Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының Семей филиалы...
Мерейдің мемлекетке бергені көп...
Шағын мақаламызды бастайық дегенде санамызда таудай тақырып тұрды. Осы тақылеттес әңгімені бұдан алпыс жыл бұрын АҚШ-тың әйгілі президенті Джон Кеннеди айтса керек. «АҚШ-қа не алам деп емес, не берем деп келіңдер» деп. Әңгіме Мерей Сламұлы жайлы. Мемлекетті саяси құлшынысы мығым, өз хақын бір мақсатқа біріктіре алатын қайратты азаматтары мол ұйысқыш ұлт қана құрады. Ал сол мемлекетті нығайтатын оның талантты кәсіпкерлері. Халыққа игілік, ырыс әкелетін, жанбағыс жұмыс әперетін ол жеке іскер адамдар.
ТЕК ЖӘНЕ ТАЛАНТ
Мерей туралы бүгінгі әңгімені оның түп-тегінен тартып сөйлеуге тура келеді. Бұдан 60 жыл бұрын Джон Кеннеди жоғарыдағы сөзді айтқан шақта Мерей Тәңір тауының «Еренқабырға» деп аталатын сілемінде – тау қойнауында туған. Ол заманда Қытайда да таптық күрес жүріліп, тап жойылған кез. Солайда қоғамда екі тап болатын. Бірі жұмысшы-диқан деп аталатын да, енді бірі кадр деп аталатын.
Кадр деген ұғымды қазіргі бізше айтқанда зиялы, басқарушы, ұйымдастырушы топтың өкілі – мемлекет өкілі деп түсінген жөн. Әкесі кадр болды.Анасы Нұрбәти де ұстаз еді. Солай бола тұра, олар бұрын жойылған бай таптың тұқымына жататын. Мерей отбасында үшінші бала.
1970 жылдары болса керек, кадрлардың біліктілігін жетілдіруге, мемлекеттің, компартияның саясатын насихаттауға арналған шаралар, жиналыстар Үрімжіде жиі болып тұратын шақ. Жиналыс көбінде қытай тілінде өтеді. Сондай бір жиналыстан қайтып келген Слам әке сегіз, тоғыз баласының ішінен үшінші сынып оқитын осы Мерейді қытай мектебіне ауыстырады. «Мынау қытайдың тілін білмей, есеміз кетті. Осы балам қытайша оқысыншы» дейді. Өзі қазақы үйде туып-өскен, көп баланың бірі – Мерейге бұл бір бетбұрыс кезең сияқты. Бала Мерей қалың қытай балаларының ортасына түсті. Бірауыз сөз білмейтін, бір иероглиф те жаза алмайтын күйде еді. Бірақ арғы атасынан келе жатқан тектілік, ішкі намыс оны алға сүйреді. Мынау тамұқтан тау басына тартты, жанталасты, намыстанды. Қазір де Мерей көп сөйлемейді. Сөздің емес, істің адамы ғой. Сол заманнан бастап Мерей сөзі аз, ісі көп балаға айналған болса керек. Біраз жылда қытай балаларының алды, үздік сергек оқушыға айналды.
Өзі есінде қалған жиі айтатын бір әңгімесі ақын Омарғазы жайлы болатын. Тарымға кеткен тарлан боздақтардың қайтып, елге оралып жатқан шағы, Кеңес одағындағы «Хрушевтің жылымығы» сияқты сондай бір жылымық заман Қытайда да болған.
70 жылдардың ортасында Мао өлген соң Тарымға айдалған «ұлтшылдар», «сепаратистер», «қарулы қақтығысқа қатысқандар», «тап жаулары» болып кеткендердің ақталғаны ақталып, ақталмағаны жаза мерзімі бітіп, Тарым лагерінен аман қалғандары қайтып оралып жатты. Әйгілі Қажығұмар Шабданның айтуы бойынша Тарымға барғандардың 80 пайызы қырылып қалды да, 20 пайызы қайтып оралды. Тарым шын мәнінде «Барсакелмес» болатын.
Сол Тарымнан оралған азаматтардың бірін Слам әке «Ауылымыздың ақсақалы еді. Руымыздың ұлы туған азаматы еді» деп атқа мінгізіп, үйге алып келеді. Мал сойып күтеді. Сонан соң өзінің қызметі шеңберіндегі колхоздың мүмкіндігімен жайлауға үй тіктіріп, бие байлатып, бағлан сойып, баптап күте бастайды. Сөйтсе, ол кісі әйгілі Омарғазы Айтанұлы екен ғой. Омарғазы Айтанұлы Қажықұмар Шабданның «Қылмыс» романындағы үлкен кейіпкерінің бірі. Басқаша есіммен жүр. Ұлпа шашы бұйраланып тұратын, еңселі, көзі аялы Омарғазы Айтанұлы сол күтімнен есін жиып ел қатарына қосылады. Кейін Омарғазының жұмыстары ілгерілеп, бағы қайта жанып, Үрімжідегі «Шұғыла» деп аталатын жалғыз қазақ журналында редактордың бірі болады.
Бұл бала Мерейдің санасына ерекше әсер еткен құбылыстардың бірі еді. Ағайынын түгендеу, тегінен шыққан зиялы қауымды, ақынын, азаматын ардақтау туралы әкесінің есті ұлына көрсеткен айырықша тәрбиесі болған. Сол кезде әкесі Мерейге ештеңе айта қоймаса керек. Аңдауы кең, саналы ұл әкесінің әрекетін үнсіз бағып, «мұндай да болады екен ғой» деп санасының түкпіріне түйіп қойғаны анық болатын. Бұл өзі болашақтағы Мерейдің меценаттығының ең басындағы, бастауындағы бір белгі еді.
Омарғазының келіп-кеткені Мерей үшін болашақтың есігін ашқандай болды. Себебі кейін Мерей Омарғазының үйінде жатып жоғары сыныптарын Үрімжіден оқыды. Ол ауыл мектептеріне қарағанда анағұрлым терең білім алуға, ілгерілеуге мүмкіндік беретін қадам еді. Ол сонда ақынның шығармашылығын, жазып-сызғанын, күндіз-түні қағаз шимайлап отыратынын көрді.
Омыкең биязы, жаны нәзік, өмірі өң-түсін бұзып, біреуге қарамайтын жайдары жан болатын. Азаматтың келбеттісі, жарқын жүзді, кісі біткеннің шуақтысы болатын. Мерей сол кісіні жақыннан көрді. Бұл да бекзаттық биязылықтың бала Мерейге бұйырған қайталанбас тәрбиесі болатын.
Қытай мектебін, университетін оқып, жұмыс істеп жүрген Мерей қазақ тіліне қанық және әдебиет пен өнерді танитын азамат болып өссе, оған балалық шақтың осынау уақыттары мол мәйек болғанын сеземіз.
Мерейді туған Нұрбәти ана да текті, жігерлі, қайратты адам болған. Ұстаз болған. Өмірін отағасы Сламның қонағын күтіп, дастарқанын жайып, соның мәртебесін, соның жұрт арасындағы бейнесін тіктеумен, ұрпағын тәрбиелеумен өткізген кісі.
Ол заманда қарапайым халықтың біразы ашқұрсақ жүретін. Ұжымдық асханаларға кіре бермейтін. Қонақ үй дегенге тіпті де жатпайтын. Ерсілі-қарсылы бөлмелі қоржын тамы бар кісінің үйіне текеметтің үстіне сырмақ салып, көрпе төсеп, жата кететін шақ. Сондай да Сламның үйіне «сәлем берейік» деп, түскі-кешкі ас уақытында сау етіп кіріп келетін жұрт болады. Ондайда Нұрбәти ананың қазаны асулы, шайы қайнаулы, наны пісірулі, бауырсағы саудырап дастарқанға төгіледі. Бұл да Мерей ұшқан ұяның оған кеңдікті, көпшілдікті, талпынысты және мәрттікті бұйыртатын негіздердің бірі болған.
ҰЯДАН ҰШУ
Мерей Үрімжіден мектеп бітіргенде Ден Сяопин реформасының басталып кеткен кезі ғой. Қытайдың ҰБТ-сы біздегі сияқты емес. Жалпы алты бөліп тапсыратын. Үшеуі жаратылыстану, үшеуі қоғамдық ғылым.
Жаратылыстық пәндер математика, химия, физика болса, гуманитарлық пәндер қытай әдебиеті, тарихы және саясаты болатын. Мерей Үрімжідегі жүз мыңдаған қытай балаларының алдыңғы тобынан көрінді. Сөйтіп, Қытайдағы ең ірі төрт оқу орнының бірі Нанкин университетіне түсті.
Мерей және оның тобы оқу бітіріп Үрімжіге келіп, ғылым мен білімге зәру салалардың барлығына самсап орналаса қалды. Мерей де туған жерінде алғашқы еңбек жолын бастады. Алғашқы марапаттар мен дәрежеге де қол жеткізіп үлгерді. Таза қытайлардың ортасында қытай тілінде, қытайша ұйымдастырумен жұмыс істеді.
Бұлар жұмысқа орналасып жатқанда Қазақстандағы саяси серпіліс биік деңгейге көтеріле бастаған. Жалпы қоғамдық пікір «Желтоқсан оқиғасын» ақтауға, жариялыққа беттеген еді. 1980 жылдардың соңындағы бүкіл Кеңестік жүйенің ыдырай бастаған шағы болған. Бұрыннан қазақы қаны тасып тұратын, өздері қытайша оқыған және қытайдың патриотизм мен ұлт сүйгіштігін, мемлекет құру жолындағы тарихын, талпыныстарын әбден қарап, зерттеген осынау азаматтар соның бәрінен өз ұлтын қалай сүюді үйреніп еді. Олар енді Қазақстанның тәуелсіздігінен үміт күтті. «Осыдан Қазақстан тәуелсіздік алса, шетелде бір күнде қалмаймыз» деген серт бұлардың да жүрегін кернеді. Үрімжідегі көп бөлмелі үй, қорғаған дипломдар, ғылыми атақтар және берілген мансаптар, мүмкіндіктер, бұларды ұстап тұра алмады. Қазақстан Тәуелсіздік алған күннен бастап, бір-бір саланың тұтқасын ұстап тұрған – Мерей Слам, Нұрлан Бибарал, Бақыт Еженхан бастаған жігіттер Қазақстанға оралды.
АЗАТТЫҚ РУХЫ ЖӘНЕ ОҒАН ЕҢБЕК ЕТУ
Бұл – Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылы еді. Шаруашылық шатқаяқтап, жоспарлыдан нарықтық экономикаға ауысудың жолын таппаған қоғамның санасы сан-саққа жүгірген заман болатын. Қазақстандағы оқу орындарымен байланысып, ғылым-біліммен айналысуды көздеп келген осы азаматтар бұл саланың өсіп-өркендеуі жуық арада қажетті нәтиже бере алмайтынын байқады да, енді тез әрі жылдам ұйымдастыратын жұмыстарға беттеді. Біразы ғылым-білім саласымен қалды да, бір тобы нарықтық заманның экономикалық талаптарына сай еркін қызмет етуге беттеді. Осы бағыттар бойынша Мерей ойлы, тартымды табысты азаматтар қатарына тез қосыла бастады.
Келген зиялыларға баспана және мемлекеттің бір реткі көмегі беріліп жатты. Мерей осы үй, көмек беретін көші-қон мекемесіне өтініш-арыз жазбапты. Ешқашан тіркелмепті. Ол жайлы жолдастары берген ақыл-кеңестен бас тартыпты. Бағанағы Джон Кеннедидің сөзі есіне түседі. «Қазақстанға не берем деп кел, не алам деп емес». Мерей тура мағынасында солай істеген жігіт. Бірақ Мерей жұмысты бірінен кейін бірін сәтті ұйымдастырып отырды. Әрбір жұмысының уақыты мен кезеңі аяқталғанда ол саладан жылдам шығып кететін. Белгілі бір жұмысты, бір саланы игеріп, табысты жұмыс істей бастағанда ол салаға кірушілер көбейе бастайды. Мұндайда шын бизнесмен ол саланы көпке тастап жаңа бағытқа өтеді. Мерейдің іскерлігі трансұлттық деңгейде мойындалып, өзінің сенімін, брендін, іскерлік психологиясын толық меңгерген тұлғаға айналуына оншақты жыл кеткен. Тілін, қызметтік тәсілін толық меңгерген көрші Қытайдың инвесторлык ортасына өзінің әбжілдігін, сенімділігін, ұйымдастыру қабілетін дәлелдеп, кәсіпкерлік келбетін танытқан болатын.
Ендігі жұмыс аса ірі трансұлттық ауқымға беттеу еді. Онда да жұрт бата алмайтын, бара алмайтын бағыт тұр. Мерей осы салаға қарай бейімдейді. Қытайдың әлемдік деңгейдегі ірі фармацевтикалық фирмаларының пост кеңестік елдер аймағына жауапты болды. Байқап отырса, қазақстанда фармацевтикалық өндіріс тым кейін қалған екен. Миллиардтаған доллар тек дәрі импорттауға кетеді. Ал Қазақстанның өзіндегі дәрілік шикізат ұшан-теңіз. Жиырма миллионға жуық халқы бар және бұрынғы пост кеңестік ауқымымен санағанда кемінде 100 миллион халықтық нарығы бар Қазақстан аумағында фармацевтикалық өндіріс жоққа тән. Мерей енді осы бағытқа қарай қызмет етуді жоспарлайды. Өйткені Қазақстанда дәрі-дәрмек импорты кәдімгі ысырап еді. Мәселен, тек қатерлі ісікті емдейтін бір ғана таблетка түрін еліміз 32 миллион долларға импорттайды екен. Зерттеп көрсе, оның өзіндік құны 3-4 миллион долларлық қана нәрсе. Әрі салада монополизация да бар еді. Белгілі тұлғалар иелік ететін. Сондықтан халықаралық құқықтық нормалармен қорғалған бірлескен кәсіпорын құру қажет еді. Мерей оған да қолжеткізді. Қытай мен Гонконгтан инвесторлар тарта білді.
Инвесторларды Алматыға, Астанаға, Оңтүстікке, Батысқа апарып, Қазақстанды түгел аралатып көрсетті. Ақыры ірі инвестициялық бағыттағы жұмыс басталды. Ал Мерей бұдан бұрын жинастырған миллиардтаған теңге қаржысын жобаға инвестиция ретінде құйды. Келісілді, фармацевтикалық зауыт ашылатын болды. Ары қарай өндірілетін дәрілердің тізімі жасалды. Нарықтық құны айқындалды.
Енді зауыт салу керек. Қызығы енді басталды. Біздің жобалау институттарымыз бір зауытты салуға 5 жыл уақыт белгілейді екен. Осы жерде инвесторлар шалқасынан түсті. «Біз 50 миллион долларды салып қойып 5 жылды күтіп отырамыз ба? Бұл неғылған жобалау? Бір зауытты бес жыл салған ел, келесі зауытты он жыл сала ма? Бұл неғылған ел» деді. Осы тұста Мерей тағы да жол тапты. Халықаралық кәсіпорын, зауыт бақылауы мемлекетпен шектелмейді. Жобалау институтын халықаралық тәжірибені алуға көндірді. Қытайлардың осындай зауытты салуға арналған жобасы жылға жетпейді екен. Сол жобаны комиссиясымен алдырды. Қазақстанның өзіндегі жобалаушылардың түзетулерін қабылдау туралы шешім қабылдады. Басталды. Алматының іргесіндегі 20 мың шаршы метрлік ірі зауыт бір жылда бой көтерді. Бар болғаны бір жылда фармацевтикалық өнім өндіретін, қораптайтын, шөлмектейтін әлемдік деңгейдегі ірі өндіріс станоктары келіп, іркес-тіркес зауыт аумағын толтыра бастады. Зауыт бір жылда салынып бітіп, өнім өндіруді бастап кетті. 500 адам жұмысқа орналасты. Бұл күнде зауыт 20 шақты түрлі дәрі өндіреді. Оның 70%-ы ТМД елдеріне экспортталады.
ҰЛТТЫ ҚҰТҚАРУ
2020 жылдың наурызында елімізде коронавирус пандемиясы басталды. Пандемияның салдарынан әлемдік ауқымда миллиондаған адам қырылып қалды. Бір АҚШ-тың өзінде миллиондап, Италияда, Иранда, Еуропаның басқа елдерінде, Үндістанда, Бразилияда және мынау ТМД елдерінде жүз мыңдап қырылды. Біздің мемлекетіміз сияқты біраз елдер арасында Қытай да бар, нақты адам санын жариялай қоймаған шығар. Бізде де қайтыс болғандар аз емес-ау.
Барлық шекаралар жабылып, барлық импорттар тоқтады. Дәріні импорттауға ғана дайын біздің елдің жағдайы мүшкіл еді. Денсаулық министрі істі болды. Өлім-жітім шығыны өте көп кезең қалыптасты. Дәл осы кезде Мерейдің фармацевтикалық зауыты осы дәрі-дәрмекке ең қажетті дәрі сұйықтығын өндіретін еді. Оны «медицинаның наны» деп атайтын. Қанға дәрі құятын сұйықтыққа сұраныс үш есе өсті. Ал Мерей болса бір жыл бойы 400 жұмысшысын зауыт аумағынан шығармай, өзі бірге жатып, күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеді. Бұған дейін бір жылда 45 миллион шөлмек сұйықтық өндіретін жоспарын екі жарым есе ұлғайтып, 110 миллион флакон сұйықтық өндірді. Барлық қазақтың тамырында Мерей өндірген мөлдір тамшылар тамып тұрды. Өкпесінің қабынуын басып, деміккен жағдайын оңалтуға сол мөлдір тамшылар құтқарушының сәлемдемесіндей әсер етті. Ең кереметі осынау үрейлі шақта Мерей бастапқы бағаны жыл бойы айнытпай ұстап тұрды. Егер осы сұйықтықтар Қазақстанның өзін қамтамасыз ете алмағанда, қанға арнайы дәрі құюдың өзі мұңға айналар ма еді, кім білсін?!
Мерей сол күндерде, бүкіл Қазақстанның сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, Ресейдің оңтүстігіндегі облыстар мен өзбек, қырғыз, тәжік мемлекеттерінің де қажеттілігін өтеп тұрды.
Кейде бір ғана азамат ұлтты құтқаруға қызмет етеді екен ғой. Осы сөзді мен ақындық шабытпен Мерейдің өзіне айтқанымда желкесін сипап, «Мен шынымен де сондай жұмыс істедім бе?», – деп толқып, тебіреніп тұрғаны бар.
МЕРЕЙДІҢ МЕЦЕНАТТЫҒЫ
Мерей ес біле бастағанда әкесі Тарымнан қайтып келген Омарғазыны ауылына алып келіп, жаздай жайлауда бие байлап, бағлан сойдырып күткенін айттық қой. Бұл тура мағынасында Слам жасаған меценаттық еді. Тура мағынасында қазақтың ұлы зиялысын, ұлы ақынын қатарға қосып, сергіту, психологиялық дағдарыстан босату еді. Осыны көрген Мерей қолына ырыс қонып, арқасын кеңге салған шағында ағайын-туыс, аға-бауырға көмегін аяған жоқ. Әкесіне ұқсап ақын-жазушы, әдебиет, мәдениет саласының, ұлттың руханият саласының қай-қайсына болсын көмегін іріккен емес. Қабдеш Жұмаділге арналған шараларда алқалаған жігіттердің алдында жүрді. Оның досы қазақтың қайталанбас тарихшыларының бірі Бақыт Еженхан Бейжіңдегі манжу тіліндегі архивтерді оқып, ондағы қазақ тарихының ХVIII ғасырға тиесілі құжаттарын тауып, оны түпнұсқадан қазақ тіліне аударып, қазақ тарихының айналымына үлкен өзен бұрғандай болып еді. Осы Бақыт Еженхан досының жұмысына да Мерей үлкен көңілмен келді. Оның демеушілігімен жарық көрген Б.Еженханұлының «Қожаберген батыр» деп аталатын еңбегі қытай архивтеріндегі жүзге жуық құжатты зерттеп зерделеудің нәтижесі. Ғалым қытай архивіндегі XVIII ғасырдан сақталған Абылай хан, Қабанбай, Қожаберген батыр, Көкжал Барақ, Әбілпейіз, Болат хан, Ақтайлақ би қатарлы тұлғалар туралы тарихи деректерді том-том етіп шығарғанда Мерей соның қасында жүрді. Омарғазы ағасы сияқты өзінің арғы бабасы Қожабергенге ерекше назары ауды. Қарап тұрса, Қожаберген бүкіл Қытай империясымен барынша дипломатиялық қатынаста болып, Көкжал Барақпен тізе қосып, 3000-дай атты әскер ұстап (ол кездегі 3000 атты әскер дегеніміз дивизияға тең күш-қуат еді), Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін, қазақтың шекарасын бекітуге Абылай ханның саясатын шығыста орнықтыруға Қабанбаймен қатар ерекше үлес қосқан кісі екен. Бүкіл деректер соны көрсетеді. Осыған ерекше назар аударып, ол туралы деректерді том етіп шығарып, Қожабергеннің мемлекетшілдік, ұлтшылдық мінезін, мемлекет территориясын тұтастау жолындағы қызметін дәріптеуге күш салды.
Бұл өзі үлкен тақырыптағы әңгіме. Шын мәнінде біздің XVIII ғасырдағы ақтаңдақтардың бірі. Бұл да Мерейдің мемлекетке, мемлекетшілдікке жасаған мерейлі қызметтерінің бірі. Ел тарихына, мемлекеттің мәдениетіне қосқан үлестерінің бірі.
Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ,
aikyn.kz
ақын