жағында не айтты, соны зерттеп, зерделеп алу керек. Сонда ғана ой тұтас шы­ғады.

– Этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, тарихшы, публицист. Соған қоса, ормантанушы әрі мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қойған адам. Саяси тұлға қиын-қыстау кезеңдердің өзінде осыншама ғылымды қалай мең­герді? Әрі біз білмейтін тұлғаның тағы қандай қасиеті бар?

– Әлихан Омбыда, одан кейін Санкт-Петерборда оқыды. Мұның барлығы да ХІХ ғасыр. Ол 1894 жылы кәсіби орман эко­номисі деңгейіндегі маман еді. Сол кезде ол Ресейдегі түрлі саяси қозғалыс­тарға атсалысты. Барлық саяси мектептен де, өмірлік мек­теп­тен де ХІХ ғасырдың соңында өтіп қойды деп есептейміз. Оның студент күнінен ғылымға қызық­қанын байқауға болады. Ол алғашқы қызметін Омбыда баста­ды. Сонда жүріп, түрлі саланы меңгеруге тырысқанын көреміз. 1903-1905 жылдары Щербина экспедиция­сында үлкен ғалым, маман ретінде көрінді. Ауыл шаруашылығы қоғамының Омбы бөлімшесінде, содан кейін орыс географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімше­сінде қызмет етті. Мұның бәрі негізі­нен қоғамдық жұмыстар. Бірақ осылардың өзі Әлиханның сол кезеңдегі орыс империясы ға­лым­дарымен тең дәрежеде пікір­лесе алатын дең­гейде қалыптас­қанын көрсетеді. 1903 жылы шық­қан әйгілі «Ресей: отанымыздың толық география­лық сипаттамасы» деген еңбек бар. Соның 18 томын­дағы еңбегі өте іргелі, жан-жақты түсіндірген жұмыс. 1917 жылы төңкеріс болды. Одан кейінгі қиындықтар, большевизмнің жеңуі – содан кейін де Мәскеуде оты­рып, түрлі экспедицияға, түрлі жо­баға қа­тысқан. Орталық Азия және Қазақ­станға қатысты жоба­ларын жүзеге асыруға қатысқан ғалым ретінде көрінеді. Оның әдеби сынға байланысты «Қазақ» газе­тінде жазған мақаласы бар. Сол мақаласында: «Мен жетіскенімнен сыншы болған жоқпын. Осыған пікір айтушылар сұрады» деген сияқты ойын жазады. КСРО ха­лықтарының орталық баспасы де­ген болды. Оны қазақтар күн­шығыс халықтары баспасы деп атаған. Сонда шыққан кітаптар­дың барлығына дерлік алғысөзді Әли­хан Бөкейхан жазған. Сөйтіп, ғылыми аппаратын негіздеп отырған. Тұлғаның сол кездегі жаз­ған алғысөздері мен пікір­лерінің өзінен іргелі ғылыми еңбек жасауға болар еді. Әлихан­ның бұл бағыт­тағы еңбегі  де тұлғалық қасиетін анықтайтын сүбелі дүние. Әрине, оның біз білмейтін ашылмаған қырлары да болуы мүмкін. Бола­шақ­та әлихантанушылар жаңа тың деректерді ұсынып жатса, оның өзі ғылымға қосылған үлкен жаңалық болар еді. Әлиханның сол заман­дағы Ресейден тыс тұлғалармен байланысы туралы айтуға болады. Макс Кучинский деген немістің ғалымы болған. Соның Қазақстанға келуіне Әлиханның да еңбегі зор. Неміс ғалымы өзінің кітабында бұл туралы жазады. Большевизм орнағаннан кейін Ресей қайрат­керлері революциялық жеңісті батысқа насихаттауды өздеріне мақсат тұтқан. «Біз жаңа мемлекет болдық. Бізден үлгі алыңдар» деген сияқты. Сол жылдары Ре­сейге қызығып, жан-жақтан  келе бастаған шетелдік ғалымдарды Әлихан да өздеріне тарта бастаған. Оның ішінде тек саясаткерлер болған жоқ. Түрлі ғылым иелері бар. Орталық Азияға бет бұра бастаған кезде оларға ақыл-кеңес айтып отырған.

– Әлихан тақырыбын зерттеушілер өте көп. Әлі де бұл тақырыпта зерт­телмеген дүниелер бар ма? 

– Алаш тақырыбын қаузап, наси­хаттап жүрген азаматтардың барлығының іс-әрекетін қолдай­мын. «Алаш –  менің ғана та­қырыбым», не болмаса «Алашты зерттеп жүрген азаматтардың тақырыбы» деп айту келте ойлау болады. Бұл тақырыпқа кез келген азамат бара алады. Тіпті, боль­шевизмді зерттеп жүрген тарих­шылар да бұл тақырыпқа келіп жатса, оған біз қуануымыз керек. Әлихан мұрасы Сұлтан Хан Аққұлы бастамасымен шыққан 15  томдық­пен түгесіліп қалды деп айтуға болмайды. Оның өзінде де зерде­лейтін тұстары көп. Бұл – жаңа заман ғалымдарының ен­шісіндегі дүние. Мәселен, Алаш арыстарын алғаш ақтай бастаған тұста Әлихан туралы жазылған деректер екі-ақ пайыз болатын. Одан бері 30 жылда қаншама құн­ды дүние табылды, жазылды. Әлиханның Мәскеудегі  тұрған үйі бір жарым бөлмелік пәтер ғана. Сонда отырып, дүниенің жұмы­сын атқарды. Аядай бөлмеде қызы, жиені (Смағұл Сәдуақас­ұлының ұлы Ескендір)   үшеуі бірге тұрып, таудай іс бітірді. Көп уа­қытын кітапханаларда, мұра­ғатта өткізгенін шамалауға бо­лады. Әлихан көркем фильмге, көркем әдебиеттің кейіпкеріне айналды. Башқұрт зиялылары туралы жазылған көркем роман бар. Соның ішінде кейіпкер ре­тінде Әлихан да жүр. Мұның бәрі бізді айрықша қуантады. Әлихан тақырыбын зерттеу бүгін де, келешекте де көкейкесті болары сөзсіз. Бір ғана Щербина экс­педициясын алайық. Қаншама құнды дерек бар. Бұл экспедиция Ресей империясының мақсатымен жасалса да, оның алды-артында Әлихан сияқты мықты тұлғалар тұр. 

Сондықтан бұл құндылық жойылмайды. Патша үкіметі ке­зінде де, кейінгі 1917 жылдың ая­ғынан 1919 жылға дейінгі ара­лықта да өмірінің бәрі күреспен өтеді. Уақытша үкіметтің ко­миссары болып бекітілді. Ол ке­зеңде де өмірі тыныш болған жоқ. «Менің мақсатыммен, мүддеммен үйлес­пеген соң кадеттен шықтым» деп жазғаны бар. Әлихан қайда жүрсе де, қазақ халқы  үшін қыз­мет атқарды. Мемлекеттік ду­маның жанындағы мұсылман фрак­циясы ұйымдастырған мұ­сылман съезі деген болған. Сонда Әлиханның «Бақытсыз Жамалды» ислам құндылықтары негізінде талдайтын сөздері бар. Мәселен, ол Науан хазіретті Ломоносовқа теңейді. «Ломоносовтың еңбегі қандай болса, Науан хазіреттің еңбегі сондай» деп жазады. Қу­ғындалды, абақтыға жабылды. Бір рет ақтап алғанымен, өмірінің көп уақытын Мәскеуде өткізді. 1925 жылы Голощекин Қазақстанға басшы болып келгеннен кейін оны қара­лап, «қазақ зиялылары  Әлиханнан кеңес алып отырады» деп жазған хаттары да бар. Мұндай дүние өте көп.  Жалпы, ұлт зиялысының жазған еңбектерінің бағасы әлі де жоғары. Оның зерттелуге тиіс тағы бір құнды дүниелері – аудармалары. Ол әлихантануда ескеріліп жүретін сала болуы тиіс.  Толстой, Чехов және Еуропаның бірқатар  ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударған адам.

– Қарағандының Октябрь ауда­нына Әлихан Бөкейхан есімі бе­ріледі деген ақпарат шығып еді. Өкінішке қарай, аудан аты берілген жоқ. Неге?

– Әлихан Бөкейханның 145-150 жылдығында Қарағанды өңірінде болдық. Сол жылдары облысты басқарған әкімдердің бәрі де уәде беретін. Облыстың қазіргі әкімі Жеңіс Қасымбек мырзаның берген сұхбаттарында «бұл мәселе күн тәрті­бінде тұрғаны» айтылады. Уақыт келе шешілетін шығар деген үміттеміз. Ауданға, көшеге не мектепке есімін бергеннен көп нәрсе шешіле қоймайды. Оның ар жағында оның мазмұнын толтыру деген үлкен мақсат тұр. Жалпы, Әлиханның есімін Қазақстандағы беделді жоғары оқу орнына бере­тіндей уақыт әлдеқашан жетті. Бұл тәуелсіздіктің талабы деп ойлай­мын. Оның да шешімі бола жатыр. Мұны да уақыт көрсетеді.

– Биыл – Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы. Алаш көсемінің 150 жылдығын атап өту үшін әлихан­тану­шылардың елден қаржы жи­нағанын жақсы білеміз. 155 жыл­дық қалай аталып өтпек?

– Үлкен мәдени деңгейдегі іс-шараны атап өту нақтыланды. Ол: Жамбыл Жабаевтың 175 жылды­ғы, Әлихан Бөкейханның 155 жыл­дығы мен Қажымұқан Мұ­ңайт­пасовтың 150  жылдығы.  Алаш­танушылар Әлиханның мерей­тойы атап өтілу керек екені айтылған кезде көңіліміз тоғайып қалды. Ірі қалаларда тұлғаның мерейтойына қатысты ғылыми конференциялар басталды.  Одан бөлек, театрларда ол туралы спек­такльдер қойылатын болар. Ал 150 жылдығында қаржы жинағаны туралы естімеппін. Ол қандай қар­жы екенін де айта алмаймын. Жалпы, қайраткердің 150 жылды­ғы бастамашы топтың ұйымдас­тыруымен атап өтілді. Сол кездегі Қарағанды облысының әкімінің қолдауымен 15 томдығы жарық көрген. Ол еңбек Қазақстан ғана емес, шетелдік кітапханаларға да таратылғаны – қуанышты жа­ңалық.

1991-1992 жылдары Ұлттық қауіп­сіздік комитетінен рұқсат алып, Сұлтан Хан Аққұлұлы екеуміз бі­раз жұмыс істедік. Алаш зиялы­ларының бір-біріне жазысқан хаттары тіркелген. Соны көшіріп, ғылыми айналымға енгіздік. Со­ның ішінде бір хат менің көзіме оттай басылды. Бір жапырақ қағазға әдемі төте жазумен жазыл­ған. Әлиханның Дінше Әділовке жазған хаты екен. Ол 1923 жылы жа­зылған. Мырзағали Есполұлы де­ген азамат арқылы хатты жол­даған. Хатта: «Бауырым Дінше! Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. «Шолпанға», «Темірқазыққа» неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар жазбаса, кім жазады? Не бала­ларға сабақ беріп, не жорналға, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой. Сүйдім. Әлихан» делінген. Осыны оқып, қайран қалғанбыз. Бір парақ қағаздың төрттен бір бөлігіндей ғана. 1923 жылы ол қызметте жоқ. «Темір­қазық» дегені – Мәскеуде шыға­тын журнал. «Шолпан» – Ташкентте шы­ға­тын журнал. 1925 жылы Әміренің Парижге баратын сапары туралы жазылған хаты бар. Мұның бәрі Мәскеуде отырып жазылған хаттары. Оның бәрін НКВД қолға түсіріп отырған. 

Дінше Әділов – кейін қазақтың мемлекеттік теа­тры­ның дирек­торы болған азамат. Жалпы алған­да, Әлиханның қазақ­қа істеген қызметі орасан зор. Оның айтқан әрбір сөзі ерекше. Маған соның ішінде бір сөзі айрық­ша ұнайтын. Оны тіпті дәп­теріме де жазып қойғанмын. «Жылап мұратқа же­тем деу – аш түйенің күйсеуі сияқ­ты дәрмен­сіздік». Осы сөз менің ойымда қалыпты. Тағы бір әдемі сөзі бар: «Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәй­гесін ала алмайды». Әлиханның аманаты осындай сөздерінде, ойларында тұнып тұр деп есеп­теймін.

Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС

aikyn.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...